Оның мінезі Құран еді... 1052

Оның мінезі Құран еді...

02 қараша 2021 397 Оқу 1 минут

 Алланың қалауымен қасиетті Мәуліт айына да келіп жеттік. Бұл – соңғы елші, екі дүние сардары, барша пайғамбарлардың мөрі Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбардың дүниеге келген айы. Адам баласына тән ортақ құндылықтар бір бойынан табыла білген бірден-бір тұлға – ғаламға рақым нұрын шаша келген ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа болды.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім», – деп өзінің ұлық мұратын паш етеді. Ол – адамдардың арасындағы ең сабырлы, ең кішіпейіл, ең мейірімді, ең жомарт, ең батыр, ең кешірімді, ең байсалды, ең жұмсақ, ең әділ, ең шыншыл, ең ұялшақ адам болды. Алланың сөзі Құранның адам бойынан көрініс табуы, Құранмен сусындағанның, оған амал жасағанның шынайы келбеті, үлгісі – Мұхаммед Пайғамбар еді.

Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбар өте жұмсақ, жомарт және табиғаты асыл адам болды. Ол бейтаныс адамдарға жылы шырай танытып, олардан көмегін аямады. Қарым-қатынаста дөрекілік көрсетпеді, ұят әрекеттер жасамады. Адамды көпшілік алдында масқаралап, күнәсін бетіне баспады. Егер адамдар одан көмек сұраса, олардың өтінішін жауапсыз қалдырмайды. Өтінішін орындау мүмкін болмаса, оларға жылы сөзбен жауап беретін. Пайғамбарымыз сахабаларының есінде осындай ізгі қасиеттерімен қалды.

Алла Тағала Пайғамбарымызды «Ұлы мінез иесі» («Қалам» сүресі, 4-аят) деп атады. Тағы бір аятта: «Сендерге – Аллаға және Ақырет күніне үміт ететіндер әрі Алланы көп еске алғандарға – Алла елшісінде көркем өнеге бар» («Ахзаб» сүресі, 21-аят), – деп айтылады. Алла Тағаланың разылығын қалаған, кешірімін тілеп, шүкіршілік білдіретін, Қиямет күні Одан пана сұрайтын әрбір адам үшін Пайғамбардың өмірі, әрбір сөзі мен іс-әрекеті – нағыз үлгі.

Құранның әмірлері мұсылмандар үшін жеке-жеке нұсқаулар болса, Алла елшісінің бүкіл өмірі – осы нұсқаулардың жинақталған соңғы нұсқасы. Оның сөздері ешқашан ісінеқайшы келмеді және сахабаларына айтқан әрбір сөзін кемел түрде орындады. Мейірімділік пен жұмсақтық танытуды бұйыра отырып, ол өзі де адамдарды кешірудің, олар жайлы жақсы ойлаудың жарқын үлгісін көрсетті. Ашудан тыйып, өзі бірінші болып ашудан және ұрыс-керістен аулақ болды. Кез-келген мінезі жайлы осылай айтуға болады. Сондықтан Алла елшісіне ұқсағымыз келсе, оның өмір тарихын оқып, сүннетін басшылыққа алуымыз керек.

Әдетте адам өзі қадірлеген және құрмет еткен тұлғаның әрбір сөзі мен іс-әрекетін қалт жібермей үлгі тұтары заңдылық. Өйткені тұлғаны тұлға етіп қалыптастыратын нәрсе – оның елден ерекше парасатты сөзі, ұшқыр ойы мен өткір ақылы һәм ықылас пен шынайылыққа толы ыстық жүрегі. Ендешеардақты Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген сүйіспеншіліктің белгісі – оның сүннетін өмірлік ұстаным ету. Әрбір сөзін және мінез-құлқын бойға сіңіру арқылы сүннет өмірлік салтқа айналады.

Зайд ибн Сабиттен (р.а) жеткен мына бір хадисте Алла елшісі: «Сендерге бір (құнды) дүние қалдырып барамын. Егер оған берік болсаңдар, еш уақытта адаспайсыңдар. Ол – Алланың Кітабы және менің сүннетім», – деп айтқан.

Сүннет – аспандағы жұлдыз іспетті. Ол әрбір адамға бағыт-бағдар береді. Адасқан, жол іздеген адам сол Пайғамбар салып кеткен аспандағы жарық жұлдыз бейнесіндегі сүннет арқылы жол табады. Абдулла бин Масғұдтан (р.а): «Адам өзінің қандай екенін біреуден емес, Құраннан сұрасын. Егер Құранды жақсы көрсе, демек ол Алла Тағаланы және Пайғамбардыжақсы көреді», – деген риуаят жеткен. Суфиян Саури (р.а): «Пайғамбарды жақсы көру – оның жолымен (сүннетімен) жүру», – деген екен.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ислам дінін барша әлемге паш етіп, ақиқатты жайып қана қоймай, адамгершілік құндылықтарды биік шыңға көтерді. Үмбетіне үлгі болу үшін Алла Тағаладан көркем мінез беруді сұрап, жаман мінездің зиянынан қорғауды тіледі: «Иә, құдіреті күшті Алла Тағала! Мені игі істерге және көркем мінезге жетеле!Сен ғана жақсы істерге және көркем мінезге тікелей жол көрсете аласың. Жаман істерден және жаман мінезден қорғай гөр! Тек Сен жаман істрден және жаман мінезден қорғай аласың» (Нәсаи, Ифтитах, 16).

Ендеше Пайғамбарымыздың кейбір керемет адамгершілік қасиеттерін тізбектей отырып, оны жақсы білуге тырысайық.

Шыншылдық. Ол отыз бес жасында ерекше шыншылдығы мен сенімділігі үшін Мұхаммед-Әмин деген лақап атқа ие болды. Мекке мүшріктері оны «сиқыршы, ақын, ата-баба дінінен адасқан» десе де, ешқашан оны «өтірікші» деп атаған емес. Тіпті Әбу Жәхилдің өзі: «Біз сені өтірікші деп санамаймыз, тек сенің айтып жүрген нәрсеңді жалған деп санаймыз», –деген болатын. Бұл туралы Алла Тағала Құранда былай деп жауап береді: «Расында білеміз, күдіксіз олардың айтқандары сені кейітеді. Олар сені өтірікке санап отырған жоқ. Бірақ залымдар Алланың аяттарына қарсы келеді» («Әнғам» сүресі, 33-аят).

Сол кездері адасушылар сапында болған Әбу Суфиян Рим императоры Гераклге Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сипаттай келе: «Оның жалған сөйлегенін ешқашан естіген емеспіз!» – деп мойындайды. Сонда Геракл: «Осы уақытқа дейін адамдарға жалған сөйлеуден бойын аулақ ұстаған жанның енді келіп Жаратушы Иеге жалған сөйлеуі мүмкін емес!» – деп Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шыншылдығын мойындағанын білдіреді.

Мейірімділік. Құранның «Әнбия» сүресінің 107-аятында Алла Тағала «Біз сені бүкіл әлемге рахмет етіп қана жібердік» деу арқылы Пайғамбардың бұл ғаламға жіберілуіндегі негзігі міндеттерінің бірін аңғартып отыр. Алла елшісі: «Мейірімділік танытқанды Алла да мейіріміне бөлейді. Жер бетіндегілерге мейірімділік танытыңдар, сонда көктегі сендерге мейірімділік көрсетеді» (Термизи, Бирр, 16) деп мейірімділікті ту еткен.

Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызы Зәйнәбтың баласының өлуге айналғанын көріп жылайды. Адамдар неге жылағанын сұрағанда: «Бұл – мейірім. Алла оны қалаған пендесінің жүрегіне салады. Сондай-ақ Алла мейірімді пенделеріне ғана мейірім көрсетеді», – деп айтқан (Бұхари).

Жомарттық. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Мен жай ғана таратушымын, беруші – Алла» деп жиі айтатын. Жәбир ибн Абдуллаһ: «Алла елшісінен әлдене сұралса, ешқашан «жоқ» демейтін», – деген (Бұхари). Ал Айша анамыз (р.а): «Алла елшісі ешқашан үш күн қатарынан тоя тамақтанбаған. Қаласа, тойып алуына болатын еді. Алайда ол өзі аш қалса да, мұқтаждарды тамақтандыратын», – деп айтқан болатын (Тирмизи, Зухд 38).

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына жәрдем ретінде мал-дүние ұсынғысы келгенде, олардың жанын жаралап алмауға тырысатын. Бір сапардан қайтып келе жатқанда Алла елшісі Жәбир ибн Абдуллаһтан отбасына құр қол бармасын деген ниетпен, әбден шаршап арыған түйесін сатып алады да, оның қолына түйенің құнын ұстатады. Бұл сахаба үйленген, қолына қарап отырған қарындастары бар кедей жігіт болатын. Мәдинаға жеткен соң Жәбир түйені Алла елшісіне бермек болғанда, ол кісі түйені де, ақшаны да алудан бас тартады. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл ісі Жәбир өзін қайыр-садақа алып жатқандай сезінбесін деген ниеттен туған еді (Бұхари).

Қарапайымдылық. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзімшілдіктен алыс еді, төрге шықпайтын, мәжілісте қай жерден орын тисе, сол жерге отыратын, адамдардан ерекшеленуді қаламайтын, сырттан келген адам оны қатардағы адамдардың бірі деп ойлап қалатын.

Айша (р.а) анамыз Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үй ішінде қарапайымдылық танытатынын, өз киімін өзі жамап, қойын өзі сауып, үйдегі жұмыстарға көмектестінін, базарға барып келетінін және өз жүгін ешкімге де көтертпей, өзі таситынын айтқан.

Омардың (р.а) риуаяты бойынша, Пайғамбарымыз бойындағы қарапайымдылығының себебінен мына бір ұлағатты сөзді айтқан болатын: «Христиандар, Мариямұлы Исаны (ғ.с.) асыра дәріптегеніндей, (кұдай дәрежесінде) мені жақсы көруде шектен шығушы болмаңдар! Мені Алланың құлы және елшісі десеңіздер де жеткілікті».

Сабырлылық және кешірімділік. Құранда Алла Тағала: «Алланың рақымдылығымен сен оларға жұмсақтық таныттың. Егер қатал жүректі болғаныңда, олар маңайыңнан тарап кетер еді. Сондықтан оларды кешірім етіп, олар үшін жарылқау тіле де іс жөнінде олармен кеңес қыл...» («Әли Имран» сүресі, 159-аят) деу арқылы Алла елшісінің жұмсақтығын, көркем мінезін танытуда.

Ұзақ жылдар оның қызметінде болған Әнәс ибн Мәлик (р.а) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кеңпейілдігін келесідей сипаттаған: «Мен Алла елшісінің жұмсақтығына тең келетіндей жұмсақ нәрсе көрген емеспін және Алла елшісінің бойынан шыққан жұпар иістей иісті еш жерде кездестірген емеспін. Мен Алла елшісіне он жыл қызмет еттім, сонда мен бір нәрсе істесем: «Мұны неге істедің?» деп те айтып көрген емес және де егер мен бір нәрсе істемесем: «Сен бұны неге істемедің?» деп те айтқан емес» (Бұхари, Мүслім).

Бұл айтылғандар ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тән көптеген игі қасиеттердің бірнешеуі ғана. Пайғамбарға лайық үмбет болғымыз келсе, Пайғамбардың мінезін өзімізге үлгі етейік! Шынайы көркем мінезге ие болғымыз келсе, Қиямет күні амал дәптеріміз оң жағымыздан берілуін қаласақ, осы қасиеттерді басшылыққа алып, өз бойымызда табылудың амалын жасайық! Себебі «Қиямет күні таразы басында мүмін пенденің көркем мінезінен асқан ауыр нәрсе болмайды» (Термизи).


Әділет РАХЫМҰЛЫ,

ҚМДБ Жастар ісі секторының меңгерушісі

«Мұнара» газеті, №20, 2021 жыл