Адамды құрдымға кетіретін 4 нәрсе 1336

Адамды құрдымға кетіретін 4 нәрсе

23 ақпан 2022 205 Оқу 1 минут

Мұсылман рухани кемелдікке жету үшін бойында ізгі қасиеттерді қалыптастырып қана қоймай, сонымен бірге оны құрдымға кетіретін, иман «бұлағын» лайлап, ақыретіне зиян тигізетін зарарлы қасиеттерден арылуы тиіс. «Құтыға» мөлдір су құймас бұрын, ішін «қоқыстан» тазартқан абзал. Себебі мұндай зиянды қасиеттер біздің толыққанды мұсылман болуымызға айтарлықтай кедергі келтіреді. Күнделікті өмірімізде де алдымыздан шығып, тұлға ретінде дамуға да зиянын тигізеді. Бұл қасиеттер – жанның «нәжісі». Киімге нәжіс жұқса құлшылық толық орындалмайтыны секілді, жанға кесірлі қасиеттермен Аллаға жақындай алмаймыз. Бұлардың саны көп болғандықтан, арасынан көп байқала бермейтін, бойымызда болса да, өзімізге біліне бермейтін, бірақ салдары үлкен негізгі 4 нәрсеге тоқталғымыз келеді.


ЗЕРІГУ ҺӘМ ЖАЛЫҒУ

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Ғибадаттардың шамаларың жететінін таңдаңдар. Сендер құлшылықтан жалықпайынша, Алла Тағала сендерге сауап беруді үзбейді».

Дінге бет бұрып, құлшылық жасай бастаған адам бастапқыда ерекше сезімге беріліп, өте ықыласты болады. Барлығын уақытында жасап, ағаттыққа жол бермейді. Парыз ғибадаттармен қоса нәпіл ғибадаттарды да толық орындап, өзінің «планкасын» тым жоғары көтереді. Өмірінің соңына дейін осы деңгейде өмір сүремін деп ойлайды. Алайда адамның ықыласы өте құбылмалы. Бір кезде лаулап жанса, енді бірде шоқтанып қана тұрады. Мұндай кезде адамның бойын зерігу сезімі билейді. Жасап жатқан амалдары қиындық туғызып, бәрінен жалыға бастайды, күнделікті құлшылық-ғибадаты бұрынғыдай ләззат әкелмейді. Құлшылықтарын «орындалды» деген белгі қою үшін ғана жасайды. Ұзақ уақыт ұйқыда жатқан нәпсісі оянып, оның ниетін бұзып, түрлі ой сала бастайды. Нәтижесінде зерігуді басу үшін нәпсі қалауына еріп, екі дүниесіне де пайдасыз нәрселерге назары ауады. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Тіпті адамды діннен алыстатып, күпірлікке алып келуі мүмкін. Мұндай кезде не істеу керек?

Біріншіден, жоғарыда айтылғандай адам өзіне тым биік меже қоюдан аулақ болу керек. Егер күнделікті өмірің, қызметің саған еш қиындықсыз барлық ғибадатты толық орындауға мүмкіндік берсе, онда керемет. Ал егер сенде ондай мүмкіндік болмаса, алдымен парыз ғибадаттарыңа көңіл бөл. Содан кейін мүмкіндік болып жатса, басқаларын да орындауға болады. Мысалы, мешіттегі имам мен мемлекеттік қызметкерді алайық. Біріншісі үшін барлық жағдай жасалған, дәрет алатын жері дайын, жайнамазы төсеулі, тақиясы басында, тәспісі қасында. Екіншісі үшін нәпіл намаз тұрмақ, дәрет алу мен парыз намаздың өзін өтеу қиындық туғызады. Ондай адамнан бес уақыт намаздан бөлек қосымша нәпіл намаздарды өтеуді сұрау – әбестік.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір сөзінде: «Амалдың ең қайырлысы – аз да болса, жалғасын тапқаны» деген болатын. Демек жалғасын тапсын десең, аздан баста. Аптасына 2 рет емес, 1 рет нәпіл ораза ұста, таһажжут намазын 5 күн емес, 2 күн оқы. Құранды күніне 1 пара емес, 5 бет оқы. «Біресе көл, біресе шөл болғаннан» осылай жайлап бастаған дұрыс. Уақыт өте келе мүмкіндігіңе қарай арттыра түссең болады. Осы ретте Пайғамбарымыздың «Дінді ауырлатпаңдар – жеңілдетіңдер. Қорқытпаңдар – сүйіншілеңдер» деген хадисін тілге тиек етсек болады.

Екіншіден, саған демеу болатын, ықыласыңды арттырып, «отын» салып тұратын жақсы орта табу. Көп жағдайда адамды құтқарып қалатын – жанындағы адамдар. Зеріккен кезде де қасыңнан жақсы адамдар табылса, бұрынғы қалпыңа қайта оралып, иманыңды жаңартуға септігін тигізеді. Сондықтан әркім өзінің араласатын ортасына жіті мән берген жөн. Өзіңнің қандай болғаныңды қаласаң, сондай адамдарды ізде. Жамағат күші – өте қуатты күш. Ол сені кез келген қиын жағдайдан алып шығады.


ҚОРҚЫНЫШ

Адам баласы – әлсіз жаратылыс. Сондықтан оның өмірінде кездесетін небір қиындықтар мен шиеленістер бойында қорқыныш сезімін тудырады. Тіпті ас батпай, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылады. Мұның барлығы – Жаратушыға деген иманның әлсіздігі, тәуекелдің жоқтығынан. Қиындықты жаратқан Алла, соның шешімін тауып беретінін ойлап, парқына бармайды. Алла Тағала Құранда: «Әрине сендерді қayiп-қатер, аштық және малдан, жаннан, сондай-ақ өнімген кеміту арқылы сынаймыз. (Мұхаммед) сондай жағдайда сабыр етушілерді қуант! Қашан оларға бip қайғы жетсе: «Олар «Шын мәнінде біз Аллаға тәнбіз әpi Оған қайтушымыз» деді. Miнe соларға, Раббылары тарапынан жарылқау және мәрқамет бар. Әpi олар – тура жолдағылар» («Бақара» сүресі, 155-157 аяттар) деу арқылы барша қиындықтың жай ғана сынақ екенін аңғартып отыр.

Кез-келген адамның өмірінде көптеген жолдар мен қиылыстар бар. Әр қиылыста дұрыс таңдау жасау оңай емес. Ол білімді, тәжірибені, қырағылықты, дәл есептеуді және белгілі бір ақыл-ойды қажет етеді. Не болып жатқаны маңызды емес, оған деген біздің қатынасымыз маңызды. Дүниелік қиындықтар мен қауіп-қатерлерге деген дұрыс көзқарас пен берік иман адамды шыңдайды және оны айтарлықтай жоғары рухани және материалдық деңгейге көтеруі мүмкін. «Күдіксіз сондай: «Раббымыз Алла» деп, сосын тұп-тура кеткендер, оларға қауіп-қатер жоқ. Әрі олар күйінбейді. Міне осылар – жәннаттық. Амалдарының бодауы түрінде онда мәңгі қалады» («Ахқаф» сүресі, 13-14 аяттар), «Негізінен иман келтіріп iзгi ic iстегендер, намазды толық орындап, зекет бергендер үшін Раббыларының сыйлығы бар. Оларда қорқыныш жоқ әpi олар қайғырмайды» («Бақара» сүресі, 277-аят) деген Құранның аяттары – осының дәлелі.

Әрине, қорқыныштан толықтай құтылу мүмкін емес. Оны өршітіп алмай, дұға форматына ауыстырып, Жаратушы Иеге тапсыра аламыз. Қорқыныш иманы әлсіз адамды ақыл-есінен адастырып, небір салдары ауыр қадамдарға итермелеуі мүмкін. Мүмін адам қиындықпен бетпе-бет келсе де, жан тыныштығы мен ақыл-ойының тазалығын сақтауға тырысады. Бәрін де өзінің парасатымен және Аллаға деген берік сенімімен шешудің амалын жасайды.

 

ҮМІТСІЗДІК

Үмітсіздік – адамның қандай бір нәрседен күдер үзуі, шарасыз һәм лажсыз күйі. Үмітсіздік адамның толыққанды өмір сүруіне және тұлға ретінде қалыптасуына кедергі келтіретін, жетілу мен жан-жақты даму процесін тежейді.

Адам кей жағдайда қолынан келгеннің бәрін істеп, қанша тырысса да, нәтижесін көрмеуі мүмкін. Мұндай кезде үмітсіздікке салынбай, барлық сынақтан сүрінбей өту – өте маңызды. Нағыз мұсылман сабырлық танытып, тағы да бір-екі әрекет жасап, нәтижесін Аллаға қалдырады. Алла Тағала Құранда үмітсіздік жайлы былай дейді: «Ол сондай Алла, олар күдер үзгеннен кейін жаңбыр жаудырып, рахметін шашады. Ол мақтаулы ие» («Шура» сүресі, 28-аят).

Әр адамның өмірінде өз «қуаңшылығы» болады. Қандай да бір жоспарлаған ісі жүзеге аспай, ойдағыдай болмай жатады. Сондай кезде «Құдайым-ау, неге бұлай болды?» деп шағымданғаннан көрі, «Уа, Жаратушы Ием, не берсең де, қайырлысын бер!» деп дұға етер болсақ, Алла Тағала міндетті түрде Өзінің мейірім «жаңбырын» жаудырады. Адам дүние игілігінің артынан жүгірген сайын, ол қаша беретінін есте ұстаған жөн. Егер ішкі жан дүниесінде одан тәуелсіз, ниеті дұрыс болса, игілік оған қарама-қарсы жүгірер еді.

Тағы бір аятта Алла Тағала былай дейді:«(Мұхаммед): «Әй, өздеріне зиян қылған құлдарым! Алланың рахметінен күдер үзбеңдер. Алла біртұтас күнәларды жарылқайды. Өйткені Ол тым Жарылқаушы, төтенше Мейірімді» де. Өздеріңе апат келуден бұрын Раббыларыңа қайтыңдар, Оған бойұсыныңдар. Кейін жәрдем көре алмайсыңдар» («Зүмәр» сүресі, 53-54 аяттар).

Бұл аятта Алла өзінің мейірімінен күдер үзбеу жайлы ғана емес, сонымен бірге адам баласының күнә жасап, өз-өзіне зиян қылу бейімділігіне ие екенін айтуда. Бірақ адам қанша күнә жасаса да, шынайы тәубе етсе, Алла Тағала Ғафур және Рахим есімімен күнәларды толық кешіреді. Бұл жерде күнәдағы үмітсіздік туралы сөз болып отыр. Адам кей уақытта үлкенді-кішілі күнә жасап, өзін «кешіріміге лайық емес» адам ретінде көріп, Құдайдан үмітін үзеді. Жасап жүрген ғибадаттарын толық тастап, бұрынғы ғапыл өміріне қайтып жатады. Одан сайын күнәға батып, өзіне содан жұбаныш іздейді. Бұл – бір жағынан бұл діннен алыстау үшін ойлап табылған сылтау болса, екінші жағынан Алланың рақымынан күдер үзу. Жүрегінде иманы бар шынайы мұсылман ешқашан үмітін жоғалтпайды. Қанша күнә істесе де, шын жүректен тәубе етіп, Аллаға қайтып оралады. Өйткені ол Алланың рақымы оның азабынан асып түсетінін біледі және соған иман етеді.

Торығу, рухтың құлауы – ауыр сезім. Алайда иманды жанның бойында әрдайым «үміт» дейтін жарық сәулесі бар. Ол оны ешқашан тастамайды, қараңғы түнекте жол көрсетер жарығы болады.


ТӘКАППАРЛЫҚ

Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен хадисте былай делінеді: «Менмендік – шындықты теріске шығару, адамдарды елемеу және оларды қорлау». Бұл хадис тәкаппарлықтың екі зиянды әдетін айқын көрсетіп тұр. Біріншіден, адам өзін басқалардан жоғары санайды. Екіншіден, ол өз пікірін ақиқаттан да маңызды деп ойлайды.

Періштелерден де жоғары дәрежеге жеткен Ібілісті Алланың қаһарына ұшыратқан осы тәкаппарлық болатын. Сол секілді Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбардың Алла Тағаланың шынайы елшісі екенін біле отырып, яһудилер мен екіжүзділер оны мойындамады. Олардың білместігі емес, надандығы мен тәкаппарлығы бұл ақиқатты қабылдауға мүмкіндік бермеді. Менмендік – жанның барлық ауруының себебі. Алла елшісі жүрегінде тозаңның түйіріндей тәкаппарлығы бар адамның жұмаққа кірмейтіні жайында айтып өткен.

Күнделікті өмірде тәкаппарлық 3 түрде көрінуі мүмкін:

Сөзбен. Біреумен сөйлесу немесе сөз таластыру барысында өзіңнің одан ақылдырақ немесе мықтырақ екеніңді айту.

Іс-әрекетпен. Көпшілік ортада қимыл, іс-әрекетіңмен өзгелерден жоғары екеніңді білдіру.

Көзқараспен. Басқаларға менсінбей қарау, жиіркену. Сөзімен және іс-әрекетімен кішіпейілділік танытса да, көзқарасы өзгермейді.

Ойлаумен. Бұл – өте қауіпті түрі. Себебі адам барлығын (сөзін, іс-әрекетін, көзқарасын) бақылай алса да, ойына әмір жүргізе алмайды. Бір сәтке болса да, «мен одан артықпын» деген ой қылаң беруі мүмкін. Басқалар оны көрмесе де, сезбесе де, бәрін Білуші құдіреті күшті Алла Тағала ол ойынан хабардар екенін біледі.

Алайда кейбір кезде адамның ойында, жүрегінде тәкаппарлық болмаса да, жанындағы адамдар оның өзін-өзі ұстауына, жүріс-тұрысына қарап, оған «өркөкірек, паң» деген баға беруі мүмкін. Мұндай кезде ең бастысы – ойды таза ұстау. Абдулла ибн Масғуд (оған Алла разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жүрегінде шаңның тозаңындай тәкаппарлығы бар адам жәннатқа кірмейді», – деген еді. Сонда бір адам тұрып: «Уа, Алланың елшісі! Адам әдемі киім кешек, әдемі аяқ киім киюді жақсы көреді. Сол тәкаппарлыққа жата ма?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Есімдері мен сипаттары көркем болған Алла Тағала көркемдікті жақсы көреді. Ал тәкаппарлық – ақиқатты мойындамау және адамдарды жаны жаратпау», – деп нақтылайды» (Мүслім). Шынтуайтында, басқалардың көзінде тәкаппар болып көріну мен шынайы тәкаппар болу екі бөлек дүние. Ішіңдегі нәрсені Алла Тағаладан басқа ешкім білмейді.

Құранда Алла Тағала құлдарына былай ескерту жасайды: «Адамдарға паңсып, қырындама және жерде кердеңдеп жүрме. Расында Алла, бүкіл дандайсыған мақтаншақты жақсы көрмейді. Жүрісіңде орташа бол да, даусыңды бәсеңдет. Сөз жоқ, дауыстың ең жаманы – есектің дауысы» («Лұқман» сүресі, 18-19 аяттар).

Менмендік пен өзімшілдік – адам бойындағы ең жаман қасиеттер. Олар – барлық жаман қасиеттің түп тамыры. Менмендік адамға дінді ұстануға және шындықты мойындауға мүмкіндік бермейді. Менмен адамға өзінің пікірі ғана шындық секілді көрінеді, ақиқатқа көзі соқыр, құлағы керең болады. Менмендігінің кесірінен жанындағы адамдармен қарым-қатынасы бұзылып, қоғамнан бөлектенеді. Тәкаппар адам өзінің қателігін мойындауға қабілетсіз келеді. Оның тәкаппарлығы бойынша қандай да бір кемшілігі бар екенін мойындауға мүмкіндік бермейді. Бірақ мұндай адам өзіне қандай зиян келтіретінін түсінбейді. Тағы бір аятта Алла Тағала былай дейді: «Жер жүзінде орынсыз түрде дандайсығандарды ұзақтастырамын. Егер олар барлық белгілерді көрсе де оған сенбейді. Сондай-ақ олар тура жолды көрсе, оны жол қып ұстамайды. Ал егер қисық жолды көрсе, оны жол қылып алады. Бұл олардың аяттарымызды өтірік деп одан ғапыл болғаны» («Ағраф» сүресі, 146-аят).

Суфиян әс-Сәури: «Нәпсіқұмарлықпен болған күнәнің кешірілуіне үміт бар, бірақ тәкаппарлықтан болған күнәнің кешірілуіне жол жоқ. Оның себебі –Ібілістің күнәсі тәкаппарлықтан болатын, ал Адам Атаның күнәсінің негізі құмарлықтан еді» деген болатын.

Алла Тағала адамға жақсылық жасауды және Оған немесе басқаларға зиян келтіретін барлық жамандықтан аулақ болуды бұйырды. Тәкаппарлық – адамның жүрегін көлегейлеп, оған адамдардағы жақсылықты, олардың және өзінің рухани сұлулығын көруге мүмкіндік бермейтін перде іспетті. Менменшіл адам үшін бүкіл өмір – өзі ғана жеңіске жетуі тиіс жарыс алаңы. Құдси хадисте айтылғандай, Аллаға ғана тән сипатты иеленіп, Жаратушымен таласқа түсуге ұмтылады. Ондай адамның ақыры қандай болатынын хадистің соңында айдан анық айтып тұр.

Жоғарыда аталған 4 қасиет – адам өмірін бұзатын, Алла Тағаламен қарым-қатынасының шытынауына әкелетін, иманына сызат түсіретін, бақытсыздыққа апаратын қауіпті нәрселер. Бір Алла Тағаланың мейіріміне жүгініп, олардан дереу арылатын болса, адам баласының жаны жай тауып, екі дүниеде де жүзі жарық болары сөзсіз.

 

Әділет КӨПЕН,

ҚМДБ Жастар секторының меңгерушісі

«Мұнара» газеті, №3, 2022 жыл