АРДАҚТЫ ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫ ﷺ ЖАҚСЫ КӨРУ 2951

АРДАҚТЫ ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫ ﷺ ЖАҚСЫ КӨРУ

07 наурыз 2024 183 Оқу 1 минут

лла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

 Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті, – деп Хакім Абай айтқандай, Алланы танып, Оны жақсы көрген пенде, Жаратушының адамзат үшін мейірім ретінде жіберген хақ Пайғамбарын да жақсы көруіміз тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 31-аятында:

قُلْ إِنْ كُنْتُمْ تُحِبُّونَ اللَّهَ فَاتَّبِعُونِي يُحْبِبْكُمُ اللَّهُ وَيَغْفِرْ لَكُمْ ذُنُوبَكُمْ ۗ وَاللَّهُ غَفُورٌ رَحِيمٌ 

«(Уа, Мұхаммед!) Адамдарға: «Егер Алланы (шынымен) жақсы көрсеңдер, маған еріңдер. Сонда Алла Тағала да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді», – деп айт. Алла – Өте кешірімді, Ерекше мейірімді», – деп айтқан.

«Жақсы көру», «сүю» сөздерінің ауқымы кең. Оны біз тек белгілері, нышандары арқылы ғана ұғамыз. Мәселен, «Отанды сүю» деген ұғымға келсек, адам өз Отанына деген сүйіспеншілігі мен ыстық лебізін оның нышандарын сыйлап, қастерлеу арқылы көрсетеді. Дәл сол сияқты Алланың да нышандары (шаъаир) бар. Жаратқанды сүюдің белгісі, жоғарыдағы аятта айтылғандай, Оның елшісіне бағыну. Ал, пайғамбарға бағыну үшін оны тануымыз керек. Оны таныған сәтте ерекше көркем мінезінің алдында бас иіп, оны сүймеу мүмкін еместігін түсінеміз. Бұдан келіп туындайтын нәтиже: Алланы сүю дегеніміз пайғамбарды сүю. Міне, осылайша, пенде Алланы шын мәнінде сүйетіндігін дәлелдейді. Сондай-ақ, бұл айтылған ойды тек қана пайғамбарды сүйсе жеткілікті деп түсіну қате екендігін де айта кеткен жөн. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) :

ثَلاَثٌ مَنْ كُنَّ فِيهِ وَجَدَ حَلاَوَةَ الإِيمَانِ: أَنْ يَكُونَ اللَّهُ وَرَسُولُهُ أَحَبَّ إِلَيْهِ مِمَّا سِوَاهُمَا، وَأَنْ يُحِبَّ المَرْءَ لاَ يُحِبُّهُ إِلَّا لِلَّهِ، وَأَنْ يَكْرَهَ أَنْ يَعُودَ فِي الكُفْرِ كَمَا يَكْرَهُ أَنْ يُقْذَفَ فِي النَّارِ

«Кімнің бойында (мына) үш қасиет табылса, иманның дәмін татқан болады: Алла және оның Елшісін барлығынан артық жақсы көрсе, қандай да бір адамды жақсы көруі Алланың разылығы үшін болса және күпірлікке қайтуды өзін отқа тастауды жек көргендей жек көруі», – деген. 

Алла Елшісін шынайы жақсы көрген адам ақыретте биік дәрежелерге, шексіз сауаптарға кенелмек. Хадис шәріпте былай делінген:

أنَّ رَجُلًا سَأَلَ النبيَّ صَلَّى اللهُ عليه وسلَّمَ: مَتَى السَّاعَةُ يَا رَسولَ اللَّهِ؟ قالَ: مَا أعْدَدْتَ لَهَا قالَ: مَا أَعْدَدْتُ لَهَا مِن كَثِيرِ صَلَاةٍ ولَا صَوْمٍ ولَا صَدَقَةٍ، ولَكِنِّي أُحِبُّ اللَّهَ ورَسُولَهُ، قَالَ: أَنْتَ مَعَ مَنْ أَحْبَبْتَ

«Бір адам Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың Елшісі! Қиямет қашан орнайды?» – деп сұрайды. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әлгі адамға: «Сен қияметке не дайындадың?» – деп сұрайды. Ол адам: «Уа, Алланың Елшісі! Қияметке көп намаз немесе ораза, садақа дайындадым деп айта алмаймын, бірақ мен Алла мен Оның Елшісін жақсы көремін», – дейді. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):  «Сен кімді жақсы көрсең солармен бірге боласың деп жауап береді», – дейді.

Алла Елшісін жақсы көру тек қана жүректегі сүйіспеншілік сезімімен шектелмейді. Хақ сардарына деген шынайы махаббат пендеден белгілі бір амалдарды атқаруды қажет етеді. Ол амалдарға тоқталар болсақ, мынадай:

 

Бірінші: Болмасаң да ұқсап бақ

Ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген сүйіспеншіліктің айқын көріністерінің бірі – Алла Елшісін және оның өмірін үлгі тұту. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ахзаб» сүресі, 21-аятында:

لَقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللَّهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ لِمَنْ كَانَ يَرْجُو اللَّهَ وَالْيَوْمَ الآخِرَ وَذَكَرَ اللَّهَ كَثِيرًا

«Расында сендер үшін, Алланы да, ақырет күнін де үміт еткендер мен Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың Елшісінде көркем үлгі-өнегелер бар», – деп айтқан.

Аяттағы «үлгі-өнеге» ұғымы мұсылман өмірінің кез келген қырын қамтиды. Яғни, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  бізге мейлі дін мәселесінде болсын, мейлі дүние-тіршілігіміз болсын, жалпы күллі іс-әрекетімізде үлгі-өнеге болып табылады.

Екі дүние сардарын қаншалықты үлгі етсек, оған деген сүйіспеншілігіміз де соншалықты арта түседі. Кейде адамдар Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін бекем ұстануды өзгелерден талап етеді. Алайда, Алла Елшісінің тұлғалық келбетіне аса мән бермейді. Асылында, егер Алла Елшісіне шынайы ұқсағымыз келсе, діни және дүниелік мәселелердегі оның ұстанымдарын басшылыққа алумен қатар, оның көркем мінезіне, адамдармен қарым-қатынасына да назар аударғанымыз жөн.

 

Екінші: Оның өмірбаянын зерттеу

Алла Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақсы көрген адам ол кісінің өмірі турасында жақсы білуі тиіс. Ардақты Пайғамбарымыздың өмір жолы үлкен ғибратқа толы болғандықтан онымен танысу арқылы адам баласы екі дүниесіне қажетті көптеген мағлұматтар алмақ. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мүминун» сүресі, 69-аятында:

أَمْ لَمْ يَعْرِفُوا رَسُولَهُمْ فَهُمْ لَهُ مُنكِرُونَ

«Немесе пайғамбарларын олар танымады да сондықтан оған қасарыса ма?» – деп айтқан.

Адам баласы пәни өмірден өтіп, қабір әлеміне кіргенде одан періштелер: Раббың кім?», «Дінің не?», «Пайғамбарың кім?» деген сұрақтар қоятындығы хадистерге баяндалған. Бұл да мұсылман үшін Алла Елшісін танудың қаншалықты үлкен маңызға ие екендігін көрсетеді.

Саңлақ сахабалар балаларына ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өміріне қатысты оқиғаларды ерте жастан бастап оқытады екен. Осылай істеу арқылы өз перзенттерінің бойына кішкентайынан Хақ сардарының мінез-құлқын, әдебін, тақуалығы мен адамгершілігін сіңіре білген.

Өзін мұсылман деп санайтын әрбір адам екі дүние сардарының (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өміріне қатысты негізгі мәліметтерді біліп, оның мейірімділігі, жанқиярлығы, жомарттығы, өзінің үмметіне деген қамқорлығы және т.б. қасиеттерінен хабардар болуы тиіс.

 

Үшінші: Салауат айту

Адам баласының есепсіз сауаптарға кенеліп, Алла Тағаланың мейіріміне бөленіп, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағатына кенелуіне себеп болатын амалдардың бірі – салауат айту.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Ахзаб» сүресі, 56-аятында:

إِنَّ اللَّهَ وَمَلَائِكَتَهُ يُصَلُّونَ عَلَى النَّبِيِّ ۚ يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا صَلُّوا عَلَيْهِ وَسَلِّمُوا تَسْلِيمًا

«Расында, Алла және Оның періштелері пайғамбарға (шексіз рақымын төгіп) салауат айтады. Уа, иман келтіргендер! Ендеше, сендер де оған шын жүректен салауат айтып, құрметпен сәлем жолдаңдар!» – деп айтқан.

Салауат айтудың сауаптары мен өзге де пайдалары өте мол. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْ صَلَّى عَلَيَّ صَلَاةً صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ بِهَا عَشْرًا

«Кім маған бір салауат айтса, Алла Тағала оған он салауат айтады», – деген (Мүслим).

Бір күні Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүзінен қуаныш байқалады. Сол кезде сахабалары: «Уа, Алланың Елшісі! Жүзіңізден қуаныш байқап тұрмыз», – дейді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған періште келіп: «Уа, Мұхаммед! Раббың: «Үмбетіңнен саған біреу бір мәрте салауат айтса, Мен оған он салауат айтамын. Үмбетіңнен саған біреу бір мәрте сәлем жолдаса, Мен оған он сәлем жолдаймын. Осыған разы боласың ба?» – деді». Мен: «Әрине, разы боламын», – деп жауап бердім», – деген екен».

 

Қисса

Бірде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінбердің бірінші баспалдағына шығып бара жатып «әмин» деп айтады. Екінші баспалдағына шығарда тағы да «әмин» дейді. Үшінші баспалдағына аяғын қойып тұрып, тағы да «әмин» деген сөзді айтады. Мұны естіген сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Мінберге шығарда неліктен үш мәрте «әмин» деп айттыңыз?» – деп сұрақ қояды. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мінберге шығарда Жәбірейіл періште жаныма келді де: «Кімде-кім Рамазан айына жетіп, кешірімге ие бола алмай өмірден өтсе, Алла оны мейірімінен алыстатсын», – деді. Осы кезде мен: «Әмин», – дедім. Екінші баспалдаққа аяқ басқанымда: «Кімде-кімнің қарт ата-анасы болып, оларға қызмет ету арқылы Алла Тағаланың разылығына кенелуді көздемесе, Алла оны мейірімінен алыстатсын», – деді. Екінші рет «әмин» дедім. Ал үшінші баспалдаққа аяқ басқанымда: «Кімде-кім сенің есімің аталғанда салауат айтпаса, Алла оны мейірімінен алыстатсын», – деді. Мен тағы да: «Әмин», –дедім», – деп жауап берген екен.

 

Төртінші: Бұйрықтарын орындап, тыйыл дегендерінен тыйылу

Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бағыну Алла Тағалаға бағынумен тең. Сол себепті де Алла Тағаланың бұйрықтарын толық деңгейде орындауды қалаған адам, Алла Елшісінің де бұйрықтарын бұлжытпай орындауы тиіс. Алла Тағала Тағала қасиетті Құранның «Хашыр» сүресі, 7-аятында:

وَمَا آتَاكُمُ الرَّسُولُ فَخُذُوهُ وَمَا نَهَاكُمْ عَنْهُ فَانْتَهُوا

«Сендерге Пайғамбар не берсе алыңдар да, неден тыйса, содан тыйылыңдар», – деп әмір еткен.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Менің үмбетімнің бас тартқандарынан өзгесінің барлығы жәннатқа кіреді», – деп айтқан. Сонда сахабалары: «Уа, Алланың елшісі! Сонда кім бас тартады?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім маған бой ұсынса, ол жәннатқа кіреді, кімде-кім маған қарсы шықса, онда ол бас тартқаны», – деп жауап қатады (имам Бұхари).

 

Қисса

Бір күні Құранды жетік оқитын әрі пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уахиын жазып отыратын сахабалардың бірі Убай ибн Кағб құлшылық жасап отырған еді. Жанынан өтіп бара жатқан Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны дауыстап шақырады. Убай ибн Кағб оған қарады, бірақ жауап бермеді. Кейін құлшылығын тәмамдап, Пайғамбардың қасына келіп, сәлем береді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Сені шақырған уақытта жауап бермедің?» – деп сұрайды. Убай ибн Кағб (Алла оған разы болсын): «Құдайдың разылығын қалай алуға болады? Сол үшін жауап бере алмадым», – деп үзірін айтады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сен Алла Тағаланың:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ اسْتَجِيبُواْ لِلَّهِ وَلِلرَّسُولِ إِذَا دَعَاكُم لِمَا يُحْيِيكُمْ وَاعْلَمُواْ أَنَّ اللَّهَ يَحُولُ بَيْنَ الْمَرْءِ وَقَلْبِهِ وَأَنَّهُ إِلَيْهِ تُحْشَرُونَ

