Садақа берудің сауабы қандай? 507

Садақа берудің сауабы қандай?

09 ақпан 2021 2946 Оқу 1 минут

Садақа берудің  адам үшін пайдасы мен сауабы мол. Өйткені, садақа адамға мейірімділікті, нәпсіні тәрбиелеуді үйретеді әрі мал-дүние мен жүректі тазалайды. Берілетін садақаның үлкен-кішісі болмайды. Не берілсе де, ықыласпен Алла разылығы үшін берілуі қажет. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» хадисіне сәйкес берілген садақа мен жасалған жақсылықты жасырын жасау ең абзал амалдың бірі. 

Еліміздегі дәл қазіргі жағдайда қайырымды істерді қолға алудың маңызы зор. Десе де, қайырымды істер мен садақа берудің маңыздылығынан бұрын сауабының қаншалықты салмақты екенін аудандық мешіт имамы Ардақ Жұмабекұлынан сұрап білген едік. 

Сәлеметсіз бе?! Ауданымызға имам болып келгеніңізге екі айдың жүзі болыпты. Біріншіден, қош келдіңіз дейміз. Білуімізше, келе сала қарбалас жұмыстың үстінен түстіңіз. Осы жайлы біраз тарқатып айтып берсеңіз?

Ассалаумағалейкум, Рахмет! Иә, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жолдауымен Ырғыз ауданының бас имамы болып тағайындалғаныма 2 ай уақыт болды. Келе салысымен қызу қызметке араласып кеттік. Мешітке жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтап, ынтымығы жарасқан аудан халқының қолдауымен Алла үйін ел игілігіне табыстадық. Осы абыройлы қызмет барысында аудан халқы ауызбіршілігімен баршаға үлгі бола білді. Бірі материалдық қолдауын көрсетсе, енді бірі білек сыбанып, құрылыс жұмыстарына қолғабысын тигізді. Мешіттің іш-сырты толықтай жөндеуден өтіп, жиһаздары жаңартылып, жап-жаңа кілем төселді. Әйел жамағатына арналған намазхана да қарастырылды. Дәріс оқитын бөлме де жабдықталды. Заман талабына сай, ерлер мен әйелдерге арналған дәретхана да салынды. Осындай игілікті іске жарыса жұмылған ауданымыздың тұрғындарына алғысымыз шексіз. Алла Тағала қасиетті Құранда «Алланың мешіттерін Аллаға және ақырет күніне иман келтірген, намаз оқып, зекет берген және Алладан ғана қорқатын адамдар тұрғызады. Міне, осындай адамдар тура жолда, ақиқат жолында болуға әбден лайықты», - дейді (Тәубе сүресі, 18 аят). Сондықтан, адамның жүрегін нұрға бөлеп, туралыққа қауышуына себеп болатын Алланың мешітін тұрғызып, оны көркейту жұмысына белсене атсалысқан ауданымыздың халқын әрдайым тура жолына бастасын деп тілейміз.

Демек, мешіт салу, мешітке қол үшін созу өте үлкен сауапты іс болып тұр ғой?

Әрине, өте орынды айтып отырсыз. Алла елшісі (с.ғ.с.) «Мешіттер жер бетіндегі – Алла Тағалаға ең сүйікті орын», - деген (Имам Муслим жеткізген хадис). Өйткені, Құранда Алла Тағала былайша баяндайды: «Алла Тағала өз атының зікір етіліп, ұлықталуын бұйырған үйлерде, яғни, мешіттерде Алланың нұры болады. Онда ертелі-кеш Алланы дәріптейді» (Нұр сүресі, 36 аят). Иә, күніне Алланы ұлықтап бес рет азан айтылып, бес уақыт намаз оқылып, жақсылық насихатталып, елдің игілігі үшін дұға жасалып және көптеген ігі істерге мұрындық болып отырған мешіттерге Алланың нұры төгеледі. Ендеше, осындай Алланың нұрына бөленген, ізгілік пен берекенің бастауы болатын мешітті салудың, мешіттің жұмысына қол ұшын созудың сауабы мол болары сөзсіз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Кімде-кім Алланың разылығы үшін мешіт салатын болса, Алла Тағала оған жұмақта дәл сондай үй тұрғызып береді», - десе, басқа бір сөзінде «Құстың ұясындай немесе одан кішкентай болса да мешіт тұрғызған адамға, Алла жұмақтан үй тұрғызып береді», - деп, (Бұхари, Ибн Мәжә хадис жинақтары) мешіт салу мен мешітке қолғабыс етудің мәңгілік бақытқа қауыштарар дүние екендігін айтады. Сондай-ақ, мешіттің жұмысын ары қарай жүргізіп, оны мешітке келуші жамағаттарға қолайлы етудің де орны ерек. Бұл Алла Тағаланың Пайғамбарларға бұйырған әмірі. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала «Ибраһим мен Исмайыл пайғамбарларға (а.с.) «Үйімді (Қағбаны) тауап етушілер, ғибадат қылушылар, рукуғ, сәжде қылып, намаз оқушыларға қолайлы болуы үшін тазалап ұстаңдар!» - деп бұйырдым», - дейді (Бақара сүресі, 125 аят). Яғни, кез келген адам мешітке келіп емін-еркін құлшылығын жасап, ешнәрсеге алаңдамай, Алламен сырласа алуы үшін мешіттің қыста, жылы, жазда жайлы, әсем де таза болып тұруының маңызы зор. Сол себепті, Алла Тағала пайғамбарларға мешітті таза ұстауды бұйырған.

Жаңа бір сөзіңізде «Мешіттеріміз көптеген ізгі істерге мұрындық болып жатыр», - деп айтып қалдыңыз. Осы тұста қазіргі таңда мешіттер халыққа құлшылық-ғибадаттарын өтейтін орын болумен қатар тағы да қандай қызметтер көрсете алады? Жалпы мешіттердің жұмыс бағыты туралы баяндай аласыз ба?! 

 Еліміз бойынша бүкіл мешіттеріміз бен медреселеріміздің ұйтқысы болып отырған қара шаңырағымыз – Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы. Міне, осы ҚМДБ мешіттердің бағыттарын айқындап, істерін жүйелеп отыратын негізгі ұйым. Жыл сайын діни басқармада Бас мүфтидің төрағалығымен кеңейтілген төралқа мәжілісі өтіп, жылдық жоспар құрылып, негізгі бағыттарымыз бекітіледі. Жылдан-жылға аталмыш бағыттарымыз бен мақсаттарымыз кеңейтіліп, жетіліп келеді. Мәселен, биылғы жылғы мәжілісте Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ағымдағы жылда 7 негізгі бағытқа басымдылық берілетіндігін жеткізді. Атап айтсақ, олар:

1. Ақпарат және қоғаммен байланыс;
2. Уағыз-насихат;
3. Қайырымдылық;
4. Оқу-ағарту және кадрлық әлеует;
5. Рухани тәрбие Ихсан ілімі;
6. Дін мен дәстүр;
7. Жат діни ағымдармен жұмыс.

Міне, осы бағыттар бойынша елдің игілігіне қызмет ететін боламыз. Соның ішінде, қашан да мешітпен егіз ұғым секілді болып келе жатқан қайырымдылық жұмыстарын баса айтқым келеді. Сондай-ақ, жастардың білімді, көзі ашық болып тәрбиеленуіне, құстың қос қанатындай болған діні мен дәстүрін қатар меңгеріп, түрлі жат ағымдардың тырнағына ілігіп кетпеуі үшін де жұмыс жасаймыз. Халқымыздың береке-бірлігін арттыратын түрлі қоғамдық шаралар мен спорттық сайыстар да өткіземіз. Жамағатымыздың рухани сұранысын қанағаттандыру жолында да еңбек ететін боламыз. Бұл аталған бағыттар жай сөз күйінде қалмайды, ай сайын есеп беріледі.

Осы ретте аталмыш істердің жүзеге асырылуы үшін қолайлы болатындай етіп мешітімізді күрделі жөндеуден өткізіп алуымыз өте үлкен көңіл қуантарлық іс болды.

Қарап отырсам айтарлықтай үлкен тапсырма алған екенсіздер. Мұны жүзеге асыруға әлеуеттеріңіз жете ме? Жалпы осы мешіттің шығындары қаншалықты мөлшерде және ол қалай өтеледі? 

Мешіттің шығындарына келер болсақ, жоғарыда айтылғандай күрделі жөндеу жұмыстары, яғни мешіттің жарығы мен жылуы, мешіт қызметкерлерінің жалақысы, сондай-ақ, аталмыш бағыттағы атқарылар істердің барлығы да айтарлықтай қаражатты талап етері сөзсіз. Бұл – халықтың қолдауына, көмегіне, былайша айтқанда садақасына, мешітке аяқ басушы жамағатқа тікелей байланысты.

