Аниматор болу шариғатқа қайшы ма? 1323

Аниматор болу шариғатқа қайшы ма?

22 ақпан 2022 128 Оқу 1 минут

Аниматор деп сан қилы іс-шараларда әртүрлі кейіпкерлерді көрсететін әртісті айтады. Мамандардың айтуынша, жақсы аниматор болу үшін психологиялық қырағылығы, ақыл-парасаттылығы, ішкі мәдениеті мен тәрбиесі, актерлік шеберлігі, ән айту немесе би билеу қабілеті, ораторлық өнері болу қажет.

Ол қонақтарды қарсы алу және олардың көңіл-күйін көтеру қызметін атқарады. Қазіргі таңда аниматорлық қызметтің қонақүй, клуб, қалалар, мерекелер және туристерге арналған бағыттарын атап өтуге болады. Олар түрлі корпоративті кештер, конкурстар, эстафеталар және қызықты байқауларды өткізуге көмектеседі.

Шариғат бойынша аниматорлық қызметпен айналысу үшін ең алдымен мына шарттар орындалу керек:

1. Өтірік айтпау, алдамау. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Халықты күлдіру үшін өтірік сөйлейтін адамға қасірет, қасірет және қасірет болсын!» – деген (Ахмад). Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын): «Шынайы да, әзілмен де өтірік сөйлеуге болмайды. Кішкентай балаларыңа бірнәрсені уәде етіп, оны орындамай қоймаңдар», – деген.

2. Себепсіз біреуді кінәламау, жазғырмау. Алла Тағала: «Араларыңнан бір қауым басқа бір қауымды келемеждемесін», «Бір-біріңді кемсітпеңдер, намысқа тиетін лақап атпен атамаңдар», – деп бұйырды («Хужурат» сүресі, 11-аят).

3. Жануарлардың іс-қимылын қайталау немесе дауысын салудан аулақ болу. Мысалы, ит сияқты үру, есек сияқты ақыру. Себебі Алла Тағала жаман адамды ит пен есекке ұқсатып, сол арқылы әлгі адамның төмен дәрежеде екенін көрсетті. Құранда: «Алайда, ол жерге (пәни дүниеге) жабысып қалды да, өзінің нәпсіне еріп кетті. Оның мысалы, құдды итпен тең» («Ағраф» сүресі, 176-аят), «Тәуратты арқалағаннан кейін оны тиісінше алып жүре алмағандардың мысалы бейне бір том-том кітап арқалаған есекке ұқсайды» («Жұма» сүресі, 5-аят), – деп баяндалады.

4. Дінді жаман көрсетпеу. Қандай жағдайда болмасын мұсылман адам әрқашан өз дінін, Пайғамбарын, кітабын, дін ғұламаларын қорғауы тиіс. Алла Тағала: «Егер олардан өздеріңді не себепті жамандап, мазақтағандары жайлы сұрасаң, түк болмағандай: «Біз жай әңгіменің қызығына батып, қалжыңдасып ойнаған едік»,  дейді. (Оларға): «Демек, сендер Алланы, аяттарын және Пайғамбарын келемеждейсіңдер, солай ма?!»  деп айт. (Ей, екіжүзділер!) Сылтау айтып, ақталмай-ақ қойыңдар. Шынтуайтында, сендер иман келтірдік деп, құр ауызбен айттыңдар һәм содан кейін іштеріңе бүккен күпірліктеріңді паш еттіңдер», – деген (Тәубе» сүресі, 65-66 аяттар).

Бұған сәлде, сақал, орамал және басқа да мұсылмандық атрибуттар мен сүннет саналатын істерді қосуға болады.

5. Ер адам әйелге, әйел кісі ерге және дінсіз адамға ұқсамау. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім қай қауымға өзін ұқсатса, демек ол соларға жатады», – деген (Әбу Дәуіт). Сондай-ақ Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзін әйелдерге ұқсатқан ерлерді және өзін ерлерге ұқсатқан әйелдерді лағынеттеді (Бұхари).

6. Ұят қылық көрсетпеу, әдепсіз сөз айтпау. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла ұятсыздықты (ұят іс істеу мен әдепсіз сөз айту) жек көреді», – деген (Ахмад).


Дайындаған Хасан АМАНҚҰЛ