«Уа, иман келтіргендер! Алла Елшісі сендерді өздеріңе тіршілік беретін нәрсеге (дінге) шақырған кезде, Алланың әрі Елшісінің шақыруын қабыл алыңдар. Сондай-ақ Алланың пендесі мен оның жүрегінің арасына дейін перде тұтатынын біліңдер», – деп айтқан уахиын көрмедің бе?» – дейді (Әнфал сүресі, 24-аят). Сонда Убай ибн Кағб: «Уа, Алланың Елшісі! Көрдім. Енді бұлай қайталанбайды», – деп жауап береді (имам Термизи).

 

Қисса

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларының әрқайсысының Хақ Елшісіне деген махаббаты ерекше болатын. Алла Елшісі дүниеден өткенде сахабалар бұл жайтқа сене алмай, қатты қиналды. Соның ішінде мұсылмандардың алғашқы азаншысы хазірет Біләл да осындай қиын күйде болды. Ол үшін Алла Елшісінің кетуі жарық күннің сөнуімен бірдей болды. Әлемдердің падишасы дүниеден озған соң, Біләл Мәдинада азан шақырмаған еді. Ғалымның рақым нұры (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ақиреттік болғаннан кейін азан шақыруға батылы да бармайтын. Өйткені азандағы «Әшһаду әннә Мұхаммадан Расулаллаһ (Мұхаммед Алланың Елшісі екендігіне куәлік етемін)» деген сөзді айта алмай тамағына өксік тығылып, іркіліп қалатын. Дауысы шықпай, көз жасына булығып, аяқтарының буыны босап кете беретін.

Біләлдің Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немерелері Хасан мен Хусейннің өтініші бойынша соңғы рет Мәдинада азан шақыруы тарихта үлкен оқиға болды! «Ол көзін көкке қадап тұрып, бүкіл жан дүниесімен азан шақырады. Бүкіл Мәдинада Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген сағыныш жаңғырды. Ел тегіс көшеге шықты. Алла Расулының нұрлы өмірін көз алдына елестетіп, Пайғамбарымыз қайта тіріліп келіп, Біләлға азан шақыртқандай болды. Сол күні көзіне жас алып иығы селкілдемеген тірі жан қалмады («Кемелдік кілті» кітабынан).

 

Қадірменді жамағат!

Алла Тағалаға иман келтіріп, Оның хақ дініне бойұсынған адам, Алла Тағаланың Пайғамбарына да бағынып, Оны жақсы көре білуі тиіс. Себебі Алла елшісін жақсы көру – мұсылманның иманының кемелдігінің көрінісі.

Ғалымдарымыз «Алла Елшісіне салауат айтып, қадірлеп, құрметтеу – тұтас дінді мадақтап, қадірлеу. Пайғамбарымызды құрметтемеу – тұтас дінге деген құрметсіздік» деп тұжырымдаған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لَا يُؤْمِنُ أحَدُكُمْ  حَتَّي أكُونَ أحَبَّ إلَيْهِ مِنْ وَالِدِهِ وَ وَلَدِهِ وَالنَّاسِ أَجْمَعِينَ

«Кімде-кім мені әкесінен, баласынан және бүкіл адамдардан артық жақсы көрмейінше, кәміл иман келтірген болып саналмайды», – деп, өзіне қатысты махаббатымыздың қандай деңгейде болу керектігін баяндаған.

Тағы бір хадисінде: «...Менің бауырларым – мені көрмегендер. Мені растап, иман келтіргендер, мені қатты жақсы көретіндер», – деп, бізді «бауырларым» деп атаған.

Алла Тағала баршамызды Алла Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шынайы жақсы көретін, Оның сүннетін құрметтеп, соңынан еретін құлдарының қатарында етіп, қасиетті жұма күнгі дұға тілектеріміздің қабыл болуын нәсіп еткей!

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі