Тәуелсіздікке екі тілек 280

Тәуелсіздікке екі тілек

28 қазан 2020 195 Оқу 1 минут

Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) жөргектегі баласы мен әйелін елсіз жатқан Мекке жеріне тастап бара жатып, Хақ Тағаладан:

رَبِّ اجْعَلْ هَٰذَا بَلَدًا آمِنًا وَارْزُقْ أَهْلَهُ مِنَ الثَّمَرَاتِ مَنْ آمَنَ مِنْهُم بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ

«...Раббым! Мұны тыныш қала қыла көр. Оның тұрғындарынан Аллаға және ақырет күніне иман келтіргеніне әртүрлі өнімдермен ризықтандыр»...[1]»,-деп дұға жасады. Демек, пайғамбар тілегі – тыныштық болды. Меккеден Ясрибке қоныс аударған ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жаңа қонысы құтты болу үшін: «Уа, Алла! Мадина шаһарын біздің жүрегімізге Меккедей жағымды ет, тіпті одан да қатты жағымды жаса. Шаһардың суы мен ауасын бізге жайлы ет, өлшеп тартатынын (сауда-саттығын) берекетті ет...[2]»,-деп дұға етті.

27 жыл. Жалпы, Тәуелсіздік алған жылы туған жастар жиырма жетіде. Сонда бүгін 40 жастан асқан адамның Тәуелсіздікке қол жеткізуде қандай үлесі бар? Тәуелсіздік ата-бабаның қаны мен терісін, тіпті өмірін пида етуімен келген күн. Олар армандап кеткен құтты күн жемісін біздер көріп жатырмыз. Тәуелсіздік – Тәңірдің тартуы. Ата-бабаларының еңбегі үшін ұрпағына берген сыйы. Олай дейтінім, Құран Кәрімде: «...Олардың әкесі ізгі кісі болатын...[3]»,-деген аят бар.

Бұл аяттың мынадай оқиғасы бар. Мұса (ғ.с.) Хызырмен ұзақ сапарға шығады. Мақсаты Хызырдан (ғ.с.) Хақ Тағаланың берген білімін үйрену. Хызыр (ғ.с.) себебін адам түсіне алмайтын үш үлкен тірлік істейді. Соның бірі, Мұсамен (ғ.с.) шаршап-шалдығып бір ауылға келеді. Құдайы қонақпыз деп ас-су сұрағанда ауыл тұрғындарының сараңдығы соншалық бір кесе су да бермейді. Осы кезде Хызыр ауылдағы құлайын деп тұрған бір қабырғаны түзетеді. Шаруаны бітірген соң Мұса (ғ.с.) мына жұмысымыз үшін ақы алсақ, ас-суымызды сатып алар едік,-дегендей ой білдіреді. Хызыр (ғ.с.) бұл ісінің мәнін түсіндіріп: Ол қабырға екі жетім баланікі. Қабырға астында оларға тиесілі қазына бар. Алла Тағала жетімдер ер жетіп, сол қазынаны иемденуін қалауда»,-деп жауап берді. Осы аят тәпсірінде әкенің жақсылығы балаларына жұғысты етілетіні меңзелуде. Аталмыш аяттың тағы бір тәпсірінде: «әке деп тұрғаны жетінші атасы»,-деген де түсіндірмесі кездеседі. Демек, тәуелсіздік иманды да ізгі ата-бабамыздың қаны мен жаны үшін Алла Тағаланың бізге берген сыйы. Қазақтың: «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық»,-деген дана сөзінің төркіні қайда жатыр десеңші! Аяттағы «...қабырға астында ол екеуіне тиесілі қазына бар...[4]» қазына – білім, алтын тақтайға жазылған даналық деп тәпсірленген. Демек, біздің жеріміз қойнауындағы байлық пен ата-бабамыздың рухани байлығы, ілімі халыққа бұйырады. Ең бастысы, рухани және әлеуметтік тұрғыдан бай және тәуелсіз болу үшін білім алу және еңбек ету қажет.

Ендеше, Тәуелсіздікке екі тілек – елде тыныштық пен имандылық болсын! Тыныштық тұрақты дамудың, ал имандылық дұрыс бағытта дамудың кепілі болмақ.

Мұса ЕРБАТЫР,

арнайы nurgasyr.kz үшін

 


[1] Бақара сүресі, 126-аят

[2]Бұхари, Муслим

[3]Кәһф сүресі, 82-аят

[4]Кәһф сүресі, 82-аят