ОТБАСЫНДА ӘЙЕЛІ «ТАЛАҚ» БЕРСЕ ЖҮРЕ МЕ? 3507

ОТБАСЫНДА ӘЙЕЛІ «ТАЛАҚ» БЕРСЕ ЖҮРЕ МЕ?

02 тамыз 2024 28 Оқу 1 минут

Ерлі-зайыптылардың отбасылық өмірінде әйелдің талақ беруі жүрмейді. Өйткені Исламда талақ беру құқығы ер кісіге берілген[1]. Алла Тағала Құранда:

 يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّبِيُّ إِذَا طَلَّقۡتُمُ ٱلنِّسَآءَ فَطَلِّقُوهُنَّ لِعِدَّتِهِنَّ  

«Әй Пайғамбар! Қашан әйелдеріңді талақ қылсаңдар, сонда оларды белгілі мерзімінде ажыратыңдар»[2].

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында талақ беру құқығы ер кісінің қолында»[3], – деген. Бұл шариғи дәлелдер талақ беру ер кісінің еншісінде екенін білдіреді. Одан басқалары талақ бере алмайды. Тек ер кісі бұны елшісіне, уәкіліне және талақ ісін өз әйелінің қалауына тапсырған кезде ғана басқалары оны жүзеге асыра алады[4].

Алайда әйел адам төмендегі себептер негізінде қазиға шағымданып, ажыраса алады:

  1. Күйеуі белсіздікке ұшыраса, еркектік міндетін атқара алмаса;
  2. Жынды, қояншық болса;
  3. Алапес, СПИД ауруына шалдықса т.б.;
  4. Ері напақамен қамтамасыз етпесе;
  5. Күйеуі үйін тастап кетіп қалса;
  6. Ері әйеліне зорлық көрсетсе; Мәселен, денесіне із қалдыратындай ұратын болса.
  7. Қази ерлі-зайыптыларға лағынет айтқызса; яғни ері әйелін «зина» жасады деп немесе «мынау менің балам емес» деп айыптап, істі қазиға көтергенде, қази оларға бір-біріне лағнет айтқызып ажыратады[5].

Осындай жағдайларда қази ерлі-зайыптылардың арасына араласып, нақты дәлелге көз жеткізгеннен кейін бір шешімін шығарады.

 

[1] Уаһбату әз-Зухайли, «әл-Фиқһу әл-исләми уә әдиләтуһу», 7/349.  

[2] «Талақ» сүресі, 1-аят.

[3] Нәйлу әл-әутар, 6/138.  

[4] Әл-Азһар университеті, «Шариғат және заң» факультеті, «әл-Ахуалу әш-шахсия фи әш-шариғати әл-исләмия», 136-137. «әл-Муһзиб», 2/81.

[5] Мухаммад Әбу Заһра, «әл-Ахуалу әш-шахсия», 345-348.Али Жұма, «әл-Кәлиму әт-тайыб – фәтәуа асрия», 2/277.