АБАЙ ЖӘНЕ ЖҮРЕК ІЛІМІ 3547

АБАЙ ЖӘНЕ ЖҮРЕК ІЛІМІ

09 тамыз 2024 16 Оқу 1 минут

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаcына салауаттар мен сәлемдер болсын! 

Әрбір істі басқаратын орталық бар. Сол секілді адам баласының сана-сезімін басқаратын орталығы болады. Оны «жүрек» деп атаймыз. Жүрекке – иман, ар-ұят, мейірімділік ұяласа, адам баласының бойында имандылық, көркем мінез-құлық көрініс табады. Ал жүректе күпірлік, қатыгездік мекен етсе, адам бойында имансыздық, ұятсыздық сынды теріс әрекеттер пайда болады. Сондықтан жүрек – жақсылық пен жамандықтың қайнар көзі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Шұғара» сүресі, 88-89-аяттарында:

يَوْمَ لاَ يَنفَعُ مَالٌ وَلاَ بَنُونَ. إِلاَّ مَنْ أَتَى اللهَ بِقَلْبٍ سَلِيمٍ

«Ол күні мал да, балалар да пайда бермейді. Бірақ кім сау жүрекпен келсе ғана (құтылады), – деп айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

أَلا وَإِنَّ فِي الْجَسَدِ مُضْغَةٌ إذَا صَلَحَتْ صَلَحَ الْجَسَدُ كُلُّهُ ، وَإِذَا فَسَدَتْ فَسَدَ الْجَسَدُ كُلُّهُ ، أَلا وَهِيَ الْقَلْبُ

«Расында, адам денесінде бір кесек ет бар. Егер ол дұрыс болса, адамның бүкіл денесі дұрыс болады. Егер ол бұзылса, барлық денесі бұзылады. Ол кесек ет жүрек емес пе?» – деген (имам Бұхари, Мүслим).

Қазақтың бас ақыны Абай Хәкімнің де шығармашылығына арқау еткен жүрек амалдарын, оның дерттерін терең түсінсек, түзетуге тырыссақ, кісінің кемел де толық адам болуына септігін тигізеді. Мысалы Хәкім Он жетінші қара сөзінде: «Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті», – деп бастайды. Сонда жүрек:  «Мен – адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жәйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын – мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратұғын – мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын – мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын – мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не? Осы екеуі маған қалай таласады?» – депті», – дейді. Осыны тыңдап болып Ғылым: «Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай Тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп  кітаптың айтқаны осы, – депті», – деп, жүректің адамның рухани тәрбиесіндегі орнын осындай ғибратты мысал арқылы жеткізген.

Абай Хәкімнің өлеңдері мен қара сөздері осылайша біздерді түрлі жүрек дерттерінен арылуға, нәпсімізді тәрбиелеуге, рухани өрлеуге шақырады. Мысалы, ақын бабамыз «Ғылым таппай, мақтанба» өлеңінде бес асыл іспен қатар, бес рухани кеселді, яғни, бес дұшпанды да атап көрсетеді:

Адам болам десеңіз,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

еріншек, бекер мал шашпақ

– Бес дұшпаның, білсеңіз... – деп адам бойындағы жағымсыз қасиеттерді сынға алады. Осы бес дұшпан деп аталған, сипаттардың қайсыбірін алсақ та, дінімізде тыйым етілген, мұсылман адам үшін сақтануы қажет іс. Бізге түсініктірек болуы үшін, бұл сипттардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өткеніміз жөн болады.

 

Бірінші: Өсек.

Абай хәкімнің бес дұшпанның ең біріншісіне өсекті жатқызуы тегін емес. Себебі, өсек – туыстар мен жақын адамдардың ғана емес, бүкіл бір қоғамның бірлігіне сызат түсіріп, арада өшпенділік пен дұшпандық туғызатын жаман іс. Дінімізде өсек деп – бір кісінің жағдайын оның рұқсатынсыз екінші бір кісіге араларына от салу мақсатында жеткізуді айтады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لَا يَدْخُلُ الْجَنَّةَ نَمَّامٌ

«Өсекші жәннатқа кірмейді», – деген (имам Бұхари, Мүслим). Бұл хадисте ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсек айтқан адам мынандай күнәға ие болады демей, бірден жәннатқа кірмейді деп айтуынан, өсек тасудың қаншалықты үлкен күнә екендігін аңғаруымызға болады. Тағы бір хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екі қабірдің жанынан өтіп бара жатып:

