Өңірлік кәсіпкер Алла үйі қызметкерлеріне зекет үлестірді 3200

Өңірлік кәсіпкер Алла үйі қызметкерлеріне зекет үлестірді

08 ақпан 2024 1306 Оқу 1 минут

Дініміз Исламдағы аса мән беретін құндылықтардың бірі- қоғамға пайдалы болу. Әрі мұсылман бауырыңның қажетінде болып, бауырмалдықты насихаттау.

ҚМДБ-ның «Зекет және қайырымдылық» қорының жылдық жоспарына сәйкес мұқтаж отбасыларға көмек берумен қатар дін қыметкерлеріне де көңіл бөліп, бір реттік жәрдемақы, қайырымдылық жасау ісі де жоспарға қойылған болатын.

Осыған орай, осындай мұсылмандық негізгі міндеті мен өзінде барды өзгелермен бөлісетін қазақилық болмысын сақтаған өңірлік кәсіпкер апайымыз мешіт қызметкерлеріне қолдау ретінде зекет берді.

Өзінің бұл игі ісі көпке үлгі болсын деген мақсатпен әрі халықтың руханиятын көтеріп, ел үшін аянбай қызмет атқарып жүрген азаматтарға жылы лебізім деп, 20 қызметкерге жалпы соммасы 2 млн теңгені құрайтын қаржылай көмекті табыс етті. «Жақсылық қылсаң бүтін қыл» деген ниетпен өз аты-жөнін атамауды өтінген жомарт апайымыз мешіттің бас имамы Нұрлыбек Шакизадаұлына алғысын білдіріп, атқарып жатқан істеріне береке тіледі.

Жалпы, зекет берудің маңызы туралы «Бақара» сүресінің 261 аятында Алла тағала: «Алла жолында малдарын жұмсағандардың мысалы, әр сабағында жүз дән бар жеті сабақ өсірген бір дән секілді, Алла қалағанын еселеп береді», - делінген. Яғни, Алла жолында байлығын ізгі істерге жұмсаушылар мал-дүниесінің берекетін көріп, екі дүниеде есепсіз сауапқа қауышатындығын білгеніміз жөн.

Қолы ашық, жаны жомарт апайымыздың отбасына амандық, деніне саулық, кәсібіне береке тілейміз! Алла тағала сансыз сауаптар нәсіп еткей!