Ең ауыр күнә – Аллаға серік қосу 1136

Ең ауыр күнә – Аллаға серік қосу

03 қаңтар 2022 5954 Оқу 1 минут

Еліміз егемендік алып, дініміз көркейіп, халқымыздың діни білімі біршама жақсарып, жастарымыздың дінге деген көзқарасы, ықылас, ниеті дұрысталып келе жатқанына бек қуанамыз. Бірақ «Ащы болса да шындық» қазіргі кезде өздеріңізге мәлім көптеген мұсылман бауырларымыз шариғат үкіміне, тәртібіне құлақ аспай Аллаға серік қосып, Аллаға емес әруаққа сыйынып, Алладан емес әруақтан жәрдем сұрап көп құдайшылыққа салынып жатқанын байқаймыз.

Алла тағала қасиетті Құран кәрімде:

وما خلقت الجن والإنس الا ليعبدون

«Жын мен адамзатты өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым» дейді. (Зарият, 56). Осы аят – Алла тағаланың адам мен жындарды жаратудағы негізгі мақсатына айқын дәлел болады. Сонымен адамзат пен жындардың жаратылуындағы негізгі мақсат – ұлы Аллаға ғибадат етуі.

Ғибадат – бұл таухид, яғни ғибадатта Алланы бір деп білу, оған серік қоспау. Өткен пайғамбарлар мен олардың үмбеттерінің арасындағы келіспеушілік те осы таухид себебінен туындаған. Сондай-ақ таухид – ғибадаттың шыңы және де ғибадаттың өзегі болып табылады.

Таухидке қайшы келетін серік қосуды өте лас іске теңеуге болады. Сондықтан серік қосу араласқан кез-келген ғибадат лас болып саналады. Осылайша бар құндылығынан арылады.

Алла қасиетті Құранда:

وَلَوْ أَشْرَكُواْ لَحَبِطَ عَنْهُم مَّا كَانُواْ يَعْمَلُونَ 

«Егер олар ортақ қосса еді, әрине олардың істеген амалдары жойылып кетер еді» деген. (Әнғам, 88).Осы тұста ғибадаттар қаншалықты көп, жақсы орындалса да, тырнақтай Аллаға серік қосу араласқан жағдайда ғибадаттың бүкіл құндылығы жойылады. Мәселен, ыдыстағы таза суға тозаңдай лас нәрсенің араласуы судың ластануына әкеп соқтыратындығын айта аламыз.

Алла Тағаладан басқа жаратылғандарға атап құрбандық шалу, мал сою – серік қосу амалы болып табылады. Барлық құлшылығымыздың тек Алла үшін болу керек екеніне нұсқап Алла тағала былай дейді:

قُلْ إِنَّ صَلاَتِي وَنُسُكِي وَمَحْيَايَ وَمَمَاتِي لِلّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ 

«Намазым, құлшылығым, тіршілігім және өлімім бүкіл әлемнің Раббы Алла үшін»,-де» (Әнғам,162).

فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَرْ

«Сондықтан Раббың үшін намаз оқы, құрбан шал» (Кәусәр, 2).

Сахаба Әлиден (р.а.) риуаят етілген хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.) айтады:

«Алладан басқаға атап мал сойып, құрбандық шалғанға Алланың лағнеті болсын».

Ширк амалы үлкен болса да, кіші болса да күнәсі азаймайды. Егер адам ширкке аз ғана болса да жол берсе, Алла оның күнәсін кешірмейді.

Тәліп ибн Шиһабдан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Қара шыбынның кесірінен бір кісі жұмаққа кірді, қара шыбынның кесірінен басқа адам тозаққа кірді» деген. Сонда адамдар: «Бұны қалай түсінуге болады, йа, Алланың елшісі?, - деп сұрады. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «Екі кісі бір топ мүшіріктердің жанынан өтіп бара жатады. Ол мүшріктердің сенімдері күшті болғандықтан, сол жерден өткен адамдардың барлығынан пұтқа не болса да құрбандық шалуды талап ететін. Олар бұл екі кісіден де қара шыбын болса да құрбандық шалуларын талап етеді. Олардың бірі шыбынды ұстап, пұтқа атап сойды. Ол сау-сәлемет үйіне оралды, бірақ тозақтан орын алды. Ал екіншісі «Мен Алладан басқаға құрбандық атамаймын» дегенде оның басын кесіп тастады, бірақ ол жаннаттан орын алды» деген екен.

Ширктің үлкен кішісі болмайды. Жоғарыда айтылған хадистегі бірінші адам өз өмірін сақтап қалу үшін ғана сондай күнәға бас ұрды. Ал енді қиналып тапқан малын, өз еркімен теріс жолда құрбандыққа шалып, жұмсап жатқан адамның тозаққа кіруіне күмән жоқ!

Сондай-ақ Алланың есімімен сойылмаған, яғни Алладан басқаға атап сойылған малдың еті – харам.

Алладан басқаның атымен мал сойылған жерде Алланың атын атап құрбандық шалудың да дұрыс еместігін мына бір хадистен байқай аламыз:

«Бір кісі Буана деген жерде түйе союды ниет етеді. Ол Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп өз ниетін айтады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ол жерде жаһилият пұттарынан біреуі болса да бар ма?» деп сұрайды. Ол: «Жоқ». Алла елшісі: «Олар өз мерекелерін өткізіп, құрбандық шалатын жер бар ма? Деп сұарағанда ол тағы: «Жоқ» деп жауап қатады. Алла елшісі сұрақтарын қойып болып: «Олай болса ниетіңді жүзеге асыра бер», - деп айтады.

Демек, Алладан басқаға сыйынылатын – қандай да бір нәрсе, тал, мазар, бұлақ сияқты жерлерде Аллаға атап құрбандық шалудан тыйылуымыз қажет.

Айша анамыздан (р.а.) риуаят етілген хадисте:

«Кім Аллаға мойынсұнуды ниет еткен болса, орындасын. Ал егер Алладан басқаға атауға ниеттенген болса, мұндай күнәдан бас тартсын» делінеді.

Сол себепті біздің адаспауымыз үшін Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дүниеден өтерінде:

«Сендерге екі түрлі нәрсе қалдырдым. Ол – Алланың сөзі Құран және менің сүннетім. Осы екеуін ұстаған адам ешқашан да адаспайды», - деді.

Алла Тағала ата–бабаларымыздың әруағын қабір азабына, өзімізді жаһаннам отына кіріптар етпегей. Баршамызды Алла Тағала шариғаттың тура жолымен жүргізгей дей отырып, егеменді ел халқының бірлігі артып, жастарымыздың болашағын жарқын болсын деп тілейміз.


Ерік Сұлтанов

Хромтау аудандық «Нұр» мешітінің Бас имамы