إنَّهُمَا يُعَذَّبَانِ ، وَمَا يُعَذَّبَانِ في كَبِيرٍ! بَلَى إنَّهُ كَبِيرٌ : أمَّا أَحَدُهُمَا ، فَكَانَ يَمْشِي بِالنَّمِيمَةِ ، وأمَّا الآخَرُ فَكَانَ لاَ يَسْتَتِرُ مِنْ بَوْلِهِ

«Расында бұлар үлкен күнә жасағандары үшін азапталып жатқан жоқ. Дегенмен, бұлардың күнәлары ауыр. Оның бірі өсек тасыған болса, екіншісі өзінің зәрінен сақтанбағандығы үшін», – деп айтқан (имам Бұхари).

Халқымыздағы: «Естіге өсек не керек», «Өсекші жоқта, өкпелесу де жоқ», «Қылыш – тәнді жаралайды, өсек жанды – жаралайды» деген мақал-мәтелдерден адамның екі дүниесіне мұншалықты зардап алып келетін өсек атаулыдан ата-бабаларымыз да өз ұрпағын барынша сақтандырғандығын аңғарамыз.

Абай заманында ел арасында көп тарап, қалыптасқан адамгершілікке жат, жаман қылықтардың бірі де осы – өсек болғандықтан, ақын шығармашылығында өсек мәселесін аз сөз етпеген. Әдетте, өсектің артына түскен адам шын мәнінде өзіне пайда келтірер маңызды іс пен шаруадан құр қалады. Уақытын текке өсек-аяңға сарп етеді. Абай Хәкім тағы бір өлеңінде:

Ынсап, ұят, ар-намыс, сабыр, талап,

Бұларды керек қылмас ешкiм қалап.

Терең ой, терең ғылым iздемейдi,

Өтiрiк пен өсектi жүндей сабап, – деген.

 

Екінші: Өтірік.

Абай хәкімнің «Бес дұшпан» деп атаған істерінің екіншісі – өтірік айту. Өтірік – дінімізде екіжүзділердің сипаттарынан деп танылатын, үлкен күнәлі іс. Ғалымдарымыз өтірікті – қандай да бір болған жағдай жайында дұрыс хабар жеткізбеу деп түсіндірген. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 119-аятында:

يَاأَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَكُونُوا مَعَ الصَّادِقِينَ

«Уа, мүминдер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар», – деп бұйырып, иман келтіргендерді шыншылдармен бірге болып, өтірікшілердің қатарында болудан сақтандырған.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

آيَةُ الْمُنَافِقِ ثَلاثٌ: إذَا حَدَّثَ كَذَبَ، وَإِذَا وَعَدَ أَخْلَفَ وَإِذَا اُؤْتُمِنَ خَانَ

«Екі жүздінің үш белгісі бар: сөйлесе – өтірік айтады, уәде берсе –орындамайды, аманатқа қиянат жасайды», – деген.

Жүрегінде иманы, бойында тақуалығы бар ізгі адам ешуақыт өтірік айтпайды. Шалкиіз Тіленшіұлы бабамыз: «Айдын сулар, аймақ көл – тасыса дөңбек келтірер, көп өтірік, жаман сөз – басыңа бәле келтірер», – деп ескертсе, батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық», – деген.

Абай тағы бір өлеңінде ақты қара деп, я қараны ақ деп, өтірікті шын деп дейтіндерді:

Расы жоқ сөзінің,

Ырысы жоқ өзінің.

Өңкей жалған мақтанмен,

Шынның бетін бояйды... – деп сипаттаған.

 

Қисса

Баяғы бір заманда күнәсіз күні өтпейтін біреу болыпты. Бойында бір кісіден артып жығылатын міні бар екен. Күндердің күні Құдай жүрегіне һидаят беріп, түзелгісі келген көрінеді. Бірақ қалай түзелерін білмей басы қатады. Неден бастау керек деген сияқты ой мазалайды. Ақыры, бір ғалымға ақыл-кеңес сұрап іздеп барады. Осыншама күнә істен қалай құтыламын деген сауалына ғұлама бір ғана күнәдан арылуға кеңес береді. Адам баласына және өзіне өтірік айтпау керектігін түсіндіреді. Кез келген жағдайда шыншыл болуды талап етеді. Тіпті, оған ант-су ішкізіп уәдесін де алады. Бірер күннен кейін арақ ішкісі келіп жайғаса бергенде ғалымға берген уәдесі есіне түсіп: «Япырай, ғұлама сұрап қалса, ішпедім деп қалай айтам? Өтірік айтып құтыламын ба? Басқа-басқа уәдеде тұрмасам, еркек атым қайда қалды? Жоқ, мұным болмас», – деп райынан қайтады. Қанша қиын болса да, сөзінде тұруға әрекет етеді. Ақыры ішпейді. Келесі күні бұрынғы әдеті бойынша тағы бір күнә жасамақ болып тұрғанда, шындықты ғана айтамын, бір ауыз сөз өтірік айтпаймын деген уәдесі есіне түсіп тыйылады. Осылайша, әлгі кісі жалған сөйлемеу және шыншыл болу арқылы жаман істерінен бір-бірлеп түгелдей арылған екен.

