Жамандықты жақсылыққа айналдырсақ 1121

Жамандықты жақсылыққа айналдырсақ

22 қараша 2021 134 Оқу 1 минут

Өмір – сынақ мекені. Әрине, айтуға оңай. Алайда нағыз мұсылман сынақты сәттерді сауапқа, жамандықты жақсылыққа айналдырады. Қалайша?

Мұсылман үмбеті үшін ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірі әрқашан үлгі. Ислам тарихынан, оның ішінде сүйікті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінен алатын сабақ көп. Солардың бірін баяндайық. Мүшріктер Алла елшісінің дінді қасиетті Мекке өлкесіне жаюына қарсы шығып, қатты қысым көрсетіп, қаладан қуып жібергенде ол Мәдина қаласында мұсылмандықтың іргетасын қалайды. Осылайша, қасиетті өлкеден бүкіл жер бетіне Ислам діні тарай бастайды.

Алланың ақ діні Мекке мен Мәдина шаһарына насихаттала бастағанда мүшріктер мұсылмандарға қатысты қысымды одан сайын күшейте түседі. Азаптаудың жаңа түріне көшкен олар мұсылмандарды қоғамнан оқшаулап, сауда жасауға тыйым салып, саяси-экономикалық блокада жариялайды. Бірнеше жыл аштық пен қиындықты бастан кешкен мұсылмандар осы кезеңде одан сайын сабырлы, ұстамды қалпынан танбай, дінін тастамай, табандылық танытады. Сынаққа сынып кетпеген сахабалар «бұл біздің сабырлығымызды одан сайын шыңдай түсті» деген екен.

Осындай ауыр сәттерде Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) өз үйінің адам көп жүретін сыртқы бөлмесінде Құранды дауыстап оқып, мұсылмандардың жігерін оятып, рухани күш береді. Оның ерекше үнмен оқыған Құран аятынан қуат алған мұсылмандар естерін жиып, еңсесін тіктейді. Тіпті кейбір адамдар Құраннан әсер алып, Исламды қабылдайды.

Елдің еңсесі езілген сәтте осы сынақты Ислам насихаты мен мұсылмандардың рухани игілігі үшін тиімді пайдаланып, сынақты сауапты амалға алмастыра білген Әбу Бәкірдің (оған Алла разы болсын) ісі ерлік емей немене дерсің...

Хақ Тағала Құранда: «...Кейбір жағдайларда сендерге ұнамайтын нәрселер өздеріңе қайырлы болып шығуы мүмкін. Ал көңілдерің қалап, ұнатқан нәрселерің өздеріңе зиянды болуы мүмкін. (Шын мәнінде, ненің пайдалы, ненің зиянды екенін) Алла біледі, сендер білмейсіңдер» деп баяндайды.

Шын мәнінде, біз көп жағдайда Алладан келген сынақты ауыр күйзеліспен қабылдаймыз. Алла Тағала адамнан өзіне жақын бір нәрсені алса, оған одан да жақсысын нәсіп етеді. Тек осыған сену керек. Мұсылман ешқашан ұтылмайды. Ол үшін хадистегі мына принципті ұстансақ болғаны: «Мүміннің ісі қандай ғажап! Оның ісінің барлығы ол үшін жақсылық. Сондай-ақ ол мүміннен басқа ешкімге берілмеген: егер оған бір қуаныш келсе, ол Аллаға шүкірлік етеді, ол оған жақсылық болады. Ал егер оған бір қайғы келсе, ол оған сабыр етеді, ол оған жақсылық болады».

Әлемге танымал ақын-жазушылардың өмірбаянына зер салсақ, алар ғибрат мол. Науқасқа ұшыраған немесе қоғамды жайлаған жұқпалы ауру кезінде үйде оқшауланып қалған олар керемет еңбектер жазып, шығармашылық жұмысында табысқа жеткен. Әр істің қайыры бар емес пе? Егер олар оқшауланып немесе науқастанып қалмаса, мықты кітап жазбас еді деген ой келеді.

Біз күнделікті жұмысымызда елге танымал кісілермен сұхбаттасамыз. Бір байқағанымыз, өз саласында табысқа жеткен тұлғалардың көбі балалық шағын қиындықпен өткізген екен. Кез келген сынаққа төзе білген, тағдыр жазуына мойымай, алға ұмтылған жан ғана жамандықты жақсылыққа айналдыра алмақ.

Алла Тағала баршамызға мықты иман, мұсылмандық қалыптан танбайтын көркем мінез нәсіп еткей. Әмин!


Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ

«Мұнара» газеті, №19, 2021 жыл