ҚҰРАНДЫ ҚАТЕ ОҚЫСА, НАМАЗ БҰЗЫЛА МА? 3542

ҚҰРАНДЫ ҚАТЕ ОҚЫСА, НАМАЗ БҰЗЫЛА МА?

10 қаңтар 2024 70 Оқу 1 минут

Негізінде намазда Құран аяттары тәжуид ережелеріне сай дұрыс оқылуы керек. Яғни намаз оқушы адам Құран оқығанда әріптердің дұрыс шығуына (махражға), сөздің соңғы харекетіне (иғрабқа), тәшдид пен тәнуиннің оқылуына, созып оқылатын әріптерге (мадд), қалқала әріптердің оқылуына, идғам мен иқлабқа, уасл ережелеріне мұқият болуы тиіс. Себебі аятты қате оқу арқылы оның мағынасы өзгереді. Ал аяттың мағынасы өзгерген жағдайда намазы бұзылуы мүмкін.

Дегенмен Құран оқығанда өрескел қателікке бармаса, яғни аяттың мазмұны теріс (дінге, шариғатқа қайшы) мағынаға өзгермесе, Ханафи ғалымдары солай оқылған намазды дұрыс деп есептеген (Фәтауаи Қазихан, 1/87).Мысалы, «Фатиха» сүресінде «әл-хамду» сөзін қателесіп «әл-хамдә» немесе «әл-хамаду» деп оқыса, намаз бұзылмайды. Себебі осылай харекетін басқаша оқыса да, мағынасы өзгермейді. Дәл осы сүредегі «нағбуду» сөзін «нағбаду» немесе «нағбиду» деп оқыса, намазы бұзылмайды. Ал аятты әдейі бұзып оқыса, намазы бұзылады һәм үлкен күнә алады.

Мағынасы өзгермейтіндей бір әріптің орнына басқа бір әріп оқыса да, намаз бұзылмайды. Мысалы, «иннәл муслимина» емес, «иннәл муслимуна» деп «йа» әрпінің орнына «уау» әрпін оқу.

Құрандағы «иннаш шайтона янзағу бәйнаһум» деген аяттағы «янзағу» сөзін «янзаъу» (ғайн әрпін айн) деп оқыса, намазы бұзылмайды. Аятта «Расында шайтан қашанда олардың арасына жік салуға тырысады» делінген («Исра» сүресі, 53-аят). Ғайн әрпін айнға өзгертіп оқығанда, «шайтан олардың арасын ажыратуды қалайды» деген мағына шығады. Бұл өрескел қателік болып саналмайды. Себебі ақиқаты да солай.

Құрандағы «әл-қонитина» (қалтқысыз бағынған ерлер) деген сөздің орнына жіңішке «тә» әрпін жуан «то» етіп «әл-қонитына» (үмітін үзген ерлер) деп оқыса, намазы бұзылады («Ахзап» сүресі, 35-аят).

Әріптерді ауыстырып мағынасы бұзылатындай етіп оқыса да, намаз бұзылуы мүмкін. Мысалы, «фасухқол ли асхабис саъир» (тозақ иелері Алланың рақымынан аулақ болсын) деген аятты «фасухқол ли асхабиш шаъир» (арпа иелері Алланың рақымынан аулақ болсын), яғни «син» әрпін «шин» деп ауыстырып оқу.

Намаздың ішінде Құрандағы «фаррот мин қос-уаро» (арыстаннан қашқан) аятында «қос-уаро» (арыстан) сөзін «коу-саро» (қамыстан жасалынған ыдыс) деп әріптердің орнын ауыстырып оқыса, намаз бұзылады («Муддассир» сүресі, 51-аят). Әлбетте намаз оқығанда мұндай қателіктер кездесуі мүмкін. Сондықтан Құранды барынша дұрыс жаттап, намаз оқығанда оны қатесіз оқуға тырысу керек. Ал аятты қате оқыған жағдайда оның шешімін білімді имамдардан сұрап білуі қажет.

 

Хасан АМАНҚҰЛ,

«Мұнара» газеті, №7, 2023 жыл