ТҰЛАБОЙЫҢДЫ ТӘРБИЕЛЕП, ӨМІРІҢДІ ӨЗГЕРТЕДІ 2822

ТҰЛАБОЙЫҢДЫ ТӘРБИЕЛЕП, ӨМІРІҢДІ ӨЗГЕРТЕДІ

20 маусым 2023 72 Оқу 1 минут

Бүгінде мұсылман үмбеті ұлы сапар – қажылық парызын өтеуге рухани тұрғыдан дайындалуда. Бұл – ішкі ойыңды, тіпті өміріңді өзгертетін теңдессіз құлшылық, хикметі мен пайдасы мол сапар. Осы ретте сапар сабақтары жайлы ой қозғауды жөн көрдік.

Халқымызда «Адам – өзі білмеген нәрсесінің дұшпаны» деген тауып айтылған қанатты сөз бар. Иә, адам баласы танымаған, білмеген нәрсесіне немқұрайлы қарайды, осыдан кейін оған деген қарым-қатынасы да осы бағытта өрбиді. Қажылық сапары Құдайды тануға, Оның құдіретін сезінуге тәрбиелейді. Байқасақ, көп отандасымыз қажылық сапарына барып келгеннен кейін ойы өзгереді. Басын сәждеге қоя алмай жүрген жандар қажылықтан кейін бес уақыт намазға жығылады.

Қажылық – Алланы тануға тәрбиелейтін құлшылық. Әр адамның Алла туралы пікірі мен таным деңгейі әртүрлі. Мұсылман баласы әлемді жаратқан Жаратушы Иесін шын таныса, Оған толық бойсұнған күйде құлшылық етеді. Кез келген жаратылған нәрсенің, мысалы ғимараттың мықты болуы оның іргетасына тікелей байланысты. Сол секілді біз сенім, яғни рухани тұрғыдан мықты боламыз десек, Алланы дұрыс тануға талпынуымыз тиіс. «Үйдің тірегі – оның іргетасы болғанындай, ал діннің тірегі – Алла Тағаланы тану», – деген сөзде үлкен мән бар.

«Мекке мен Мәдина мүлде бөлек әлем екен. Қажылық кезінде осы өмірге не үшін келгенімізді түсіндік. Құдайымызды ұмытып, қу дүниенің соңынан жүре беріппіз» деген талай қажының әңгімесін тыңдадық. Иә, Алланы терең таныған адам басқаларға қарағанда Оның құдіретіне көбірек бас иеді. Ислам діні Алланы тану үшін Оның құдіретіне ақылмен ой жүгіртуге үндейді. Алланы таныған ақылды адам өзіне қатысты істі, яғни Жаратушыға көркем құлшылық жасап, қалған істі Раббысына тапсырады. «Ілімнің басы – Алланы тану, ілімнің соңы – барлық істі Оған тапсыру», – деген.

Қажылық – ниетті түзеп, ықыласты күшейтетін құлшылық. Қажылыққа ниет еткен адам бар ықыласымен ұлы сапарға дайындалады. Ниет пен ықылас дұрыс болмаса, құлшылық та дұрыс болмайды. Ықылас дегеніміз – Аллаға шынайы сенім, амал мен ниеттің риясыз болуы. Ықылас – барша пайғамбарлардың ортақ қасиеті. Ібілісті қас дұшпан деп білген адам оның арбауына ермейді. Ықыласты пенделер ғана шайтанның азғыруына әсте алданбайды.

Алла Тағала шайтанға өзінің ықыласты құлдарын тура жолдан тайдыра алмайтынын ескертіп былай деген: «Ібіліс шайтан: «Уа, Раббым! Мені адастырғаның үшін оларға жер бетіндегілерді көздің жауын алатындай етіп безендіремін. Сөйтіп олардың барлығын азғырып, тура жолдан тайдырамын. Алайда ықыласты құлдарыңның жөні басқа», – деді. Сонда Алла: «Міне, осы жол – Өзім кепіл болған тура жол. Менің (ықыласты) құлдарыма сенің ешқандай ықпалың жүрмейді. Сенің ықпалың тек өзіңе ерген адасқан азғындарға ғана жүреді», – деді («Хижр» сүресі, 39-42 аяттар).

Қажылықтан рухани қуат алған адам өмірдің алданыштарына ермейді. Рухани әлемі бай жан адамгершілік пен имандылық жолын ұстанып, ізгілікті ту етеді. Айналасына шуағын шашып, пайдасын тигізеді. Өйткені ол Алла Тағаланың дінді шынайы ықыласпен ұстанған мұсылмандарға сөзсіз сый-сияпат беретініне сенеді. Мұндай ықыласты адамдар мәңгі өмірде мүминдермен мәңгі бірге болады. Бұл туралы Құранда: «Алайда шынымен тәубеге келіп, Аллаға бет бұрып, толық түзеліп, Алланың дінін шынайы ықыласпен ұстанғандардың жөні бөлек. Міне, солар мүминдермен бірге. Алла күндердің күнінде мүминдерді үлкен сый-сияпатқа бөлейді», – («Ниса» сүресі, 146-аят) деп баяндалған.

Қажылық – жастық шақ пен денсаулықтың қадірін сезіндіретін сәт. Қажылыққа барған адам қаншама шақырым жерді жаяу жүреді. Оған күш-қайрат, жігер қажет. Ұлы сапарға ниет еткен адам денсаулығына да мән береді. Өйткені денсаулығы жарамаған адамның қажылық парыздары мен рәсімдерін орындауға қауқары жетпейді. Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын): «Үш нәрсеге үш нәрсемен жетуге болмайды. Байлыққа – арманмен, жастық шаққа – боянумен және мықты денсаулыққа – дәрі-дәрмекпен», – деген екен. Расында, байлық армандаумен, жастық шақ бет-әлпетті көркемдеумен, мықты денсаулық күшті дәріні ішумен келмейді. Қажылық кезінде шайтанға тас ату рәсімі бар. Шайтанға тас ататын жамаратқа жаяу жету оңай емес. Бұл рәсімді орындау кезінде әсіресе қариялар қиналады. «Балпаң, балпаң кім баспас, басарға балтыр шыдамас. Батырмын деп кім айтпас, барарға жүрек шыдамас» деп бабаларымыз жырға қосқандай, кейбір ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарымыз бұл рәсімді орындау кезінде жастардың жәрдеміне жүгініп жатады. «Шіркін, қайта келмес жастық шағым-ай. Қажылықты күш тасып тұрған шақта орындау керек екен» деп толғанып, шер тарқатқан ақсақалдарды да көрдік.

Қажылықтың өзге құлшылықтардан ерекшелігі көп. Соның бірі – денемен құлшылық ету. Денемен құлшылық ету үшін күшті денсаулық қажет. Аллаға шүкір, қазір жер-жердегі мешіттерде қажылық сапарына рухани тұрғыдан дайындайтын орталықтар жұмыс істеп келеді. Қажылық сапарына жауапкершілікпен дайындалған кейбір отандастарымыз ұлы құлшылық алдында медициналық тексерістен өтеді. Бұл – өте құптарлық іс.

Ислам адам өміріндегі әртүрлі салаларды ретке келтіргендей, денсаулықты сақтауды да дұрыс жолға қоя білді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Қиямет күні пендеден нығметі жайлы сұралып: «Сенің деніңді сау етпедік пе? Салқын сумен шөліңді қандырмадық па?» – деп айтылады», – делінген. Қажылыққа барып келген адам құлшылық жасау үшін денсаулыққа аса мән беру қажеттігін түсінеді.

Қажылық – сабырды шыңдайтын сапар. Сабыр – жүректің ісі. Сабырсыз адам сансыз нығметтен, сауаптан мақұрым қалады. Қажылық адам баласын төзімге тәрбиелейді. Миллиондаған адам топтасқан мекенде барлық жерде, мысалы, асханада, әуежайда, дәрет алатын орындарда ұзынсонар кезек болатыны белгілі. Бұл нәрседен тек сабыр ету арқылы ғана өту керек. Басқа жолы жоқ. Сабыр – қажылық кезінде ғана емес, адам өмірінің әрбір сәтінде, әсіресе құлшылық жасау кезінде де қажет қасиет. Хазіреті Әли (Алла оған разы болсын): «Денеге бас қалай қажет болса, иманға да дәл солай сабыр қажет. Бас кетсе, дене сұлап түседі. Сабыры жоқтың иманы жоқ», – деген екен. 

Қажылық сапары мұсылманды тақуалыққа тәрбиелейтіні белгілі. Ал тақуалыққа сабырсыз жету мүмкін емес. Демек шыншылдық пен тақуалыққа жетелер төте жол сабыр арқылы өтеді. Қасиетті Құранда: «Таршылықта, қиындықта және соғыс кезінде сабырлық танытқандар, міне солар – шыншылдар әрі тақуалар», – делінген («Бақара» сүресі, 177-аят). Қажылық кезінде әрбір сынақты сабырмен жеңу қажет. Сабыр ете алмаған адам байқаусызда жағымсыз сөз айтуы мүмкін. Аллаға ұнамсыз сөз тірнектеп жиған сауапты кемітуі ғажап емес.

Қажылық – нәпсімен күресу сапары. Адам баласы үшін шайтаннан және өз нәпсісінен асқан дұшпан жоқ. Өйткені лағынеті шайтан мен нәпсі адамды тек жаман нәрсеге шақырады. Хасан әл-Басридың (Алла оны рақымына алсын): «Жүгендеуге мұқтаж болған нәпсіңнен артық асау жоқ», – деген сөзінде үлкен мән жатыр. Мұндайда халқымыздың «Мықтымын деп мақтанба, ақыл білсең, Мықты болсаң алдымен нәпсіңді жең» деген мақалы еріксіз еске түседі.

Мұсылман шайтанның азғыруынан қалай құтылады? Адам шайтанға қарсы іс жасау, мысалы, намаз оқу, ораза ұстау, садақа-зекет беру, қайырымдылық секілді істері арқылы оның жамандығынан сақтанады. Ал нәпсімен қалай күресеміз? Пенде үнемі жаман іске бұйыратын нәпсіден шаһуатын тәрк ету арқылы сақтануы тиіс. Шайтан мен нәпсінің жамандығынан сақтанудың тағы бір жолы – ізгі адамдармен (ортамен) бірге болу. Қажылық – ізгі адамдармен бірге болудың таптырмас мүмкіндігі. 

Алла қаласа, биыл елімізден 4 мың отандасымыз қажылық сапарына барады. Жаратушы Иеміз қажыларымызға күш-қайрат, шынайы ықылас, ниет, тақуалық нәсіп етіп! Қажыларымыз аман-есен отбасына оралып, қабыл болған қажылықты жазғай! Әмин!

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти