ШИИТТІК БАҒЫТТАҒЫ АҒЫМДАР 2770

ШИИТТІК БАҒЫТТАҒЫ АҒЫМДАР

15 маусым 2023 94 Оқу 1 минут

«Шиға» сөзі еру, жақтау деген мағынаны білдіреді. «Шиға» сөзі – «хазіреті Әли халифа болуға лайық» деп білген мұсылмандар шоғырына берілген атау. Негізінде шиға мәзһабының шығуына саяси қайшылықтар себеп болған. Шииттер халифалық пен имамдық мәселесінде ақидаға байланысты өзара келіспей, түрлі ағым мен тармақтарға бөлінді. 

Негізінде олар басты төрт ағымға бөлінеді. Олардың өзі жиырмаға жуық тармаққа тарайды. Шиитік ағымдарының бәрі дерлік имамдық пен халифалықтың хазіреті Әлиге (оған Алла разы болсын) тән екенін бірауыздан қабыл етеді. Ал кейінгі имамдар жайында ортақ пікірге келе алмай, әр ағым өз имамдарын белгілеп алған. Бүгінгі күнгі Иран, Ирак, Кувейт, Пәкістан, Ливан және Әзірбайжандағы шииттік топтар – негізінен Имамия мәзһабын ұстанушылар. Хазіреті Әли (оған Алла разы болсын) мен оның ұрпақтарының имам болып тағайындалуын Исламның парыздарының бірі ретінде қарастырғандықтан, бұл мәзһаб Имамия деп аталды. Сонымен қатар бұл мәзһаб хазіреті Әли мен оның ұрпақтарынан он екі адамды имам деп қабылдағандықтан, кейде «он екіншілер» («исна ашария») деп те аталады.

Имамия мәзһабының он екі имамы мыналар:

  1. Әли ибн Әбу Тәліп
  2. Хасан ибн Әли
  3. Хусейн ибн Әли
  4. Әли ибн Хусейн
  5. Мұхаммед Бақыр ибн Әли Зәйнул Абидин
  6. Жағфар Садық ибн Мұхаммед
  7. Мұса Қасым ибн Жағфар
  8. Әли Риза ибн Мұса
  9. Мұхаммед Тақи ибн Әли
  10. Әли Наки ибн Мұхаммед
  11. Хасан Аскари ибн Әли Наки
  12. Мұхаммед Маһди ибн Хасан Аскари. Имамия өкілдері он екінші имамды қазіргі күні де тірі деп біледі.

Имамия мәзһабының негізгі саяси ұстанымы «мемлекет басшысы діни жолмен тағайындалуы керек» деген көзқарасымен ерекшеленеді. Имамия мәзһабы Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күйеу баласы әрі немесе інісі хазіреті Әли (оған Алла разы болсын) мұсылмандардың ең беделдісі (абзалы) болғандықтан, оны имам болуға бірден-бір лайықты тұлға деп біліп, имамдық одан ары қарай оның ұрпақтарына тиесілі деп түсінді. Сондай-ақ мемлекет басшысын халықтың сайлау арқылы таңдауын жоққа шығарады. Имамия мәзһабы өкілдері хазіреті Әлидің мәртебесі екі халифа Әбу Бәкір және Омардан да жоғары деп санайды.

Имамия мәзһабының діни көзқарасы олардың саяси ұстанымы негізінде пайда болған. Тәухид, Алланың сипаттары, пайғамбарлық, ақырет сенімдерінде әһлі сүннет сенімінен өзгешелігі жоқ. Бірақ пайғамбарлық пен кітаптарға деген сенімдерінде бірқатар айырмашылық бар. Мысалы, Құранның хазіреті Әлиге (оған Алла разы болсын) жаздырған басқа бір нұсқасының бар екенін және ол кітаптың қазіргі Құраннан бір жарым есе үлкен екенін айтады. Ал пайғамбарлық сеніміндегі әһлі сүннеттен ерекшелігінің бірі – сүннет туралы өзгеше көзқарасы. Яғни сүннет он төрт күнәсіз адамның растауымен ғана сахих деп мойындалады. Олар – Алла елшісі, Фатима анамыз, хазіреті Әли және қалған он бір имам. Олардың қатысуынсыз жеткен сүннеттер әлсіз саналады.

Имамия мәзһабының діни ғибадаттары мен қоғамдық қатынастарды реттеуші құқықтық үкімдері Жағфар Садықтың көзқарасына негізделген. Сондықтан олар кейде «Жағфария» деп аталады.

Имамияның он екінші имамы Мұхаммед Махдидің ғайып болуынан (873 жыл) кейін ол мәзһаб ретінде таныла бастады. Әуелі саяси топ ретінде пайда болып, кейін діни мәзһабқа айналған Имамия пікірлері өз кезегінде фатимиттер, буфейхиттер, сафафидтер мемлекетінің қалыптасуына түрткі болды. Имамия мәзһабы қазіргі Иранның ресми мәзһабы саналады.

Бұдан бөлек шиитік ағымы ішіндегі Исмаилия бағытының көзқарасы бойынша Жағфар Садықтан кейін имам оның ұлы Исмаилға өткен. Исмаил Жағфар Садықтан кейінгі жетінші имам саналады. Сондықтан бұл ағымды кейде «жетіншілер» деп те атайды.

Ислам әлемінде хурафалар мен исраилият ұғымдарын мұсылман мәдениетіне енгізіп, өздерінің көзқарастарын үгіт жүргізіп, кейде анархия және террорлық іс-әрекеттермен жүзеге асырды. Тіпті есірткі мен мафия және әйлдерді өз мақсатына пайдаланады.

Исмаилия ағымы Алла бір, Мұхаммедті пайғамбар деп таниды, сондай-ақ хазіреті Әлиді Пайғамбардың мұрагері деген пікірді қолдайды. Өздерінің Исламмен ұйыспайтын пікірлерін халыққа қабылдату үшін хазіреті Әли мен әһлі бәйіттің беделін пайдаланады. Осы түсінік олардың сенім негіздерінің бірі саналады.

Исмаилия ағымының өкілдері күніне үш рет намаз оқиды. Жұма намазын оқымайды. Зекетті өз басшыларына береді. Бірақ біз сияқты Рамазан айының оразасын ұстап, қажылық ғибадатын өтейді. Исмаилия мәзһабы иманды тек өз имамдарына мойынсұнса ғана қабылдайды. Имамды қабылдамаса, онда ол адамның әрбір адал ісі де харам саналады. Олар Ислам үкімдерін қабылдағанымен, іс жүзінде оны орындауға аса мән бермейді. Рухани және саяси жетекшілері намаз оқымайды.

Исмаилия көзқарастары бойынша Алла Тағала қалауы түскен имамдарға өзінен бір бөлек нұр берген. Имамдарды сол иләһи нұрмен халықтан үстем етеді. Ол үстемдік олардың білімімен өлшенеді. Сондай-ақ имамның танымал болуы шарт емес. Имамның әрбір ісінде жақсылықтың болатынына сенуі керек. Олардың кейбірі имамның күнәсіз болатынына кепілдік береді. Олардың сенімі бойынша, имамға мойынсұну – уәжіп. Имам Маһди әйтеуір бір уақытта жер бетіне оралып зұлымдықпен күресіп, әділет орнатады.    

Бүгінді таңда Исмаилия пікірлері Үндістанда ғана емес, Азия мен Еуропа және Африканың көптеген мемлекеттеріне тараған. Әртүрлі іс-шаралар арқылы өз пікірлерін таратуды жүзеге асырған Исмаилия пікірлері Орта Азияда да қанат жайып келеді.

Шииттік ағым ішіндегі саясиланған діни топтардың жақтастарына Исламда дін мен саясаттың бөлек екенін, сондай-ақ Құран, сүннет және ижмаға негізделген сүнниттік бағыттағы ғұламалардың сүнниттер мен шииттер арасындағы өзекті мәселелер бойынша келтірген шариғи дәлелдер мен насихаттарын жеткізіп, қазақстандық қоғамдық құндылықтарға бейімдеу арқылы олардың қате діни түсініктерін дәлелді түрде ашып айту мақсатты болмақ.

 

Хасан АМАНҚҰЛ,

ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі

«Мұнара» газеті, №10, 2023 жыл