ОН СЕГІЗ МЫҢ ӘЛЕМ ДЕГЕНДІ ҚАЛАЙ ТҮСІНЕМІЗ? 576

ОН СЕГІЗ МЫҢ ӘЛЕМ ДЕГЕНДІ ҚАЛАЙ ТҮСІНЕМІЗ?

16 наурыз 2021 373 Оқу 1 минут

 

Әлем араб тілінде «белгі» дегенді білдіреді. Бұл Жаратушының бар екенін және серігі жоқ екенін көрсететін белгі деген мағынада. Өйткені, тіршіліктегі барлық жаратылыс Жаратушы Иенің барлығына, ал сол жаратылыстағы жүйе Жаратушының серігі жоқ екеніне белгі.

Әлем туралы Алла Тағала Құран Кәрімде былай баяндады:

قَالَ فِرْعَوْنُ وَ مَا رَبُّ الْعَالَمِينَ. قَالَ رَبُّ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ وَ مَا بَيْنَهُمَا إِنْ كُنْتُمْ مُوقِنِينَ 

«Перғауын: «Әлемдердің Раббысы деген не?» - деді. (Мұса) «Ол аспандар мен жердің және екеуінің арасындағылардың Иесі, егер көз жеткізетін болсаңдар», - деді»[1].

Қатада, әрбір жаратылыстың жынысы, яғни түрі бір әлем, деп түсіндіреді[2].

Имам Тахауи: «Әлемдер Раббысы» сөзін талдағанда: «Әлем – ол періштелер, адам және жын әлемдері. Сонымен қатар, Жаратушысын танытатын әрбір жаратылыс – әлем»[3], – деп жазады.

Ибн Касир өзінің тәпсірінде мынадай деректерді келтіреді: «Әбу Ғалия: адамзат – бір әлем, жындар – бір әлем. Одан басқа он сегіз мың әлем немесе он төрт мың әлем бар», - деп пікір білдіреді. Бағауи Сағид бин Мусаябтан: «Алла Тағала мың әлем жаратты. Алты жүзі теңізде, төрт жүзі құрлықта», - деп айтады. Кағб Ахбар: «Әлемдердің саны тек Алла Тағалаға мәлім», - деген. «Мағани Құран» кітабының авторы Зужаж: «Әлем Алла Тағала дүние мен ақыретте жаратқан әрбір жаратылыс түрі», - деген. Уаһб бин Мунаббих: «Алла Тағала он сегіз мың әлемді жаратты. Дүние сол әлемдердің бірі. Алла Тағала жер бетінде адамзат, жын, шайтан және яжуж-мажужден бөлек мың үмбетті (жаратылыс түрін) жаратты. Олардың төрт жүзі құрлықта, алты жүзі теңізде», - деген»[4].

Демек, қазақтың Ахмет Яссауи сынды ғұламасы «Он сегіз мың ғаламға сәруар болған Мұхаммед» және Бұқар жыраудың «Құдіретімен жаралған, он сегіз мың ғаламды айт» деген жыры шариғатқа негізделген.

Дегенмен бүкіл әлем нақты он сегіз мың әлемнен тұрады деп кесіп айту қате. Ол одан көп те, аз да болуы мүмкін.

Ең дұрысы Аллаға ғана мәлім.


Махамбет Бисенов

Ақтөбе облысы бойынша пәтуаға жауапты маман


[1] «Шұғара» сүресі, 23-24 аяттар

[2] Ибн Кәсир тәпсірі, I-том, 68-бет

[3] Шарх Ақидат Тахауи, 20-бет

[4] Ибн Кәсир тәпсірі, I-том, 68-69