ЖАНЫҢДЫ САЛЫП ЖАСАЙТЫН ҚҰЛШЫЛЫҚ 1892

ЖАНЫҢДЫ САЛЫП ЖАСАЙТЫН ҚҰЛШЫЛЫҚ

10 шілде 2022 112 Оқу 1 минут

Уақыт зулап өтуде. Қажылық маусымы да таяп қалды. Әлемді жайлаған пандемия салдарынан екі жыл қатарынан үлкен қажылыққа бара алмаған мұсылман үмбеті осы жолы ерекше дайындықпен қасиетті сапарға ниет етіп отыр. Шын мәнінде, адам баласы көп жағдайда кез-келген нәрсені барында бағаламайды. Екі жылға созылған үзіліс қажылықтың қадірін арттыра түскендей.

Қажылық жасау – жағдайы бар мұсылманға парыз. Бұған Құранда мынадай дәлел бар: «Соның өзі – айқын мұғжиза. (Оның ішінде) Ибраһимнің мақамы да бар. Ол шаһарға кірген адам баласы қауіпсіз жағдайда болады. Жағдайы бар адамдар үшін Қағбаға барып, Алла алдында қажылық жасау – парыз. Ал кімде-кім бұған сенімсіздік білдірсе, ақиқатында, Алла күллі әлемге де мұқтаж емес» («Әли Имран» сүресі, 97-аят).

Қажылық – үлкен тәрбие мектебі. Ихрам хәліне кірген мұсылман «Ләб­бай­ка Аллаһум­ма ләб­байк, ләб­байка ләә шә­ри­ка лә­кә ләб­байк, ин­нал­хам­да уан­ниғмә­тә лә­кә уал­мул­ка ләә шә­ри­ка ләк»  деп көп дұға жасайды. Оның мағынасы: «Уа, Алла Тағалам! Мен се­нің әміріңді орын­дауға кел­дім, се­нің әмі­рі­ңе бойсұн­дым. Се­нің се­рі­гің жоқ, Се­нің әмі­рің­ді орын­дау – ме­нің бо­ры­шым. Кү­мән­сіз бар­лық ма­дақ Са­ған тән жә­не жал­пы ие­лік пен нығ­мет Се­ні­кі. Се­нің еш се­рі­гің жоқ». Біз қажылықта осы дұғаны көп айту арқылы Аллаға бойсұнудың маңызын терең түсінеміз.

Қажылық – жүректі Жаратқанға толық бойсұнуға тәрбиелейтін бес парыздың бірі. Өйткені бойсұну – жүрек амалы. Қажылық сапар адамның бойына Аллаға толық бойсұну қасиетін ұялатады. Жаратушы Жаббар Иеміздің бұйрықтарына бойсұнып, оны орындау – мұсылманның парызы.

Алла Тағала Құранда Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар жайлы баяндай келе былай дейді: «Раббысы оған «Тәслім бол» (толық бойсұн) деп айтқан кезде «Мен әлемдердің Раббысына тәслім болдым!» деді» («Бақара» сүресі, 131-аят).

Ислам тарихынан белгілі, Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың Аллаға бойсұну сипаты жоғары болды. Оның байлығы да, бала-шағасы да Аллаға толық бойсұнуға кедергі бола алмады. Оның мұндай қасиеті барша мұсылман баласына мәңгі өнеге.

Құранда Ибраһим пайғамбардың дұғасы былай баяндалады: «Раббымыз, екеумізді де өзіңе бойсұнушы қыл, ұрпақтарымыздан да өзіңе бойсұнушы үммет қыла көр әрі бізге қажылық амалымызды көрсетіп, тәубемізді қабыл ет. Әлбетте Сен тәубені қабыл етуші, ерекше мейірімдісің!» («Бақара» сүресі, 128-аят).

Хазіреті Әли (Алла оған разы болсын): «Аллаға шынайы разы болып, тәслім болған (толық бойсұнған) кісіге қаншалықты қиындық келсе де, оған әсер етпейді. Ал Алладан қалауы көп, яғни берілгенге көңілі толмайтын кісіге кішкене қиындықтың өзі батпаққа батуына жеткілікті» деген екен.

Қажылық – пендені шынайы ықыласты болуға тәрбиелейтін сапар. Ықыласты адам қажылықта қандай қиындыққа тап болса да Аллаға толық бойсұнған күйде көркем сабыр етіп, сауаптан құр қалмауға тырысады. Тіпті әдеп білмес жандардың әдепсіз әрекетін кешіріп, оған көркем түрде жауап береді. Өйткені оның күллі ықылас-ниеті – Алла разылығын алу. Ықылас – жүректің Жаратқанға деген кіршіксіз адалдығын айқындайтын айна. Ықыласты адам амалына рия араластырмауға тырысады.

Алла Тағала Құранда: «Алайда шынымен тәубеге келіп, Аллаға бет бұрып, толық түзеліп, Алланың дінін шынайы ықыласпен ұстағандардың жөні бөлек. Міне, солар мүминдермен бірге. Алла күндердің күнінде мүминдерді үлкен сый-сияпатқа бөлейді» («Ниса» сүресі, 146-аят) деп баяндайды. Осы аятқа түсіндірме жазған Имам Ибн Кәсир: «Аз болса да көзбояушылықтан сақтана отырып, бірақ шын ықыласпен Алланың дініне берілетін болса, жасаған ізгі амалдары пайда береді» деген екен. Біз бұдан әрбір амалымызды, сөзіміз бен іс-әрекетімізді, құлшылық-ғибадатымызды жалғыз Алланың разылығын қалап жасағанда ғана қабыл болатынын түсінеміз.

Әнәс ибн Мәликтен (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде-кім ешбір серігі болмаған Аллаға ықыласпен құлшылық етіп, намазын оқып, зекетін беріп дүниеден өтетін болса, Алла Тағала разы болған күйде дүниеден өткен болып есептеледі». Өйткені тағы бір хадисте айтылғандай, «...Алла Тағала, тек шынайы ықыласпен және Оның разылығы үшін жасалған амалды ғана қабыл етеді».

Қажылық сапары адамды шынайы құлшылық етуге тәрбиелейді. Әйгілі сахаба Әли (Алла оған разы болсын): «Істің көптігіне емес, аз болса да ықыласпен істеуге көп көңіл бөлу керек» десе, имам Ғазали: «Зат түрлі қоспадан арылғанда ғана тазарады. Дәл сол секілді амалдар да шынайы болғанда ғана тазарады» деген.

Адам өзінің шынайы ықыласының дәрежесін қалай анықтай алады? Бұған байланысты имам Нәуәуи: «Кімде-кім жасаған жамандығын естіген кезде ренжитін болса және істеген жақсылықтарын естігенде де ренжісе, бұл –оның ықыласының белгісі. Өйткені нәпсісінің ләззат алуы – рия. Ал рия кейде көптеген күнәдан да қатерлі. Ықыласты кісі ойында тек қана Алланың разылығы болғандықтан, игі істерінің жұртқа жария болуын да қаламайды» деген.

Қажылық – дұға жасау әдебін үйрететін сапар. Қажылыққа барған адам Арафа күні тік тұрып, Қағбаға жүзін бұрып, күн батқанға дейін дұға жасайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Дұғаның ең жақсысы – Арафа күні айтылған дұға. Мен және маған дейінгі пайғамбарбарлар айтқан ең абзал дұға: «Лә иләһә иллал-лаһу уахдаһу лә шәрикә ләһ, ләһул-мулку уә ләһәл-хамд, уә һууә ъалә кулли шәй-ин қадир» ағынасы: Алладан басқа ешбір Құдай жоқ. Ол жалғыз әрі Оның серігі жоқ. Барлық мақтау Оған тән әрі мақтау-мадақ Оған лайық. Оның күш-құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді) деген.

Арафа күні, Минадағы кіші және ортаңғы жамараттарда лас лақтырғаннан кейін, Қағбаның ішінде немесе жанында, Сафа мен Мәруада, Муздалифада, сонымен қатар зәмзәм суын ішкенде жасалған дұға қабыл болады. Осы айтылған орындар мен уақыттар қажылық кезінде болады. Сондықтан қажылық кезінде қажылар барынша дұға жасап, уақытын Жаратқанға жалбарынумен өткізеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала Ұялшақ әрі Жомарт. Ол құлының созған қолдарын құр қайтаруға ұялады» деген. Алладан шынайы ниетпен сұрау, дұға жасағанда Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айту, мүмкіндігінше Қағбаға қарап дұға ету, екі қолды көтеріп, алақанды жаю – дұғаның әдебі.   

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде кімде-кім Алла Тағала ризашылығы үшін қажылық жасаса, жаман сөзден, жаман қылықтардан, күнәлардан сақтанса, анасынан туғандай пәк болып қайтатыны баяндалады. Алла Тағала барша мұсылман үмбетіне қабыл болған қажылықты нәсіп еткей!

 

Айдос ЖАМБЫЛҰЛЫ,

Жаңаөзен қалалық

мешітінің наиб имамы,

«Мұнара» газеті, №13, 2022 жыл