 

Үшінші: Мақтаншақтық.

Өзінде жоқты бар етіп көрсету, адамдардың өзіне тамсануын, мақтауын жақсы көру – мұсылман адамға тән сипат емес. Қасиетті Құранның «Лұқман» сүресі, 18-аятында Лұқман хаким өзінің ұлына:

وَلاَ تُصَعِّرْ خَدَّكَ لِلنَّاسِ وَلاَ تَمْشِ فِي الأَرْضِ مَرَحًا إِنَّ اللهَ لاَ يُحِبُّ كُلَّ مُخْتَالٍ فَخُورٍ

«Ешкімге мұрныңды шүйірме, жер бетінде кердеңдеп жүрме! Шүбәсіз, Алла кеуде керіп, менменсіген мақтаншақтардың ешбірін ұнатпайды», – деп өсиет айтқаны баяндалған.

Абай атамыздың сөзімен айтқанда мақтаншақтар: «...біреуді «демесін» демейді, «десін» дейді. Бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, әрдайым не түрлі болса да, «десін» деп азаптанып жүреді...» Мұндай мақтаншақтарды ақын үш түрге бөледі: «Біреуі, жатқа мақтанарлық мақтанды іздейді. Ол – надан, надан да болса – адам. Екіншісі, өз елінің ішінде мақтанарлық мақтанды іздейді. Оның надандығы толық, адамдығы толық емес. Үшіншісі, өз үйіне келіп айтпаса я ауылына ғана келіп айтпаса, өзге кісі қостамайтын мақтанды іздейді. Ол – наданның наданы, Һәм өзі адам емес». Ақын мақтаншақ болыс, билердің мінін бетіне басып, жас ұрпақты мақтанның құлы болмауға шақырады. Өлең жолдарында:

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба.

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге – деуінің де мән-мағынасы үлкен.

Нәпсі тәрбиесі мәселесінде де ғалымдарымыз мұсылман адам мақтаншақтық, риякерлік атаулы дерттерден барынша алыс болу керектігін ескерткен. Уәһб ибн Мунаббиһ (Алла оны рақымына алсын): «Екіжүзді адамның ерекшеліктерінің бірі мақталуды жақсы көру болса, екіншісі өзгелерді кемсітуді – ұнату», – деген.

Әбул Аббас Мурси (Алла оны рақымына алсын): «Бір түні түсімде хазіреті Омарды (Алла оған разы болсын) көрдім. Одан: «Уа,  мүминдердің әміршісі! Дүниеге деген махаббаттың белгісі қандай?» – деп сұрадым. Ол маған: «Жамандалудан қорқу және мақталуды жақсы көру», – деп жауап берді», – деген.

 

Төртінші: Еріншектік.

Еріншектік – қандай да бір жұмысты істеуге жалқаулану, жайбасарлық қылу, баяу қозғалу, кертартпалық қылумен айқындалатын адам бойындағы жағымсыз сипат. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

اللَّهُمَّ إنِّي أَعُوذ بِك مِنْ الْعَجْزِ وَالْكَسَلِ

«Уа, Аллам! Расында, мен өзіңе әлсіздіктен және жалқаулықтан (сақта деп) сиынамын», – деп, Жаратушыға жалқаулықтан сақтануымызды сұрап, дұға етуімізді үйреткен. Ғалымдарымыз бұл хадистегі «әлсіздік» сөзі қандай да бір атқаруға шамасы болмағандықтан істемеу болса, «жалқаулық» дегеннің мағынасы қандай да бір істі істеуге шамасы бола тұра еріну екендігін айтқан.

Жалқаулық пендені ізгілік амалдарға салғырт қаратып қана қойай, өзге де көптеген дерттерге душар етеді. Абай хәкім қара сөзінде: «Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге  достығы  жоқ жандар  шығады», – дейді.

Ендеше, Абай хәкімнің еріншектікті бес дұшпанның біріне қосуы бекер емес. Адам баласы рухани шыңдалып, ихсани өрлеуі үшін, ең әуелі емдеу керекті болған жүрек дерттерінің бірі де, осы – жалқаулық. Ақын отыз сегізінші қара сөзінде тағы да:  «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің», – деген.

 

Бесінші: Мал-шашпақ (Ысырап).

«Ысырап» сөзінің тілдік мағынасы, дүние-мүлкіңді, керек-жарағыңды орынсыз шашу, артық шығынға жол беру, мөлшерден артық ішіп-жеу, уақытыңды дұрыс қолданбау, Алла Тағаланың сыйлаған әрбір нығметін өз орнымен қолданбау дегенді білдіреді. Ысырапқор адам берілген нығметке қанағатсыздық танытып, тек іше берсем, жей берсем, үсті-үстіне бола берсе деген тоғышарлық мінез танытады.

Адам баласы өзіне берілген нығметті қалауынша тұтынуына болады, бірақ ысырап жасамауы қажет. Алла Тағала қасиетті Құранда: 

وَكُلُواْ وَاشْرَبُواْ وَلاَ تُسْرِفُواْ إِنَّهُ لاَ يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ

«Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырап қылмаңдар. Шындығында Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді», – деген («Ағраф» сүресі, 31-аят).

Ысырапқорлықтың тағы бір түрі қасиетті Құранда «әт-тәбзир» деп аталады. Ысырапқорлық тиісті болған дүниеден артығын жұмсау болса, ал «әт-тәбзир» деп рұқсат етілмеген дүниеге мал сарп етуді айтады. Алла Тағала Қасиетті Құранда ысырапқорлықтың бұл түрін:

إِنَّ الْمُبَذِّرِينَ كَانُواْ إِخْوَانَ الشَّيَاطِينِ وَكَانَ الشَّيْطَانُ لِرَبِّهِ كَفُوراً

«Сөзсіз орынсыз мал сарп қылғандар шайтанға бауыр. Ал шайтан болса, Раббысына тым күпірлік етуші», – деп айтқан («Исра» сүресі, 27-аят). Арақ, құмар, зинақорлық сынды күнәлі іске жұмсалған қаражат ысыраптың осы түріне жатады.

Мұсылман адам Алланың берген нығметін есепсіз шашып-төгуден сақтанып, өзін үнемділікке тәрбиелеуі қажет. Шәкәрім бабамыз:

Қайтер еді, жігіттер,

Тым қымбатты кимесек.

Мақтан үшін борышты,

Үсті-үстіне үймесек, – деп, біздерді үнемді болуға шақырған.

 

Қадірменді жамағат!

Жүнәйд Бағдади (Алла оны рақымына алсын) атты ғалым: «Шынайы ихсан жолындағы адам деп – жүрегін Алла Тағаладан өзгеден тазартқан адамды айтамыз» – деген екен. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّ اللهَ لا يَنْظُرُ إِلَـى صُوَرِكُمْ وَأمْوَالِكُمْ، وَلَكِنْ يَنْظُرُ إِلَـى قُلُوبِكُمْ وَأعْمَالِكُمْ

«Расында Алла Тағала сендердің бейнелерің мен дүниелеріңе назар аудармайды, алайда жүректерің мен амалдардыңа назар аударады», – деген (Мүслим).

Абай Хәкім шығармашылығында қозғаған, адам баласы өз бойында тәрбиелеуі керекті болған жүрек дерттері өте көп. Алайда, қазіргі уақытта әрбіріміз үшін маңызды деп табылғандықтан, ақынның «Бес дұшпан» деп атаған жүрек дерттеріне тоқталып өтуді жөн көрдік. Ақынның тәрбиесін көріп, шығармашылығын еліктеп өсскен інісі Шәкәрім бабамыз да біздерге Абай хәкім айтып кеткен сипаттардан сақтануды өсиет еткен:

Жалқаулық, көрсеқызар, ашу, мақтан,

Арамдық, өтіріктен  ерте сақтан.

Күні бұрын жуытпа маңайыңа,

Есер, есірік, ынжықтық  солар жақтан, – деп, айтқан.

 

Алла Тағала біздің де жүрегімізді өзінің дініне бекем етіп, ізгілікке толған, тәнімізді жақсылыққа бағыттайтын жүректерден болуын нәсіп етсін!

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі