ИМАМ АҒЗАМ ӘБУ ХАНИФАНЫҢ ӨМІРІ МЕН ӨНЕГЕЛІ ӨСИЕТТЕРІ 2727

ИМАМ АҒЗАМ ӘБУ ХАНИФАНЫҢ ӨМІРІ МЕН ӨНЕГЕЛІ ӨСИЕТТЕРІ

28 мамыр 2023 225 Оқу 1 минут

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын! 

Тұран даласына асыл дініміз Ислам келгеннен бастап, қазақ халқы Ханафи мәзһабын ұстанып келеді. Ханафи мәзһабының негізін қалаушы Имам Ағзам һижраның 80 жылында (миләди 699 ж.) Ирактың Куфа қаласында дүниеге келіп, 150 жылы (миләди 767 ж.) Бағдат қаласында көз жұмған. Толық аты-жөні – Нұғман ибн Сәбит, ұлты парсы. Өз ғасырының ірі ғалымы болғандықтан оны – «имам Ағзам» (ең үлкен имам) деп атаған.

Имам Әбу Ханифаның әкесі Сәбит туралы деректер аз сақталған. Ол бала күнінде өзінің әкесі, яғни имам Әбу Ханифаның атасымен бірге мұсылмандар әміршісі, әрі діни ұстазы хазіреті Әли ибн Әбу Талибпен (Алла оған разы болсын) кездесу бақытына ие болады. Сонда мұсылмандар әміршісі Сәбитке және оның ұрпақтарына аса жоғары Алла Тағаладан береке тілеп, дұға жасаған болатын.

Ғалымның Әбу Ханифа деп аталу себебіне бірнеше деректер келтіріледі.
Әбу Ханифа – «Ханиф» ислам дініне шынайы беріліп, соның жолымен жүрген, яғни «Діннің әкесі» деген мағынаны білдіреді. Сонымен қатар «ханиф» сөзі парсыларда сол кезде сия сауыттың аты болған екен. Имам Ағзам сол кезде сия сауытын жанынан бір елі тастамайтын еді. Кейбір деректерде имам Әбу Ханифаның «Ханифа» атты қызы болған. Соның құрметіне Ханифаның әкесі делінген мағынада «Әбу Ханифа» деп аталғандығы айтылады.

Имам Ағзам Әбу Ханифаның өзін ілімге арнауы, өмірін ілім үйренумен және оны басқаларға үйретіп, шәкірт тәрбиелеумен өткізуі, осы жолдағы шынайы ниеті мен қажырлы еңбегі ол кісінің Ислам тарихында есімі алтын әріптермен жазылуына себеп болды. Имам Шафиғи (Алла оны рақымына алсын) Әбу Ханифа жайында «Адамдар фиқһ ғылымында Әбу Ханифаға қарыздар. Кімде-кім Әбу Ханифаның кітаптарын оқымаса, ғылымға бойламағаны және фиқһ ғалымы болмағаны», – дейді.

Имам Ағзамның фиқһқа қатысты көзқарастары шәкірттерінің жинақтаған фиқһи кітаптарының ішінде келтірілген. Ал сенімге қатысты көзқарастары мынадай Фиқһу әл-әкбар,  Фиқһу әл-әбсат, Әл-алим уәл-мутааллим, әл-Уәсия сияқты бөлек кітап ретінде бізге жеткен.

Имам Әбу Ханифадан (Алла оны рақымына алсын) біздер үшін дүние және ақыретімізге пайдасы мол көптеген өсиеттер жеткен. Бүгінгі уағызымызда сол өсиеттердің кейбіріне тоқталып өтеміз.

 

Бірінші өсиет: «Тақуалықтан ешқашан айрылма. Уәдеңе берік бол!» (Юсуф ибн Халид әл-Басриға айтқан өсиеті).

Тақуалық сөзі «уиқая» түбірінен шығып, сақтану, қорғану деген мағыналарды білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы – Алладан шынайы қорқу, күнәлі істерден сақтану, ұятты істен алыс болу, Алла Тағалаға бойсұнып, өзіне және өзгеге жақсылық жасау сынды мағыналарды білдіреді. Тақуалық – мұсылманның бойында болуы керекті болған маңызды сипаттардың бірі болғандықтан қасиеті Құранда, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде және ғұламалардың өсиеттерінде өте көп айтылған. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресінің 102-аятында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ حَقَّ تُقَاتِهِ وَلا تَمُوتُنَّ إِلا وَأَنْتُمْ مُسْلِمُونَ

«Уа, иман келтірген пенделер! Алла Тағаладан шынайы түрде қорқыңдар және мұсылман болған күйде жан тапсырыңдар», – деп бұйырған.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

اِتَّقِ اللَّهَ حَيْثُمَا كُنْتَ وأَتْبِعِ السَّيِّئَةَ الْحسنةَ تَمْحُهَا، وخَالقِ النَّاسَ بخُلُقٍ حَسَنٍ

«Қай жерде болсаң да, Алладан қорық. Жамандық істеген болсаң, лезде оны жоятын жақсылық істе. Адамдармен көркем мінез-құлықпен қарым-қатынас жаса», – деген (имам Термизи).  

Хазіреті Убәй ибн Кағб (Алла оны рақымына алсын) тақуалықтың мән-мағынасын: «Тақуалық – тікенді жерде абайлап жүргенің секілді», – деп сипаттайды. Себебі, тікенді жермен жүрген адам әр қадамын байқап басатыны секілді, тақуа адам әрбір сөзінде, ісінде күнәлі істерден сақтанып, абайлап жүреді.

Табиғин Мәлік ибн Динар (Алла оны рақымына алсын): «Өз бойынан тақуалықты байқап, үкілі үмітті сезінген адам шүбәсіз ақиқатқа жармасады. Тақуалықтың белгісі – Алла тыйған істерден жиіркене қашу. Үміттің белгісі – Алла бұйырған істерді сүйсіне жасау», – деген екен (Әбу Ләйс Самарқанди).

Имамның жоғарыдағы өсиетінде тақуалықтан кейін уәдеде берік болуды өсиет етуі тегін емес. Себебі, уәдеге беріктік, ол тақуалықтың жемістері. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 76-аятында:

بَلَى مَنْ أَوْفَى بِعَهْدِهِ وَاتَّقَى فَإِنَّ اللّهَ يُحِبُّ الْمُتَّقِينَ

«Жоқ, олай емес! Кім өз уәдесін орындаса және тақуалық жасаса, расында Алла тақуаларды жақсы көреді», – деп уәдені орындауды тақуалықпен байланыстырған.

 

Қисса

Имам Әбу Ханифа сөзіне ісі сай өте тақуа жан еді. Ол Куфаның орталық мешітінде жұма күндері уағыз айтатын. Бір күні жұмадан соң оған бір құл келіп: «Ұстаз, сізге өтініш. Құлды азат етудің артықшылығы мен сауабы туралы да уағыз айтыңызшы. Мүмкін қожайынымның көңілі жібіп, мені азат етер», – дейді. Әбу Ханифа: «Жарайды, сен айтқаныңдай болсын», – деп шығарып салады. (Ол кез құлдық заманы болатын). Келесі жұма да келіп жетеді. Бірақ, Имам Ағзам уағызын басқа тақырыпқа арнайды. Тағы бір жұма өтеді. Құлдың өтініші тағы орындалмай қалады. Үшінші жұмада Әбу Ханифа құлды азат ету және оның мән-маңызы мен артықшылығы туралы тартымды да әсерлі уағыз айтады.

Жұмадан соң әлгі құлдың қожасы келіп: «Ұстаз, куә болыңыз. Алла разылығы үшін құлымды азат еттім», – дейді. Әбу Ханифа: «Алла сізге разы болып, істеген ізгі амалыңызды сауаптан жазғай», – деп батасын береді.

Бостандық алған құл Имам Ағзамға рахметін айта келе: «Ұстаз, бір сұрағым бар. Екі апта бұрын айтқан өтінішімді неге бүгін орындадыңыз?» – деп сұрайды. Сонда имам Әбу Ханифа: «Ол күні құл азат етуге жететін ақшам жоқ еді. Сол үшін екі апта бойы ақшамды жинадым. Базардан құл сатып алып, оны азат еттім. Содан рухани жеңілдік пен әлдеқандай рахатты сезіндім. Бұл істі өзім істемей тұрып басқаға бұйырғанымда, оның ешқандай әсері болмас еді, қожаң да саған азаттық бермес еді», – деген екен.

 

Екінші өсиет: «Көп күлуден аулақ бол! Себебі, ол жүректі өлтіреді. Әрдайым байсалды, салмақты кейпіңнен айрылма!» (Әбу Юсуфқа айтқан өсиетінен).

Мұсылманның өзгелерге жылы шырай танытуы, жымиып күлуі – садақа деп танылатын сауапты іс. Алайда адам баласы орынсыз бос күлкіге салынудан аса сақ болуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

وَلاَ تُكْثِرِ الضَّحِكَ ، فَإِنَّ كَثْرَةَ الضَّحِكِ تُمِيتُ الْقَلْبَ

«Көп күлкіге салынбаңдар, өйткені расында көп күлу жүректі өлтіреді», – деген (имам Ахмад).

Ата-бабаларымыз да даналық сөздерінде біздерді көп күлкіге салынудан тыйған. Мысалы қазақ халқында: «Малсызға малға балап ұйқы берер, арсызға арға балап күлкі берер», «Дарақының күлкісі қанбас, жалқаудың ұйқысы қанбас», «Орынсыз күлкі – ұрыс шақырар», «Артық байлық адамды аздырады, артық күлкі жиреніш қоздырады» делінген нақыл сөздер көп айтылған.

Хакім Абай өзінің төртінші қара сөзінде: «Әрбір байқаған адам білсе керек; күлкі өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғафил көп өтетұғынын да, әрбір мастың сөйлеген кезінде бас ауыртатұғынын. Бұлай болғанда, күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек. Өлмеген кісінің не дүниеде, не ахиретте басы бір ауырмай қалса керек. Әрбір уайым қайғы ойлағыш кісі не дүние...», – дейді.

Ақын Мұқағали Мақатаев:

Ақылына айырбаста күлкіңді,

Қайтесің сол күлкі деген шіркінді?!

Бейқам күліп өспеген соң өз басым,

Бос күлкіні ұнатпаймын біртүрлі, – деп тағылымды өлең жазған.

Сахаба Сағд ибн Әбу Уаққас (Алла оған разы болсын): «Әзіліңді қысқарт. Оның көп болуы абыройыңды кетіреді және ақымақтар саған батылдана бастайды», – деген екен. Сондықтан әрбір мұсылман пәни тіршілігінде орынсыз күлкіден сақтанып, әдепсіз қылықтарымен емес, көркем мінез-құлығымен адамдарды өзіне тарта білгені жөн.

 

Үшінші өсиет: «Ғылымның берекетінен құр алақан қалмау үшін  ғалымдарды қатты құрметте!» (Юсуф ибн Халид әл-Басриға айтқан өсиетінен).

Білім алатын адам білім беруші ұстазды сыйлай білуі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мужәдәлә» сүресі,11-аятында:

يَرْفَعِ اللَّهُ الَّذِينَ آَمَنُوا مِنْكُمْ وَالَّذِينَ أُوتُوا الْعِلْمَ دَرَجَاتٍ وَاللَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرٌ

«Алла Тағала сендерден иман келтіргендер мен ілім берілгендердің дәрежесін жоғарылатады. Алла істеген істеріңнен толық хабардар», – деп айтқан.

Ұстазды құрметтеу – сол ұстаздың себебімен біздерге білім дарытқан Алла Тағалаға деген шүкірліктің көрінісі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

 مَنْ لا يَشْكُرُ النَّاسَ لا يَشْكُرُ اللَّهَ

«Адамдарға рахмет айтпаған Аллаға да шүкірлік етпеген болады», – деген (имам Әбу Дәуд).

Имам Әбу Ханифаның өзі (Алла оны рақымына алсын) ұстазына деген құрметін былай жеткізген: «Арамызда жеті көше болғанына қарамастан, ұстазым Хаммадтың үй жағына әдепсіздік болмасын деп ешқашан аяғымды созып жатып көрген емеспін. Қанша жылдан бері әр намаздарымнан кейін ата-анаммен қоса ұстазымды да қайырлы дұғама қосып келемін».

Ұстазды құрметтеуге – оның алдында кішіпейілдік таныту, жүргенде алдына түспеу, есік ашып бірінші кіргізу, жөнсіз сұрақтармен мазаламау, бірінші болып сәлем беру сияқты істер жатады. Хазіреті Әли (Алла оған разы болсын) ғалым адамдарды құрметтеуге байланысты былай деген: «Ғалымның алдына келгеніңде көпшілікке берген сәлеміңнен оған бөлек сәлем бер. Оның алдыңғы жағына отырып әрі қолдарың және көздеріңмен ешқандай белгі көрсетпе. «Пәленше басқалай айтып еді», – деп айтпа. Тұруды қаласа киімінен тартпа, көп сұрақ қойма, дөрекі жауап беруші болма. Оның сырын біреуге айтпа әрі оның қасында ешқашан бос сөз сөйлеме. Одан қателік іздеме, ал егер қателесетін болса, оның ақталуын қабыл ет. Сен оны Алланың ризалығы үшін сыйлап, құрметтеуге тиіссің. Ал егер ол бір нәрсеге мұқтаж болса, басқалардан бұрын сен бірінші қажетінде болуың керек», – деген.

Әбу Ғубайд әл-Қасим ибн Саллам (Алла оны рақымына алсын) өзінің ғалымдарға деген құрметін: «Мен ешқашан мухаддистен кіруге рұқсат сұраған емеспін. Әрқашан оның өзі шыққанша күтетінмін. Өйткені, Алла Тағаланың қасиетті Құранның «Хұжырат» сүресі, 5-аятындағы:

 وَلَوْ أَنَّهُمْ صَبَرُوا حَتَّى تَخْرُجَ إِلَيْهِمْ لَكَانَ خَيْرًا لَّهُمْ وَاللهُ غَفُورٌ رَّحِيمٌ

«Егер сен оларға шыққанға дейін олар сабыр етсе, әрине өздеріне жақсы болар еді», – деп айтқанын осылайша түсінетінмін», – деп білдірген.

 

Қисса

Имам Әбу Ханифа бір күні шәкірттеріне сабақ беріп отырып, орнынан атып тұрады. Біраз уақыт өткеннен кейін тағы да бұл ісін бірнеше мәрте қайталайды. Дәріс біткеннен кейін шәкірттері: «Уа, құрметті Имам! Дәріс барысында сіздің бірнеше мәрте орныңыздан тұрғаныңызды байқадық. Бірақ, бұл істі не үшін жасағаныңыздың мәнісін түсінбедік. Соның себебін айтып берсеңіз» деп өтініш қылады. Сонда Имам: «Дәріс беріп отырғанымда ашық тұрған есіктен ұстазымның ойнап жүрген баласы әлсін-әлсін бой көрсетіп қала берді. Оны (ұлын) әр көрген сайын ұстазыма деген құрметімді білдіріп, орнымнан тұрдым», – деген екен.

 

Төртінші өсиет: Керегіңнен тыс нәрселерден нәпсіңді тый (имам Әбу Ханифаның баласына айтқан өсиеті).

Имам Әбу Ханифа бұл өсиетінде ашкөздіктен сақтануды, қанағатшыл болуды насихат етуде. Халқымыз: «Қанағатсыздың көзі үлкен, ақылсыздың сөзі үлкен» деп айтқанындай ашкөз адам қанағатты ұмытып, өзінде жеткілікті болып тұрса да, көбірек иемденуге тырысады.  

Жалпы «қанағат» сөзі араб тілінен енген сөз. Мағынасы «барына разы болу» дегенді білдіреді. Қанағат етуден адам өміріне келер пайдалар көп. Ол адамға бақыттылықты, рахат тұрмысты, тұрақтылықты, аманшылықты сыйлайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

قَدْ أَفْلَحَ مَنْ أَسْلَمَ وَرُزِقَ كَفَافًا، وَقَنَّعَهُ اللَّهُ بِمَا آتَاهُ

«Мұсылман болып, өзіне жеткілікті ризық берілген және де Алланың берген нығметтеріне қанағат ететін кісі – күмәнсіз құтылған болады», – деген (имам Мүслим).

Әйгілі сахаба Сағид ибн Әбу Уаққас баласына былай деп өсиет етіпті: «Әй, балам! Егер сен Алладан байлық сұрасаң, қанағатты сұра. Ол ақиқатында таусылмайтын байлық».

Кейбір даналардан: «Байлық деген не?» – деп сұрағанда, олар: «Аз арманың, қолда барына ризашылығың», – деп, жауап берген екен.

 

Қисса

Имам Әбу Ханифа (Алла оны рақымына алсын) Куфа қаласындағы дүкенінде сауда жасап тұрғанда, бір әйел жібек көйлек әкеліп, Әбу Ханифаға көрсетіп, сатпақ ниетін білдіреді. Әйел сөзін: «Бағасы жүз дирһам», – деп бастайды. Әбу Ханифа оған: «Асықпаңыз! Бұның бағасы қымбат. Сіз аз сұрап тұрсыз», – дейді. Әйел болса: «Маған жүз де жетеді», – дейді. Әбу Ханифа: «Жүз дирһам аз, көбірек сұраңыз», – дейді оған. «Сіз мені мазақ етіп тұрсыз ба?! Ал, онда екі жүзге алыңыз», – дейді әйел ренжіп. Әбу Ханифа: «Жоқ, мазақ еткені несі. Сіздің ақ көңілдігіңізді пайдаланып, көйлекті өз бағасынан арзанға сатып алатын болсам, ақыретте Аллаға не айтамын?! Сенбесеңіз, білетін біреуді шақырып, бағасын сұраңыз», – дейді Әбу Ханифа.

Әйел жөн білетін біреуді шақырып, көйлектің қанша тұратынын сұрайды. Олар көйлектің бес жүз дирһам тұратынын айтады. Сөйтіп, Әбу Ханифа көйлекті бес жүзге сатып алатын болады. Ақшасын санап жатқанда әйелдің көзінен жасаурап, имамға: «Сіз маған көп көмектестіңіз. Бұл менің үйлену тойында киген көйлегім еді. Қазір қаражаттан қысылып жүрміз. Бала-шағам екі күннен бері ыстық тамақ ішкен жоқ. Сататын артық нәрсеміз де қалмады. Лажсыз көйлегімді сатуға тура келді. Бұл ақша мүшкіл халімізді біраз жеңілдететін болды. Сізге рахмет, өміріңіз ұзақ болғай», – деп ризашылық білдіреді. Әйел мұңын түсінген Әбу Ханифа бес жүз дирһамның үстіне сатып алған көйлекті де оған тарту етіп жібереді.

 

Қадірменді жамағат!

Имам Әбу Ханифа дін Исламға үлкен қызмет сіңірген, шоқтығы биік, заңғар тұлға. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْ يُرِدِ اللّٰهُ بِهِ خَيْرًا يُفَقِّهْهُ  فِي الدّ۪ينِ

«Алла кімге жақсылық қаласа, оған дінді терең білуді нәсіп етеді», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

Имам Зуфар (Алла оны мейіріміне бөлесін): «Мен Әбу Ханифамен жиырма жылдай бірге болдым. Өмірімде ол кісіден артық мейірімді, жомарт кісіні көрмедім. Құдай үшін өзін аямайтын, күні бойы біліммен шұғылданып, тағылым беретін, түрлі мәселелерді талқылап жауабын айтатын, ғылыми мәжілістерден қолы босай қалса, сырқаттардың көңілін сұрауға баратын, жаназаға қатысатын немесе бір бейшараның қажеті үшін уақытын жұмсайтын немесе достарының хал-жағдайын білетін. Ал, түнді ғибадаттармен, намаз, Құран Қәрім оқумен өткізетін. Бұл игі амалдарды дүниеден қайтқанша ұстанды», – деп еске алады.

Фудайл ибн Ияд (Алла оны рақымына алсын): «Әбу Ханифа фиқһ ғалымы, тақуалығымен ардақты, келгендерге тапқанын беретін жомарт адам. Ол күндіз-түні дәріс беруден жалықпайтын, түнді құлшылықпен өткізетін. Аз сөйлейтін. Егер халал-харам мәселесі туралы айту керек болса, ақиқатына көз жеткізіп түсіндіретін», – деген екен.

«Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деп Хакім Абай айтқандай біз де имам Әбу Ханифаның (Алла оны рақымына алсын) өнегелі ғұмырын үлгі етіп, қалдырған білім мұрасын барынша оқып, танып, жүзеге асыруға тырысуымыз қажет.

Алла Тағала баршамызға екі дүние жақсылығын нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей! 

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі