БАҒДАТ МАНАБАЕВ: БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ – ДІН МАМАНДАРЫНЫҢ БІЛІМІН КӨТЕРУ 2351

БАҒДАТ МАНАБАЕВ: БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ – ДІН МАМАНДАРЫНЫҢ БІЛІМІН КӨТЕРУ

11 қаңтар 2023 116 Оқу 1 минут

Күз айында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен елордада «Хусамуддин ас-Сығанақи» Ислам институты ашылған-ды. Аталған институт директоры Бағдат Манабаевпен сұхбаттасып, оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысқан едік.

– Сұхбатымызды институттың негізгі миссиясы қандай деген сұрақтан бастасақ...

– Бұл институт – еліміздің дін саласындағы білімге қатысты жаңа әрі стратегиялық мақсаттағы жоба. Негізгі мақсат-міндетіміз – білімін жетілдіріп, оқуды жалғастырғысы келетін дін мамандарының шет ел аспай-ақ, өзімізде оқып білім алуына жағдай жасау. Өздері шетелге кетіп, ондағы елімізге жат ұстанымдар мен түсініктер, түрлі топтардың әсеріне ұшырамай, ата-аналарын да уайымдатпасын, өзіміздің елде сол шет елде берілетін білімді меңгерту деген игі ниетпен институт қызметін бастады.

– Шәкірттерді қалай қабылдайсыздар? Дәл қазір кімдер оқып жатыр?

– Негізі шәкірттердің шет елде оқымай бізде оқуы үшін алдымен базалық білімі болуы керек. Сол үшін біз талапкерлерді емтиханмен қабылдаймыз. Олар университет немесе медресе қабырғасында білім алған, Ислам ілімдері мен араб тілін меңгеріп шыққандықтан, сол пәндердің ішінен араб тілі бойынша емтихан қабылдаймыз. Егер жоғары нәтиже көрсетсе, демек араб тілін жақсы біледі деген сөз. Яғни шариғи кітаптарды, фиқһ, ақида, тәпсір кітаптарын оқи алады. Ал төмен балл жинап қалса, бастысы 50 балдан асса, онда бір жыл араб тілінен дайындық курсынан өтеді. Морфология, грамматика, риторика, аударма сияқты пәндер оқытылып, сөйлеу, жазу, тыңдау секілді шеберліктерге үйретеміз. Дайындық курстан сәтті өткесін Ислам ілімдері бойынша екі жыл білімін жетілдіреді.

Әзірге еліміздегі бір университет пен 9 медресені тәмамдаған шәкірттер оқып жатыр. Олардың қатарында имамдық қызметте жүргендер, мешіт, медресе ұстаздары, тәрбиешілері, азаншылар да бар. 70-ке жуық талапкер емтихан тапсырып, оның 45-і өтті. 

Институмыздың екінші бағыты – Құран ижазасын беру. Қариларымыздың ижаза алуы – заман талабы. Қариларымыз ижаза алу үшін шетел асып, Түркия немесе араб елдеріне баратын. Мұны да бір жолға қойып, қариларымыз да елден, отбасынан жыраққа кетпей, өзімізден-ақ ижаза алсын деген ниетпен Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Ижаза беру орталығы ашылды. Шет елге барған қари пәтер жалдауы керек, күнделікті тамағы бар дегендей, ол бірнеше ай, бір жылға дейін созылатындықтан қиналуы мүмкін. Ал бізде бәрі тегін әрі мықты ұстаздарды алдырып отырмыз.

– Неше қари ижаза алуға ниеттеніп отыр? Шәкірттердің жас ерекшеліктері қандай?

– Жоғарыда айтқанымдай, 45 шәкірт қабылдадық. Соның 18-і ижазаға оқып жатқан қарилар, қалғаны Ислам ілімдері бөлімінде оқып жатыр. Ижаза бөлімінде қариларымыз бір жыл оқиды. Ислам ілімдері бөлімінде құран жаттаған қарилар да бар. Оншақты шәкірт отбасымен осы жерде жатып оқиды. Басты шарт – сабақтан қалмау. Шәкірттердің ең кішісі 16 жаста болса, ең үлкені 40-та. 

– Оқу бағдарламасын таныстырып өтсеңіз. Қандай кітаптар оқытылады?

– Өзіміздің мәзһабты, Матуриди ақидасын ұстанатын түркиялық Хасеки академиясының оқу бағдарламасына қарап бой түзедік. Оқу бағдарламасының шамамен 70 пайызын академияға қарап негіздеп жасадық. Жуырда Хасеки академиясынан бір ұстазды алдырып жатырмыз. Ол кісі – дәл осы бағдарлама бойынша және араб тілінен дәріс беретін білікті маман.

– Ұстаздар жайлы сұрағым келіп отыр еді. Жалғастырып айта беріңіз.

– Сонымен қоса Мысырдан келетін екі ұстазды күтіп отырмыз. Құжаттары реттеліп, жолға шығуға дайын отыр. Оның бірі құран қырағаттарынан, екіншісі араб тілінен дәріс беретін әйгілі әл-Азһар университетінің ұстаздары. Ал дәл қазір институтта негізгі күш төрт ұстазға түсіп отыр. Әл-Азһардан келген PhD доктор Махмуд Хасан деген ұстаз және мен араб тілінен дәріс береміз. Ижаза беру бөлімінің меңгерушісі Теміржан қари Өтежанұлы бар және осы қариларға доктор Махмуд Хасан да дәріс өткізеді. Араб ұстаздың бірнеше қырағат бойынша ижазасы бар. Сондай-ақ Хасеки академиясының түлегі, жас та болса тәжірибелі ұстаз Тамирлан Дарханұлы мен оқу бөлімі, хатшылық қызметкерлерін қосқанда бас-аяғы оншақты маман жұмыс істейміз.

– Алматыдан да оқу корпусы ашылды, ол жерде не оқытылады?

– Иә, Алматыда институттың филиалы бар. Бірақ онда Ислам ілімдері үйретілмейді, тек ижаза беру бөлімі Ақжолтай қари Бақытжанның жетекшілігімен жұмыс істеп тұр. Ақжолтай ұстаз да – Құраннан ижазасы бар білікті маман. Өзі сабақ беріп жатыр. Бұл мегаполисте қари көп. Сол себепті ұсыныс әрі сұраныс бойынша филиал ашуды жөн санадық. Оқу корпусы кішірек, әйтсе де Нұр-Мүбарак университетінің араб ұстазы келіп 20 қариға дәріс беруі реттелуде. Тағы бір айта кететіні, қариларымыз әзірше бір қырағат бойынша ижаза алуға талпынып жатыр. Сұраныс артып, жобамыз дами түссе, әрине Алланың қалауымен болашақта 10 қырағаттан да ижаза беретін орталыққа айналып жатсақ несі жаман?

– Институт тәмамдаған түлектерге берілетін дипломның мәртебесі қандай болмақ?

– Араб елдері немесе Түркияда оқып келген шәкірттер мемлекеттік үлгідегі диплом алып, ол біздің елде сертификаттаудан өтіп барып, дін маманы жұмысқа қабылданады. Ал біздің дәл қазіргі мүмкіндігіміз тек Діни басқарма аясында жарамды куәлік беретін деңгейде. Өйткені «Хусамуддин ас-Сығанақи» институты – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жобасы. Мешіт-медреселерге Діни басқарманың ұсынысы, бұйрығы бойынша қызметкерлер тағайындалатындықтан, бізде оқығаны жөнінде диплом, яғни куәлік мүфтият аясында жарамды. Әрине мемлекеттік үлгідегі диплом беру де жоспарда бар, бірақ әзір ге негізгі міндетіміз шәкірттердің білім деңгейін көтеру және соның нәтижесіне қарай жұмыс істеу болып отыр.

– Осы орайда алдағы жылдарға қандай жоспарларыңыз бар. Айта отырсаңыз...

– Биылдың өзінде атқарылған жұмыс өте ауқымды. Институтты тіркеу, ашу, ғимарат мәселесі, кітап қоры, ұстаздарды тарту, оқу бағдарламасы мен әдістемесін енгізу және одан өзге де қыруар іс атқарылды. Алла қаласа әлі де атқаратын жұмыстарымыз бар. Бастысы білім сапасын арттырып, шәкірттеріміздің жақсы нәтиже көрсете алуы. Биыл алғашқы оқу жылы болғандықтан, бірден шариғат ілімдеріне кіріп кетпей, араб тілін жетік меңгеру мақсатында дайындық курсын ұйымдастырып отырмыз. Шәкірттеріміз араб тілін толық меңгерген соң классикалық кітаптарды оқу, талдау оңай болады. Осылайша бірте-бірте шариғат білімдерін үйретуге кірісеміз.

– Оқу орнына неліктен Хусамуддин ас-Сығанақи есімі берілді?

– Осы жазда институтты қалай атаймыз деген мәселе көтерілді. Біраз ұсыныстар болды. Соңында мақсатымыз айқын, ауқымды жоба болғаннан кейін дінімізге де, ұлттық болмысымызға да сай келетін атау беруді ұйғардық. Әл-Фараби немесе Абай Құнанбайұлының атында университеттер де, ғылыми-зерттеу орталықтары, мешіттеріміз де бар. Сол себепті өзімізден шыққан дін ғұламалары Түркістан жерінде туған әл-Итқани, Сайрамдағы Испиджаби, Сыр өңіріндегі Сығанақиды ұсындық. Бұхари десе, бүкіл әлем, мұсылман жұрты таниды, ал біздің елден шыққан қаншама танымал емес дін ғалымдары бар. Көне замандағы ғұламаларымызды көтерейік, соларды танытайық деген мақсатпен соңында Хусамуддин ас-Сығанақи есімі ҚМДБ Ғұламалар кеңесінде ұсынылып, талқыға салынды. Басқа ғалымдармен салыстырғанда осы ас-Сығанақидың бірнеше сала бойынша қолжазбалары, еңбектері осы дәуірге жеткен. Орта ғасырда өмір сүрген, араб-парсы және өзге де тілдерді меңгерген, дін ілімдерін зерттеген ғұлама.

– Институтқа неше шәкіртке дейін қабылдай аласыздар?

– Негізінен 100 студентке тәлім беруге мүм кіндігіміз бар. Алла қаласа келесі жылы 60-70 талапкер қабылдап, екі топқа бөліп оқытамыз деген жоспарымыз бар. Бізде оқу, тамағы, жатын орны, тіпті оқулық, кітаптарға дейін тегін. Қазақстан мұсылмандары діни бас қармасының «Уақып» қоры қаржыландырып, институттың материалдық жағдайын келістіріп отыр. Осы жобаға атсалысқан барша дін қызметкерлеріне, ұстаздарға алғыс айтып, Алла разы болсын дейміз.

 

Сұхбаттасқан Ермұрат ШОПАН

«Мұнара» газеті, №24, 2022 жыл

Ұқсас жазбалар

АУҚАТТЫ САХАБАЛАР

АУҚАТТЫ САХАБАЛАР

14 тамыз 2024 17
Іштарлық дерті

Іштарлық дерті

27 сәуір 2021 237
ҚҰРАНШЫЛАР

ҚҰРАНШЫЛАР

22 желтоқсан 2023 586