5 Зул-Қағда
Амантай Садиев: Бірлік — елдіктің басты тірегі, алтын қазығы! 4344

Амантай Садиев: Бірлік — елдіктің басты тірегі, алтын қазығы!

19 наурыз 2025 590 Оқу 1 минут

Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысына байланысты Ақтөбе өңірінде дөңгелек үстел өтіп, оған облыстың Бас имамы Амантай Садиев қатысты. 

«Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дін төңірегіндегі мәселелерді де көтерді. Ол теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажеттігін баса айтты.
Бүгінде бұл – көпшілік көкейіндегі мәселе. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ислам дінін ұстана жүріп, өзінің салт-дәстүрлерінен де ажырамаған, оларға зор құрметпен қараған. Бұрынғы аналарымыз, қазақтың қыз-келіншектері қара жамылмай, өзіміздің ұлттық дәстүрімізге сай және шариғат шеңберінен алшақтамай киінген. Біз де бүгінгі ұрпаққа солардың өнегесін үлгі етіп, яғни кимешек, шәлі секілді ашық түсті, ою-өрнекпен көмкерілген ұлттық киімдерімізді киюді әрдайым насихаттап келеміз. Мешіттердегі шаралар да дін мен дәстүр сабақтастығы аясында ұйымдастырылып, жастарға ұлттық құндылықтардың, төл тарихымызға, ата-баба мұрасына сый-құрметпен қараудың маңызы жөнінде жиі айтылады.
Қазақ халқы Ислам дінін араб болу үшін емес, мұсылман болу үшін қабылдаған. Ислам діні ортақ болғанымен, әр халық дініміздегі төрт мектепке тән жолдарды ұстанып, бүгінге дейін өзінің тілін, салт-дәстүрін сақтап келді. Ал қазақ халқы ұстанған жолы – Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзхабы. Біз үшін бұл – имандылықпен қатар, бірліктің де жолы. Бірлік – қашан да елдіктің басты тірегі, алтын қазығы. Сондықтан халқымыздың ынтымақ-бірлігіне сызат түсірмеуді дін ұстанған әр азамат өзіне мұрат тұтуы керек», деп Амантай Садиев Ұлттық құрылтайдағы көтерген дін мәселерін талдап өтті.

Айта өтсек, дөңгелек үстелге философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Әлеуметтік Ғылымдар Академиясының академигі, әуезовтанушы Алтай Тайжанов, Ұлттық Құрылтай мүшесі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Лаура Қарабасова, Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Фархат Досмұратов, «Байтақ» жасылдар партиясының Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы. Ерәділ Үббиниязов, ақтөбелік дизайнер, «Syrmak.kz» брендінің иесі Инабат Ескендір, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры директорының орынбасары, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Жандос Еспанбетов қатысты.

Жеті спикер Құрылтай аясындағы мәселерді әр маман өз саласы бойынша талқыға сала отырып, маңыздылығын түсіндірді.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі