ҒАЙБАТТЫҢ ЗАРДАБЫ ЖӘНЕ ЖАМАН ОЙДАН САҚ БОЛУ 3068

ҒАЙБАТТЫҢ ЗАРДАБЫ ЖӘНЕ ЖАМАН ОЙДАН САҚ БОЛУ

16 ақпан 2024 63 Оқу 1 минут

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, ол кісінің отбасы мен сахабаларына салауаттар мен сәлем жолдаймыз.

 Адамның арасын бұзып, қоғамның бірлігіне нұқсан келтіретін үлкен күнәлі істің бірі – ғайбат. Ғайбат – адамның сыртынан ол ұнатпайтын сөзді айту. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хұжырат» сүресі, 12-аятында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اجْتَنِبُوا كَثِيراً مِّنَ الظَّنِّ إِنَّ بَعْضَ الظَّنِّ إِثْمٌ وَلَا تَجَسَّسُوا وَلَا يَغْتَب بَّعْضُكُم بَعْضاً أَيُحِبُّ أَحَدُكُمْ أَن يَأْكُلَ لَحْمَ أَخِيهِ مَيْتاً فَكَرِهْتُمُوهُ وَاتَّقُوا اللَّهَ إِنَّ اللَّهَ تَوَّابٌ رَّحِيمٌ

«Уа, иман келтіргендер! Көп жаман ойға салынудан аулақ болыңдар! Шындығында ойлардың кейбірі – күнә. Бір-біріңді аңдымаңдар және бір-бірлеріңнің сырттарыңнан ғайбат сөз айтпаңдар! Әлде сендердің біреулерің өлген бауырының етін жегенді ұната ма? Әрине, сендер оны ұнатпайсыңдар. Алладан қорқыңдар! Шындығында Алла тәубені қабыл алушы һәм өте мейірімді», – деп мұсылмандардың бір-бірінің сырттарынан ғайбат айтуына қатаң тыйым салған.

Бірде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларынан:

أَتَدْرُونَ مَا الْغِيبَةُ؟ قَالُوا: اللَّهُ وَرَسُولُهُ أَعْلَمُ، قَالَ: ذِكْرُك أَخَاك بِمَا يَكْرَهُ، قِيلَ: أَفَرَأَيْت إنْ كَانَ فِي أَخِي مَا أَقُولُ؟ قَالَ: إنْ كَانَ فِيهِ مَا تَقُولُ فَقَدْ اغْتَبْتَهُ، وَإِنْ لَمْ يَكُنْ فِيهِ مَا تَقُولُ فَقَدْ بَهَتَّهُ

«Ғайбаттың не екендігін білесіңдер ме?» – деп сұрайды. Сахабалар: «Алла мен Оның Елшісі біледі», – дейді. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ғайбат – бауырың туралы сыртынан ол ұнатпайтын түрде еске алып айтуың», – дейді. Бір сахаба: «Ал сондай сипат оның бойында болса ше?» – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер ол сен айтқандай болса, оны ғайбаттаған боласың, ал егер олай болмаса, жала жапқан боласың», – деп жауап береді (имам Тирмизи, Насаи).

Хадисте айтылғандай ғайбат – адамның сыртынан айтылған сөздер. Егер адамдардың айтқандары дұрыс болған күннің өзінде, ол – ғайбат болып саналады. Ал егер айтылған нәрселер оның бойында болмаса – әрі ғайбат, әрі жала болып, күнә үстіне күнә арқалайды.

Ғайбат тек тілмен ғана болмайды, іспен біреуді мақазақ етіп көрсету арқылы да жүзеге асады. Имам Ғазали (Алла оны рақымына алсын):   «Исламда ғайбат айту – харам. Ғайбат сөзбен айтылып қана қоймайды, тұспалдап, астарлап, мысқылдап та айтылады, адам іс әрекетімен де ғайбат етеді, біреуге нұсқау беру арқылы да жүзеге асырады», – деген.

Бүгінгі уағызымызда ғайбаттан сақтану жолдары, ғайбат күнә деп танылмайтын жағдайлар және ғайбаттың кәффараты жайында баяндайтын боламыз.

Ғайбаттан сақтану жолдары

 

Бірінші: Ғайбаттың үлкен күнә екенін білу

Ғайбат – үлкен күнә. Қасиетті Құран аятында ғайбат айту адамның өлген бауырының етін жеумен салыстырылуынан да оның қаншалықты үлкен күнә екендігін түсінеміз. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Кімде-кім дүниеде мұсылман бауырының етін жесе (ғайбаттап, өсектеп), қиямет күнінде ол адамның еті оған ұсынылып «Оның өлі етін же. Өйткені сен тірі кезіңде оның етін жегенсің» делінеді», – деген.

Ғайбат айтушының қияметтік жазасы да ауыр болмақ. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لَمَّا عُرِجَ بِي، مَرَرْتُ بِقَوْمٍ لَهُمْ أَظْفَارٌ مِنْ نُحَاسٍ يَخْمِشُونَ وُجُوهَهُمْ وَصُدُورَهُمْ، فَقُلْتُ: مَنْ هَؤُلاءِ يَا جِبْرِيلُ؟ قَالَ: هَؤُلاءِ الَّذِينَ يَأْكُلُونَ لُحُومَ النَّاسِ، وَيَقَعُونَ فِي أَعْرَاضِهِمْ

«Миғражға шығарылғанымда қолдарында мыс тырнақтары бар, олармен беттері мен кеуделерін тырнап жатқан адамдардың қасынан өттім. Сонда мен: «Уа, Жебірейіл! Мыналар кімдер?» – деп сұрадым. Ол: «Бұлар адамдардың ар-намыстарына тиіп, олардың етін жегендер», – деді», – деген (имам Әбу Дәуід).

 

Қисса

Хазіреті Әнас (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Пайғамбарымыз бір күні ауыз бекітуімізді әмір етіп: «Рұқсат етілмейінше ешкім оразасын ашпасын», – деді. Кеш қараңғылығы түскен кезде Пайғамбарымыз алдына келгендерге ауыздарын ашуға рұқсат берді. Осы кезде бір кісі келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Екі жас қыз ораза ұстап, қатты шаршады. Сіздің алдыңызға келуге ұялады, білем. Қарсы болмасаңыз, оразаларын ашсын» – деген кезде Пайғамбарымыз рұқсат бермей қояды. Әлгі кісі тағы екі мәрте пайғамбардың алдына келеді. Ақырында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Олар ораза ұстаған жоқ. Күні бойы адамның етін жегендердің ауыздары қалай берік болады? Оларға айт, ораза тұтқан болса, асқазанындағысын сыртқа шығарсын, көрейік» – дейді. Әлгі кісі ардақты Пайғамбарымыздың айтқандарын жеткізеді. Олар Пайғамбарымыздың айтқанын орындайды. Алла Елшісінің айтқаны айдай келіп, әлгілер қан лоқсиды. Жаңағы кісі Пайғамбарымызға келіп жағдайды баяндаған кезде «Шыбын жанымды құдіретті уысында ұстаған Аллаға ант етейін, егер құспай бұл қан асқазандарында қалғанда оларды жаһаннамның (тозақтың) оты жұтар еді», – деді. Екінші бір риуаятта әлгі кісі екінші рет келіп: «Уа, Алланың Елшісі, шыдамдары таусылып, аштықтан бұратылып тұр» – дейді. Пайғамбарымыз оларды әкелгізіп біреуіне: «Кәне, лоқсы» – деді. Ол қан аралас ірің лоқсиды. Тіпті, ыдыс толып кетті. Екіншісі де дәл солай. Осыдан кейін Пайғамбарымыз «Бұлар халал жолмен ораза ұстады. Бірақ, адамдардың етін жеу арқылы харам жеді», – деген болатын.


Екінші: Жаман ойдан сақтану

Алла Тағала қасиетті Құранның «Хұжырат» сүресі, 12-аятында ғайбаттан алдын жаман ойдан сақтануды бұйырып:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اجْتَنِبُوا كَثِيراً مِّنَ الظَّنِّ إِنَّ بَعْضَ الظَّنِّ إِثْمٌ وَلَا تَجَسَّسُوا وَلَا يَغْتَب بَّعْضُكُم بَعْضاً

«Уа, иман келтіргендер! Көп жаман ойға салынудан аулақ болыңдар! Шындығында ойлардың кейбірі – күнә. Бір-біріңді аңдымаңдар және  бір-бірлеріңнің сырттарыңнан ғайбат сөз айтпаңдар!» – деп айтқан.

Ғайбатқа ең алдымен себепші болатын іс – күдікті ойлар. Жаман ой пайда болуымен қатар жүректе қалып қоймай, ақиқатқа жеткісі келіп тіміскіленеді.    Сондықтан да Алла Тағала аятта алдымен жаман ойдан, кейін сыр тексеруден, одан кейін ғайбат айтуға тыйым салған.

Кейбір ғалымдар жаман ойлауды ғайбаттың жасырын түрі деп атаған. Өзгені тілмен жамандау харам етілгеніндей, жүрекпен де жаман ойлауға болмайды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِيَّاكُمْ وَالظَّنَّ، فَإِنَّ الظَّنَّ أَكْذَبُ الْحَدِيثِ

«Жаман ойдан сақтаныңдар! Расында жаман ой – ең жалған сөз», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

Сонымен қатар жоғарыдағы аят біздерге өзгенің қателігін іздеуден де сақтандырып, тыйым салған. Тырнақ астынан кір іздеп, басқа біреудің кемшіліктерін тізбектеп отыру да адамды ғайбатқа жетелейді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, тілімен иман келтіріп, жүректерімен сенбегендер! Мұсылмандардың сыртынан сөз айтып, кемшіліктері мен кінәларын тізбелемеңдер. Кімде-кім мұсылмандардың құпия халдерін іздесе, Алла Тағала да оның кінәларын ашады, тіпті, үйінде тығылып отырған күннің өзінде оны жұртқа масқара етеді», – деп ескертеді.

«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ», пенде болған соң адамның күнә жасауы мүмкін. Біздің міндетіміз – діндес бауырларымыздың күнәсін барынша жасырып, жария етпей, қайта оның сол кемшіліктері мен күнәлардан арылуы үшін қол ұшын созып, тілекші болу екенін ұмытпауымыз қажет.


Үшінші: Өзімізді ұстамдылыққа тәрбиелеу

Ұстамдылық – мұсылманның күнә атаулыдан сақтануы үшін басты қаруы. Шайтан адам баласына күнәлі істі көркем етіп көрсетіп, оны жасату үшін бар айласын салып бағатыны белгілі. Бірақ иман келтірген жан әркез өзін суық жолдан ұстап, тіл арқылы және іспен болатын барлық күнәлі істерден әркез сақтанып жүруі тиіс. Осылайша өз нәпсісімен күресе білген адам үшін ақыретте берілетін сыйлықтар да өте мол. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْ يَضْمَنْ لِي مَا بَيْنَ لَحْيَيْهِ وَمَا بَيْنَ رِجْلَيْهِ أَضْمَنْ لَهُ الْجَنَّةَ

«Кімде-кім екі сақалының (яғни, мұрты мен сақалының) арасындағы (яғни, аузы мен тілі) мен екі аяғының арасындағысына кепілдік берсе, мен оған жәннатты кепіл етемін», – деген (имам Бұхари).

 

Қисса 

Бір адам ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың Елшісі! Бір дәулетті әйел күнде садақа береді, бес уақыт намаз оқиды, көп жақсылық жасайды. Бірақ тіліне ие бомайды. Ал басқа бір әйел бар, ол кедей тұрады. Ешқандай садақа бере алмайды. Бес уақыт намаз оқиды. Бірақ тіліне ие болып, ешкімді тілдемейді. Осы екі әйелдің қайысысына сауап жазылады», – деп сұрады. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ауқатты әйел адам көп қайыр-садақа бергенімен, тіліне ие боламаса, оның  жақсылығын айтқан ғайбаты жойып отырады. Ал екінші әйелдің қолы қысқа болып, қайыр-садақа бере алмаса да, тіліне ие болып, ешкімді ғайбаттаған жоқ, оның барар  жері – жәннат», – деді.  


Төртінші: Өзгеден естіген сөзді тексерусіз басқаға айтпау

«Құлақтан кірген суық сөз, көңілге барып мұз болар» демекші, біреудің сыртынан айтылған сөздер жүрегімізге жара салып жаман сезімнің, өшпенділіктің тууына жол ашады. Сондықтан «Пәленше бұлай істепті», «Біреу былай депті» деген ақпаратқа нақты көзіміз жетпесе, ешбір сүзгіден өткізбей өзгеге жеткізуден барынша сақ болуымыз қажет.

Ғайбат сөзді бар ықыласымен құлақ түріп, ынта қоя тыңдаған адам да ғайбаттаушымен тең. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тыңдаған адам да – ғайбаттаушылардың бірі», – деген. Сондықтан біреудің сыртынан жаман сөз айтылғанда оған тосқауыл болуы керек. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кімнің қасында мұсылман бауыры жамандалып, кемсітіліп жатқан кезде күші жете тұрып оған көмектеспесе, қиямет күні Алла Тағала да оны төмендетіп масқара қылады», – деген.

 

Ғайбат күнә деп есептелмейтін жағдайлар

Ислам ғалымдары айтып жеткізудің басқаша жолдары болмағанда, яки адамды түзету мақсатында айтылуға рұқсат берілген ғайбаттың мына алты жағдайда болатынына ортақ пікірлерін білдірген:

Бірінші: Жәбірленуші ақысын алу үшін өзіне қиянат жасаған адамға арызданып «ол маған мынаны-мынаны істеді» деп жәбірлеушіден ақысын алып беруге құзырлы адамға сыртынан шағымданып, сөз айта алады.

Екінші: Жаңылыс бір әрекетті түзету және күнә жасаған кісіні дұрыс жолға салу мақсатында жәрдем сұрап, ол жайлы сөз айтуға болады. Оның ниеті тек жамандықты түзету болу керек, ал, басқа мақсатта болса, онда ол харам болмақ.

Үшінші: Пәтуа сұраушы кісі «Пәленше маған былай әділетсіздік жасады. Бұлай жасауы дұрыс па? Одан ақымды алып, көрсеткен қиянат-жәбірінен құтылу үшін не істеуге болады?» – деп айта алады. Асылы, адамдардың аттарын атамай-ақ «былайша әрекет еткен бір кісі жайлы не айта аласыз?» деуі жөн болса да, мұндай жағдайда атын атау да күнә емес.

Төртінші: Залалдың алдын алу, зиянға жол бермеу мақсатымен мұсылман бауырын ескерту үшін насихат жасаған кезде. Біреу екінші бір адаммен ортақ жұмыс істегісі келіп, оны танитын адамдарынан келешекте бірге жұмыс істейтін адамы жайлы пікір сұраса немесе оған аманат табыс еткісі келсе, не онымен көрші болғысы келсе, оны танитын кісі ешқандай жаман ниетсіз оның кемшіліктерін ашық айтып, ол жайлы мәлімет бере алады.

Бесінші: Іштей еш дұшпандық ойлап кемсітпестен, тек таныту мақсатында «ана аяғын сылтып басатын кісі ше» немесе «ана көзі көрмейтін кісі бар еді ғой» деп айтуға болады. Басқа сыпайы сипаттарымен таныту мүмкін болса, сол сипаттарын қолдану арқылы танытқан абзал.

Алтыншы: Ашықтан-ашық күнә істеп, бұдан еш ұялмаған, тіпті, жасаған күнәларын мақтан тұтқан пасық адамның сыртынан сөз айтуға болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Пасық пен күнә жасаудан қысылмай жария ететін (мужаһир) адамдардың сыртынан айтылған сөз ғайбат болмайды», – деген (имам Байһақи).

 

Ғайбаттың кәффараты

Ғайбат етудің кәффараты – өкініп тәубе ету және ғайбатталған адамның разылығын алу болып табылады. Ғайбат етілген адам мұны естіген болса, тәубе етумен кешірілмейді. Ол жағдайда әлгі адамның разылығын да алу қажет. Ал ғайбатталған кісінің бұдан хабары жоқ болса, тәубе және истиғфар айтып және оған игі дұға ету арқылы кешіріледі.

 

Құрметті жамағат!

Адамдарды пенделіктен арылтып, кемелдікке бастау үшін жіберілген ислам діні қоғамдық өмірдегі бірліктің берекесін қашыратын жаман мінездерден ұзақ болуды насихаттайды.

Ислам діні жеке адам құқығына ерекше мән бергендіктен оның ар-намысын қорғауға басты назар аударған. Ар-намыс – жеке тұлғаның адамшылығының негізгі тірегі. Ал, ғайбаттау – жеке адам құқына қол сұққанмен бірдей. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

كُلُّ المُسْلِمِ عَلَى الْمُسْلِمِ حَرَامٌ؛ دَمُهُ، وَمَالُهُ، وَعِرْضُهُ

«Мұсылманның мұсылманға қаны, малы және ар-намысы – харам», – деп айтқан.

Алла Тағала біздерді түрлі тіл кесапаттарынан сақтап, қасиетті жұма күнгі дұға тілектерімізді қабыл еткей!


ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі