Зекеттің қоғамға пайдасыыы 587

Зекеттің қоғамға пайдасыыы

23 наурыз 2021 253 Оқу 1 минут

Шексіз Ұлы Алла Тағала адамдарды әртүрлі сипатта жаратты. Біреулерді ақ, басқаларды қара, біреулерді сау, басқасын ауру, ал біреуді бай, енді бірін кедей етті. Алланың қалауымен біреулер туылғанынан-ақ бай болса, енді біреулері байлыққа Алланың берген мүмкіндігімен еңбек ету арқылы жетеді. Расында бұл да Алланың тағдырымен болатын заңдылық.

Жер бетінде байлардан басқа, орташа табысты адамдар мен кедейлер де бар. Егер адамдардың барлығы бай болса, ешкім бидай сеуіп, нан пісірмес еді. Ал, барлығы кедей болса, онда жұмыс берушілер де болмас еді. Яғни кедейлерге жұмыс беру үшін байлар қажет. Ал байлардың жұмысы жүруі үшін кедейлер қажет. Сондай-ақ, байларға кедейлерді ренжітулеріне, ал кедейлердің байларға ренжулеріне ақысы жоқ. Себебі, Алланың тағдырымен кедейдің бай болуы, байдың кедей атануы бек мүмкін. Алла – дана және өзінің құлдарына әділетті. Сол себепті Алла Тағала қоғамдық деңгейді ең кемел түрде құрған. Яғни, дәулет иесі адамдардың байлықтарына сеніп, соның арқасында істей алатын азғындықтарына кедергі болу, сондай-ақ жарлы-жақыбайлар мен мұқтаждардың да байларды қызғанып, оларға кек сақтау секілді жаман бейімделулердің пайда болуын бөгеу үшін, сөйтіп қоғамдық өмірді қорғау және оларды бір-бірімен сүйіспеншілікпен байланыстыру үшін Алла «зекет» деген құлшылықты парыз қылған. Құранда сол себепті осы ақиқат: «Олар Раббыңның рахметін бөліп бере ала ма? Біз олардың дүние тіршілігіндегі ризықтарын бөліп бердік. Бірін-бірі басқарып, бағындырсын деп біреуінен біреуінің дәрежесін артық еттік»[1]- деп баяндалған.

Зекет сөзі араб тілінде «көбею», «тазару», «берекеттену» секілді мағыналарды береді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы: зекет беретін нисап мөлшеріне жететін байлыққа ие болған мұсылманның байлығының белгілі бір бөлігін жылына бір рет, Алла Тағаланың разылығы үшін Құранда белгіленген адамдарға иелендіруі. Бұл ғибадаттың зекет деп аталуының себебі қалған байлықтың көбеюіне, берекеттенуіне әрі берушінің күнәларынан тазаруына себеп болғандығынан.

Зекет Рамазан оразасынан кейін Һижреттің екінші жылы Шәууәл айында парыз болды. Зекет – Ислам негіздерінің бірі. Ол Құранның отыз екі жерінде намазбен қатар аталған.

«Руза, намаз, зекет, хаж - талассыз іс» деп Абай атамыз айтпақшы, барша мұсылман ғалымдары зекеттің парыз екендігіне бірауыздан келіскен. Зекеттің Исламдағы орнын біле тұра, оның парыздығын жоққа шығарған адам дінсіз атанса, ал парыздығын мойындап, түрлі сылтаулармен малынан зекет шығармаған мұсылман күнәһар саналады. Алла Тағала Құранда: «Намазды толық орындаңдар және зекет беріңдер»[2], - деген. Ал басқа бір аятта: «Оларға дінде Аллаға ықыласты, ханиф түрде құлшылық етулері, намаз оқулары және зекет берулері ғана бұйырылған еді. Міне, бұл – туралық діні»[3], - делінген. «Олардың малдарында сұрағанның да, сұрамағанның да алар үлесі бар»[4] деген аяттан да зекеттің парыздығын ұғынамыз. Ал хадисте: «Ислам діні бес негізден құралған: Алладан басқа Тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед (с.ғ.с.) Алла тарапынан жіберілген елші екендігіне куәлік келтіру, намаз оқу, рамазан айында ораза ұстау, зекет беру және шамасы келсе қажылыққа бару»[5], - делінген.

Ежелден мұсылман атанып, Алланың әмірлерін бұлжытпай орындап, Жаратушының разылығын көздеген қазақ халқы да бес парызға, соның ішінде зекет ғибадатына салғырт қараған емес. Оны тіпті ақын-жыраулар мен жазушылардың еңбектерінен де байқауға болады. Мысалы, әулие, ақын, тарихшы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (1858-1931) бабамыз:

«Бай-кедей – бәрі бірдей Құдайға құл,

Біреуді кем қып қойған, біреуді мол.

«Бай кедейге ауыссын, қарассын» деп,

Шеберлікпен жаратқан Құдыреті сол»[6], - деп, жарлыларға қарасудың байлардың міндеті екендігін тілге тиек еткен.

Ал, Әбу Бәкір Кердері (1861-1903) бабамыз:

«Пайдасын өзің көресің,

Ғибадат қылып Аллаға,

Бір жаныңды нұрласаң.

Жаныңа ғазап хақ болар,

Ораза, намаз, зекет, хаж

Атқарып уақыт тұрмасаң»[7], - деп, бес парызды орындау арқылы адам пейішке лайық болатыны, ал ол амалдарға салғырт қараудың кесірінен тозаққа лайық болатынын тілге тиек еткен. Зекет бермеген байлардың жазасы туралы Алла Құранда: «Алтын-күмістен қазына жинап, оны Алла жолында жұмсамағандарды күйзелтуші азаппен сүйіншіле. Қиямет күні олар тозақ отына қыздырылып, онымен олардың маңдайлары, бүйірлері мен арқалары үтіктеледі де оларға: « Міне, мынау – өздерің үшін жиғандарың. Ал енді жиғандарыңның дәмін татыңдар»[8], - деген. Ал сахаба Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «Алла мал-дүние берсе де, зекетін төлемегенге (ол мал-дүние) Қиямет күні көздерінде екі қара дақ бар улы жылан кейпінде келеді де, оны орап алып, жақтарына жабысып: «Мен сенің мал-дүниеңмін, мен сенің қазынаңмын», - деп айтады. Сонда ардақты Мұхаммед Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): (Алланың шексіз шарапатымен үйіп-төгіп берген нығметтерін игі жолда жұмсамай сараңдық қылғандар, бұл қылықтары өздері үшін) «Қайырлы болады деп ойламасын»[9] деген аятты оқыды»[10], - делінген. Сондықтан мейрімі шексіз Алла Тағала жер бетінде теңдік, әділдік орнасын деген мақсатта осы бір заңдылықты, бәлкім тәртіпті орнату үшін осындай талапты қойған. Біздің міндет сол талапқа мойынсұну ғана. Себебі аса қамқор болған Жаратқан Иеміз не нәрсені бұйырған болса, не нәрседен тыйған болса сол жерде адамзат үшін хайыр, жақсылықтар бар.

Ал енді зекет берудің бұл дүниеде және ақыреттегі пайдаларына келер болсақ өте көп. Мысалы:

  • Ең бастысы Алланың разылығына бөлену.
  • Орындалған амалы үшін сауаптың еселенуі.

Құранда: «Алла жолында малдарын жұмсағандардың мысалы, әр сабағында жүз дән бар жеті сабақ өсірген бір дән секілді, Алла қалағанын еселеп береді»[11], - делінген.

  • Өз еркімен садақа беру – шынайы иманның айғағы әрі оны растайтын белгі. Хадисте: «Садақа – иманның айғағы»[12], - делінген.
  • Күнәлар мен жаман мінез-құлық кірінен тазару.
  • Алла: «Олардың малдарынан сол арқылы оларды тазартып, кіршіксіздендіретін садақа ал»[13], - деген.
  • Байлықтың артуы, оған береке даруы, сақталуы және түрлі пәле-жаладан аман болуы. Хадисте: «Садақа бергеннен мал-дүние кемімейді»[14], - делінген.
  • Садақа, зекет бергендер Қиямет күні өз ізгі ісінің саясында болады. Хадисте, жеті түрлі адамның Қиямет күні ешбір көлеңке болмаған кезде Алланың Аршысының көлеңкесінде саялайтындары айтылған. Солардың бірі: садақа беріп, оны оң қолымен бергенді сол қолы білмей қалатындай жасырған кісі болатыны айтылған.[15]
  • Алланың мейіріміне лайық етеді. Аятта: «Мейірімім әр нәрсені сыйдырады. Енді оны тақуалық танытқандарға, зекет бергендерге және аятарымызға иман келтіргендерге жазамын»[16]- делінген.
  • «Зекет берген кісі мен зекет алған кісі арасында сүйіспеншілік пайда болады. Әрі бұрын болған жақындықты одан әрі күшейтеді. Кәміл иман иелері дәулеттерін садақа тарату мен басқа да қайырымдылық істерімен әшекейлендіреді. Зекет арқылы қоғамдағы кедей, ғәріп, мүсәпір мен жетім-жесірлердің қиыншылықтары белгілі мөлшерде жеңілдейді. Тіпті ондай ауыртпалықтар түп-тамырымен жойылады»[17].

Жазушы Ілияс Есенберлин өзінің «Қаһар» атты романында: «Қазақтардың күнделікті өмірінде садақаның, зекеттің орны ерекше. Себебі, мұсылман кісі байлығының бір бөлігін тек бір Алла ризалығы үшін пақыр отандастары мен діндестеріне тегін беретіндей көңілге ие болады. Осылайша мұсылман баласы әрқашан елін, халқын, Отанын ойлайтын азаматқа айналары сөзсіз.

Мәзһаб имамы, Имам Ағзам Әбу Ханифа (Алла рақым етсін) ауызына бір харам ас салмай, азды-көпті табысына қанағат қылған өте тақуа кісі болған. Сол себепті шығар Алла ол кісіге дүниені үйіп-төгіп берген. Имам көбіне білім жолында жүргендерге көмек беретін. Имам Бағдадидің (Алла рақым етсін) айтуына қарағанда, жылдық табысын жинап, ұстаздарына, шәкірттеріне керек-жарақтарын алып беретін. «Бұларды қажет жерге жұмсаңдар. Аллаға көп шүкіршілік қылыңдар. Өйткені, бұл табыстарым менікі емес, Алла Тағала сендердің несібелеріңді менің қолыммен жеткізіп жатыр»[18], - дейтін.

Алла Тағала баршамызды сараңдықтан сақтап, садақа, зекетін беретін шынайы құл, әрі нағыз жомарт жандардың қатарынан айырмасын. Амин!


Нұрлыбек Шакизадаұлы

Ақтөбе қалалық орталық 

мешітінің бас имамы


Cілтемелер:

[1] Зухруф, 32-аят

[2] Бақара,34,83,110-аяттар

[3]Бәйина, 5-аят

[4]Зәрият,19-аят

[5] Бухари мен Муслим

[6] Қ. Бағашар, «Ала жіпті аттама», 85-бет. Көкжиек 2015

[7] Әбу Бәкір Кердері, «Қазағым»

[8] Тәубе, 34-35-аяттар

[9] Әли Имран, 180-аят

[10] Бухари

[11]Бақара, 261-аят

[12] Муслим

[13] Тәубе, 103-аят

[14]Муслим

[15] Бухари мен Муслим

[16]Ағраф, 156-аят

[17]Х.Өзтүк, «Ислам ғылымхалы»,752-753-беттер, Хикмет 2011

[18]А.Әділбаев, «Әбу Ханифа және ханафи мәзһабы», Алматы, 2014