Ортаға жарар еді мешіт салсаң,

Намазды қаза қылмай барып тұрсаң,

Бір ғалым фазыл заттан имам сайлап,

Байларың жәрдем беріп уақып (көмек) қылсаң, - деп, алаш арысы Міржақып Дулатұлы бабамыз жырлағандай, мешітті салғаннан кейін, оның ары қарай аяққа тұрып, ел игілігіне жарауы азаматтардың мойнындағы міндет десек артық айтпаған болар едік. Жалпы, дініміздің қанатын кеңінен жаюы екі нәрсеге – ғалымдардың ілімі мен мүмкіндігі бар жандардың берген садақасына байланысты.

Осы орайда, діндегі садақаның маңызы мен оның сауабы жайында толығырақ айта кетсеңіз? 

Садақа, зекет – ең маңызды құлшылықтың бірі. Алланың әмірі болып табылады. Алла Тағала қасиетті Құранда Пайғамбарына (с.ғ.с.) «Мұсылмандардың дүние-мүлкінен зекет, садақа ал да, сол арқылы олардың жанын тазартып, күнәларынан арылуларына және сауаптары мен ықыластарының арта түсуіне дәнекер бол», - деп бұйырады (Тәубе сүресі, 103 аят). Ал, оның пайдасы аяттан көргеніміздей жанымыздың түрлі дерттерден, дерттің ең үлкені сараңдықтан тазарып, күнәларымыздың кешірілуіне, дүние-мүлкімізге береке кіріп, одан сайын арта түсуіне себепкер болады екен. Бұған қатысты тағы бір аятта «Дүние-мүліктерін Алла жолында жұмсайтындардың мысалы, жеті бірдей масақ шығарған, әр масағында жүз дәні бар жерге тасталған дәнек секілді (яғни, сауабы жет жүз еселеніп жазылады). Алла Тағала қалаған пендесіне одан да арттырып, еселеп береді. Алла – өте кең, сондай жомарт, әрі, шексіз білім иесі», - деп Бақара сүресі, 261 аятында келеді. Яғни, Алла Тағала берген садақамыздың сауабын арттырып жазып, қарымтасын еселеп қайтарады екен.

Ал, Алла елшісі (с.ғ.с.) «Су отты өшіргені секілді, садақа да күнәларды өшіреді», - деп садақаның адамның жасаған қателіктері үшін өтем болатындығын айтса, тағы бір сөзінде «Ауруларыңды садақамен емдеңдер! Садақа ауру мен бәлекетті қайтарады», - деп, садақаның бәле-жаланың бетін қайтаратындығын, сондай-ақ, дертімізге ем болатындығын айтады.

Садақа – адамның мойнындағы адамдық борышы. Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына: Әрбір мұсылман садақа беруі тиіс, - деді. Сахабалардан бірі «Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.) беруге садақа таппаған адам не істейді?» – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Жұмыс істеп, табыс тауып садақа берер», - деді. Сахабалар «Істейтін жұмыс таппаса не болады?» – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Мұқтаж болған жанға қандайда бір көмегін береді», - деді. Сахабалар «Жәрдем ететін адам да таппаса ше?» – деп тағы сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Қандай да бір іс жасаса (біреуге жол көрсету, жолдағы зиян тигізетін затты алып тастау, ілім алу, үйрету т.б.), ол үшін бір садақа», - деп жауап береді. (Бухари, Муслим).

Шәкәрім атамыз «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл», - демей ме?! Ізгі амалды әркім өз мүмкіндігіне қарай жасайды. Біреу мал-мүлкімен халыққа жәрдем етсе, біреу қолынан келер ісімен мұқтаж жанның көңілін тауып, елінің бір кәдесіне жарайды. Шәкәрімнің ұстазы Абай атамыз да «Тойғанынан қалғанын берсе алашқа!», - деп, халыққа көмек қолын созуға шақырып, сараңдықты қатты сынға алады. Жалпы, хақымызда да садақа берудің, мұқтажға қол ұшын созудың орны ерекше екендігі белгілі.

Ал, мешіт – елдің ішіндегі алтын көпір іспеттес. Халықтың берген садақасын, халықтың өз игілігіне, мұқтаждардың қажетін өтеуге, ұрпақтың білім алуына, елдің береке-бірлігі мен ауызбіршілігінің артуы жолында жұмсары анық. Осы орайда, аудан халқын жұмылып жұдырық болуға, бір-бірімізге қолдау білдіріп, көмек көрсетуге, жастардың рухани тәлім-тәрбиеге қанығып өсуіне үлес қосуға, қолымыздан келген жәрдемімізді аянып қалмауға шақырамын.

 

Сұқбаттасқан,
 Г.Мырзабекова