АЛЛА ЕЛШІСІ ӘЗІЛДЕСКЕН БЕ?
Асыл дінімізде әр істің өлшемі бар. Себебі шектен шығу – құпталмайтын іс. Дәл сол секілді әзілдесудің де өзіндік сақталуы міндет болған әдебі бар. Имам Термизидің хадис жинағында мынадай бір оқиға баяндалады. Адамзаттың асыл тәжіне сахабалары: «Уа, Алланың елшісі! Сіз бізбен әзілдесесіз бе?» – деп сұраған кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрине, әзілдесемін. Бірақ мен тек шындықты ғана айтамын», – деп жауап берген.
Дәл сол хадис жинағында жазылғандай, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кейуана келіп: «Уа, Алланың елшісі! Алла Тағаладан мені жәннатқа кіргізуін тілеші», – деп өтініш қылғанда, Алла елшісі: «Шын мәнінде, қарт кісі жәннатқа кірмейді», – деп жауап берген. Бұл жауапқа көзіне жас алған кейуанаға: «Қарт кісі кәрі, кемпір болып жәннатқа кірмейді», – деп жәннатқа жас қалпында кіретінін айтқысы келген. Бұдан біз әзілдің әдебі шындыққа құрылуы, өтірік пен құрметсіздіктен ада болуы екенін байқаймыз. Бұл жөнінде ата-бабамыз «Әзіл айтсаң да, әділ айт» деп дөп басқан.
Бір кісі: «Әзілдесу жақсылыққа апармайды» деген кезде, Суфиян ибн Ғуйайна: «Жоқ, олай емес. Өз орнымен әзілдесе алатын адам үшін бұл – сүннет», – деген екен. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамға әзілдеген кезде оның кемшілігін емес, керісінше мәртебесін көтеретін болған. Сахаба Әнас ибн Мәлікке (оған Алла разы болсын) «Уа, екі құлақтың иесі» деп әзілдеген Пайғамбар ол сөзімен Әнастың зеректігін көрсеткісі келген. Яғни Пайғамбар әзілінің астары – мұсылман бауырына қуаныш сыйлау. Ал әр мұсылманға ұлағатты ұстаз болған Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл ісі – баршамызға тәрбие.
Пайғамбарымыз әзілдескенде ешкімнің көңіліне тимей, ұтымды сөздерді адамына қарап дөп басып айта білген. Бірде құрбандыққа қораз шалғысы келген хазіреті Біләл (оған Алла разы болсын) бұның дінде қалай болатынын Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сұрай келеді. Бұған Алла елшісі: «Азаншы азаншыны құрбан ете ме екен?» – деп әзілдесе отырып қойған сұрағына қораздың құрбандыққа шалынбайтынын әдемі жеткізген. Осыған ұқсас тағы бір мысал. Бір сапарда есімі «кеме» мағынасына келетін Сәфинә атты сахабаға көтеріп жүру үшін арқасына біраз жүк береді. Мұны көрген Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Міне, енді шын «кеме» («сәфина») болдың», – деп әзілдеседі. Тағы бірде түйеге отырғызуын сұраған адамға: «Мен сені түйенің ботасына отырғызайын», – деп жауап берген. Әлгі кісінің: «Мен түйенің ботасына қалай отырамын?» – деген таңданысқа толы сөзіне: «Түйе түйеден тумай ма? Әр түйе бір түйенің ботасы емес пе?» – деп әзілдескен (Әбу Дәуіт).
Өзін мүмін санайтын әр мұсылман әзілдесуге қатысты әдепті сақтағаны абзал. Пайғамбардың «Кімде кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» деген мүбәрак сөзі әзіл айтар кезде санамызда сайрап тұруы керек екенін ұғындырғандай. Себебі бабалар айтпақшы, «Әр сөздің бір зілі бар».
Елдос ЖҰМАДІЛДА
Иман» журналы, №9, 2024 жыл