Облыстың Бас имамы Рамазан айымен құттықтады 1486

Облыстың Бас имамы Рамазан айымен құттықтады

01 сәуір 2022 232 Оқу 1 минут

2 сәуір – Рамазан айының бірінші күні!


 

 РАМАЗАН АЙЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Қадірлі отандастар және ақтөбеліктер!

 Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді он екі айдың сұлтаны, мүбәрак Рамазан айының басталуымен құттықтаймын!

Рамазан – берекелі де кешірімі мол ай. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені, ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді. Сабырлық, қайырымдылық, мейірімділік, бауырмалдық секілді адамдық асыл қасиеттер артып, иман күшейеді.

Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі.

Шарапаты мен шапағаты мол айда күнәлі істерден бас тартып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Алла Тағаланың разылығына бөленуге асығайық! Жаратушы Хақ Тағала баршамыздың ізгі ниетімізді қабыл етіп, тұтқан оразамыз қабыл болғай! Жүздеріңіздегі – нұр, жүректеріңіздегі – иман арта берсін! Әлеуметтік жағдайы нашар жандар мен отбасыларға жәрдем беріп, осы мақсатта ұйымдастырылатын қайырымдылық акцияларына мүмкіндігінше атсалысып, жақсылықта жарысайық!

Отбасыларыңызға бақ пен береке тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Серікжан ЕНШІБАЙҰЛЫ

Ақтөбе облысының Бас имамы