Бақытжан мешітінде «Құранмен тыныштанған жүрек» атты рухани насихат өтті 5820

Бақытжан мешітінде «Құранмен тыныштанған жүрек» атты рухани насихат өтті

19 қаңтар 2026 83 Оқу 1 минут

Қасиетті Ережеп айында, Рамазан айына рухани дайындық аясында, Бақытжан мешітінде жамағатқа арналған тағылымды «Құранмен тыныштанған жүрек» атты уағыз-насихат кеші өтті.

Аталмыш рухани жиынның басты мақсаты – жамағаттың Құран Кәрімге деген ықыласы мен махаббатын арттыру, қасиетті Құран айына саналы түрде дайындалуға үндеу, сондай-ақ қари, хафыз шәкірттің Құран жаттаудағы тиімді әдіс-тәсілдерімен бөлісу болды.

Уағыз-насихат барысында мешіт ұстазы Анар Қойшығұлова

Құран Кәрімнің адам өміріндегі орны мен маңызын жан-жақты түсіндіріп, оның әрбір мұсылманға берер ғибраты мен тәрбиелік мәніне кеңінен тоқталды. Ұстаз Құран оқудың артықшылығымен қатар, аяттарға тадаббур (терең ой жүгірту) және тафаккур (саналы түрде пайымдау) жасау ұғымдарының мәнін ашып көрсетті. Құран аяттарының мағынасына ойлану, одан ғибрат алу, оны өмірде амалға асыру – шынайы құлшылықтың негізгі өлшемі екені атап өтілді.

Сонымен қатар, уағыз барысында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сирасы мен сахабалардың сәулелі ғұмырынан тағылымды оқиғалар келтіріліп, олардың Құранмен өмір сүрген өнегелі жолы жамағат назарына ұсынылды. Бұған қоса, ата-бабаларымыздың адал өмір сүру салты, Құран мен хадиске амал етуі, ұят пен имандылықты, көркем мінезді өмірлік ұстаным еткендігі жөнінде тарих пен әдебиеттен мысалдар келтіріліп, ұлттық рухани мұрамен сабақтастырыла баяндалды.


Кездесу барысында Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің студенті, Бақытжан мешітінің шәкірті Мүйтенова Аделя сөз алып, биыл қасиетті Құранды толық жаттап, қари атанғанын атап өтті. Ол Құран жаттау жолындағы өз тәжірибесімен бөлісіп, ұстаздарынан алған рухани өсиеттерін жеткізді. Сонымен қатар, Құран жаттауда кездесетін қиындықтар мен жетістіктер туралы айтып, жамағатқа мотивациялық кеңестер беріп, Құранға деген махаббатты арттырудың маңызын ерекше атап өтті.


Іс-шара барысында жамағат тарапынан көптеген сауалдар қойылып, тұшымды әрі мазмұнды жауаптар берілді. Семинар соңында қатысушылар бұл рухани кездесудің Құранға деген ынта-ықыласты арттырып, құлшылыққа деген жігерді күшейткенін атап өтті.