ПАЙҒАМБАРЫҢДЫ (с.ғ.с.) ТАНИСЫҢ БА? 313

ПАЙҒАМБАРЫҢДЫ (с.ғ.с.) ТАНИСЫҢ БА?

30 қазан 2020 459 Оқу 1 минут

Екі дүние сұлтаны Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымызды танып білу – әрбір мұсылманға міндет боп табылатын дін негізінің бірі.

Пәни жалғанмен қош айтысып, жер қойнауына еніп, қабір әлеміне кірген пендеден «Раббың кім? Дінің не? Пайғамбарың кім?» деп сұралатындығы жайлы хадисте айтылған. Әрине, Пайғамбарды тану оның ғибратты ғұмырын оқумен және мінез-құлығын Құран және хадистер арқылы үйренумен болмақ. Пайғамбарды танудың екінші сатысында ескеретін мәселе – оқып-білген дүниені тек мәлімет ретінде қабылдадыңыз ба, әлде ол кісіні ғұмырлық ұстаз деп өнегелі өмірінен үлгі алуға талпындыңыз ба? Міне, осы маңызды және талап етілетіні де сол. Құран Кәрімде: «Әлде олар өздерінің арасынан шыққан Елшісін білмейтін бе еді, сондықтан оны теріске шығаруда ма?[1]», - деген аят бар. Ибн Касир аталмыш аят жөнінде: «Бұл Құрайыш мүшріктері жайлы түскен аят. Оның себебі, олар Пайғамбарымызды бала күнінен танитын, әрі жастайынан оның шыншылдығы мен аманатшылдығына куә болған. Олар мұны еш жоққа шығара алмайтын. Жағфар бин Әбу Толиб (р.а.) Хабаш патшасы Нажашиге: «Уа, патша! Ақиқатында, Алла Тағала біздің елге ата-тегін, шыншылдығы мен аманатшылдығын білетін Елші жіберді», - деп айтқан. Осы сөздерді сахаба Мұғира бин Шұғба (р.а.) да Кисраның орынбасарына айтқан. Әбу Суфиян Сахр бин Харбтан Рум патшасы Геракл пайғамбардың (с.ғ.с.) сипаттары мен шыққан тегін сұрағанда дәл осылай жауап берген. Алайда, Пайғамбар (с.ғ.с.) жайлы толығымен білгенімен, иман етпеген[2]», - дейді. Демек, жай біліп қоюдың пайдасы шамалы.

Кітап иелері боп табылатын дін өкілдері де Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жайлы өздеріне түскен иләһи кітаптардан оқып, қанық болған. Бірақ, оның Пайғамбар екенін оқып білсе-дағы, қабылдамаған, тәкаппарлық танытып, мойынұсынбаған. Иә, пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірін зерттеген батыс елдерінде шығыстанушы ғалымдар көп болған. Тіпті, өмірінің бүге-шігесіне дейін толық біледі. Жеті атасынан бастап, үрім-бұтағына дейін зерделеп, зерттеген. Көптеген еңбектер жазған. Бірақ, адамға құр танымның пайдасы тимейді. Өйткені, мақсаттары қате, Мұхаммедті (с.ғ.с.) Алланың елшісі деп қабыл етпейді. Оның (с.ғ.с.) сөздерін толығымен құптамайды. Егер Пайғамбардың (с.ғ.с.) айтқан сөздерін растамаса, өмірін толығымен жаттап алса да, зәредей пайдасы тимейді. Ал, оның сөздерін растау дегеніңіз Исламды – хақ дін, Құранды – Алланың сөзі деп қабылдау. Пайғамбардың (с.ғ.с.) әрбір сөзін өнеге ету. Шынайы таныған мұсылман адам баласына жаман істеу былай тұрсын, ондайды тіпті ойламайды да.

Пайғамбардың (с.ғ.с.) сөзін растау, оны елші етіп жіберген Хақ Тағаланың сөзін қабылдаумен болмақ. Хадисте: «Маған Құран және сол секілді кітап берілді...[3]», - деп, сөзінің Жаратушы тарапынан аян етілетіндігін жеткізген. Сахаба Абдулла бин Амр (р.а.) былай дейді: «Мен Алла елшісінен (с.ғ.с.) естіген әрбір сөзді жаттап алу үшін жазатынмын. Сонда құрайыш: «Алла елшісінен (с.ғ.с.) естіген әрбір сөзді қалай жазбақсың, ол да адам баласы ғой. Ашу үстінде де, көңілі жақсы кезде де сөйлейді», - деп тыйым салмақ болды. Мен де жазуды доғардым. Осы жайттарды Алла елшісіне (с.ғ.с.) айтқанымда, ол аузын нұсқап тұрып: «Жаз, менің жанымның иесі болған Алламен ант етемін, мұнан тек ақиқат сөз шығады», - деді[4]», - дейді.

Кез-келген қоғам өзіне идеал іздейді. Тұлғалардың өмірлік ұстанымы мен қанатты сөздерін арқау етіп, шабыт алады. Қала берсе, бизнес пен басқа да салада едәуір жетістікке жеткен тұлғалардың кітаптарын тамсанып оқиды. Алайда, нағыз мінсіз де кемел идеалдың Мұхаммед (с.ғ.с.) екеніне ешкім дауласа алмайды. Алланың назарында жүргің келсе, Пайғамбарыңды таны. Себебі Пайғамбарын (с.ғ.с.) таныған адам бизнесте табысты, отбасында бақытты, ел алдында абыройлы, ең бастысы адам баласына пайдасы тимесе де, зияны тимейтін ізгі мұсылман болмақ.

 

Мұса ЕРБАТЫР,

арнайы nurgasyr.kz үшін

 


[1] «Муминун» сүресі, 69-аят

[2] Тафсир Ибн Касир

[3]Ибн Мәжә

[4]Әбу Дәуіт