Ақтөбе қаласының Бас имамы дайындық бөлімінің шәкірттерімен кездесті 216

Ақтөбе қаласының Бас имамы дайындық бөлімінің шәкірттерімен кездесті

09 қазан 2020 54 Оқу 1 минут

Кеше Ақтөбе қалалық орталық мешітінің Бас имамы Нұрлыбек Шәкизадаұлы облыс орталығында орналасқан «Нұр Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің дайындық бөлімінде болып, аталмыш оқу орнының қазіргі тыныс-тіршілігімен танысты.

Айта кетейік, өткен жылы Ақтөбедегі жаңа дайындық бөлімінің ашылу салтанатына облыс әкімі О.Оразалин, «Нұр Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінің ректоры Мухаммед Аш-Шахат әл-Жинди және осы оқу орнының проректоры Қ.Құрманбаев арнайы қатысқан болатын.

Алғашқы оқу жылында дайындық курсын оқып-бітірген балалардың барлығы бүгінде оқуға түскен. Биыл бұл бөлімге тағы да 18 шәкірт қабылданып, діни бағытта білім алуда. Ақтөбеліктермен бірге, Ақтау, Атырау, Қызылорда мен Оралдан келген жасөспірімдер үшін 2 сынып бөлмесі керекті оқу-құралдарымен жабдықталған. Балалардың жатақханада жатып оқуына да барлық қажетті жағдай жасалған.

Шәкірттермен кездесу барысында Нұрлыбек Шәкизадаұлы Исламдағы білім мен еңбекқорлық хақында мазмұнды әңгіме өрбітті. Сондай-ақ, оқушы балалардың әртүрлі сұрақтарына жан-жақты жауап қайтарып, дұға жасады.

Сонымен қатар Ақтөбе қаласының Бас имамы «Нұр Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің дайындық бөліміне 20 Құран кітабын сыйлыққа берді.

Алдағы уақытта қалалық мешіт имамдарының дайындық бөлімінің басшылығымен, ұстаздарымен және шәкірттерімен тығыз байланыста болуы жөнінде келісім жасалды. Мұнымен бірге түрлі іс-шараларды, атап айтқанда спорттық жарыстарды бірге өткізу жоспарланды.


Г.Төрединқызы,
Ақтөбе қалалық Орталық мешітінің

Баспасөз хатшысы