ДЕНЕГЕ ТАТУ САЛУҒА БОЛА МА? 2243

ДЕНЕГЕ ТАТУ САЛУҒА БОЛА МА?

01 қараша 2022 119 Оқу 1 минут

Ежелгі Грекия мен Римде құлдарды, қылмыскерлерді белгілі татумен анықтаған. Азия, Африка және Америкада жабайы күй кешкен халықтар және тайпалар мүшелерінің денесіне түрлі ою-суреттер салатын болған. Қазіргі кезде жастар арасында денесіне инемен тесіп жазу немесе сурет (тату) салу сәні кең етек алып келеді. 

Тату – тері астына бояуыштарды ендіру жолымен салынатын адам денесіндегі жазу-суреттер. Ислам дінінде денесіне тату салуға тыйым салынады. Себебі Абдолла ибн Омардан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне және өзгеге шаш жалғаған, өзінің және өзгенің денесіне тату салған адамдарды лағынеттеді», – делінген (Бұхари, Мүслим).

Сонымен қатар бүгінде татудың бұлтартпас аса зиян екенін ғылыми зерттеулер нәтижесі айқындап отыр. Мысалы, тәнге сурет салу құралы болып саналатын иненің таза болмауы және сурет салу студияларының жалпы санитарлық талаптарға сай еместігі түрлі жұқпалы аурулар туғызады.

Екіншіден, бояулардың құрамына қорғасын, мышьяк және басқа да улы заттар кіреді. Олар адамды өте қауіпті түрлі обыр ауруларына душар етеді. Зиянды бояулар, тіпті адамның ген жүйесін бірте-бірте зақымдауы мүмкін. Адамдар татудың салдарынан тері обыры, экзема және аллергия ауруларына жиі шалдығады екен. 

Демек денеге тату салу ұлтымыздың болмыс-бітіміне, түсінік-ұстанымына, дүниетанымына қайшы келумен қатар, әркімнің денсаулығына да қауіпті екенін жіті түсінуіміз қажет. Шариғатымызда әрбір саналы азамат өз басын және денсаулығын сақтауға аса жауапкершілікпен қарауға міндетті.

Алайда кейбір ғалымдардың көзқарасы бойынша мына жағдайларда ғана денеге жазу немесе сурет салуға рұқсат етіледі. Олар:

1. Ою және сурет денеге сіңіп тұрақты қалмауы, уақыт өте өшірілуі тиіс;
2. Жазба судың теріге тиюіне кедергі болмауы шарт;
3. Ар-ұятсыз жазулар мен суреттер болмауы керек;
4. Суретте теріс ұрандар, жалған идеологияның немесе адасқан ағымның белгілері жазылмауы тиіс;
5. Сызбада тірі жанның суреті болмауы керек;
6. Денеге Алла Тағаланың есімдері немесе Құран аяттары жазылмауы тиіс;
7. Жазбаның әурет (ұят) жерлерге қолданылмауы шарт (Фәтауа шарғия, шейх Ахмад Шариф ан-Нәсәған).


Ұқсас жазбалар

ИСМАИЛИЯ АҒЫМЫ

ИСМАИЛИЯ АҒЫМЫ

22 желтоқсан 2023 68
ӘЙЕЛДІҢ ҚУЛЫҒЫ

ӘЙЕЛДІҢ ҚУЛЫҒЫ

25 қаңтар 2021 555