Нұрлыбек Шакизада: Тәртіпке бағынған құл болмас! 2912

Нұрлыбек Шакизада: Тәртіпке бағынған құл болмас!

06 қыркүйек 2023 83 Оқу 1 минут

Әлемдердің Жаратушысы Алла тағала барлық жаратылысты белгілі өлшеммен,хикметке толы жүйемен,теңдессіз тәртіппен жаратқан. Аспан әлемі болсын, жердің жүзі болсын,тіпті,теңіз асты тіршілігіне назар салсақ таңдай қақтырар реттілікті көреміз. 

Адамзат баласының бейбіт өмір сүру де да белгіленген тәртіпке мұқтаж. Олай болмаған жағдайда әлсіздердің қаналуы көбейіп, күштілердің ғана үстемдігі арта беруі арқылы қоғамның шырқы бұзылмақ. Ал, мұндай берекесіздікті бір тұтас қылатын әрекет-басшыға бағыну. Яғни,қандай да бір қауым өз билеушісіне, басшысына бағыну арқылы өзі өмір сүріп отырған ортаның тыныштығын сақтайды. Қоғамның тыныштықта болуы бүгінгі таңда әлемнің кейбір елдеріне қол кетпес,аңсаған арман екенін естен шығармауымыз керек. Ендеше, осы бір бейбіт заманның өзі Жаратушының ұлы нығметтерінің бірі екендігін «Нахл» сүресінің, 53-аяты:«Сендердегі әрбір нығмет Алладан» деп еске салады. Сондай-ақ Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Аллаға бағыныңдар, Елшіге бағыныңдар, сондай-ақ өз араларыңнан болған басшыларыңа бағыныңдар,» (“Ниса” сүресі, 59-аят)-деп баяндау арқылы, тұтастық үшін ел басшыларына бағынып, игі істерде жәрдем етудің маңыздылығын көрсетеді. Бұл бейбіт,саналы түрде бағынудың артында қаншама біз байыбына бара бермейтін көп дүниелер жатыр:

Елдің тұтастығы мен бірлігінің нығаюы.

Мемлекеттің бар жағынан алға жылжып,өркендеуі.

Сыртқы күштердің түрлі әрекеттеріне төтеп беруге де ел ішіндегі тәртіптің маңызы зор.

Ішкі тұрақтылықтың реттелуі, қоршаған ортадағы бейбіт өмір.

Қоғамдағы теңдік.

Жарқын болашақ пен ел ертеңіне сенім.

Ел ертеңі – бүгінгі күндегі бірлікпен тығыз байланысты. Тиісінше, алауыздықтың өршіген оты бүгін түгіл болашаққа әкелер үлкен апат екендігін ескеру керек. Өйткені, дінімізде бүлік шығару-кісі өлтіруден де ауыр іс.

Бүгінгі ұрпақ мемлекетіміздің тұғырын нық етуде кезіндегі ел басқарып, жұрт тыныштығын жанындай сақтаған әрі «Тірлік басқа болса да, тілек бір, бармақ басқа болса да, білек бір» деген бабалар жолынан үлгілі алуымыз керек. Осы орайда, тарихтағы оқиғаны шола өтсек.

Қыпшақ пен Қаракесек елдері жайлауға таласыпты. Осы дауды шешуге ел-жұрт Қаз дауысты Қазыбекті алдырыпты. Аман-саулықтан кейін Қыпшақтың биі:

– Арғынның арык биі сөйле. - депті. Сонда Қазыбек:

– Арық емес қатумын,

Жетімдік көрсе қыз азады,

Бала кезден татумын.

Жаугершілік кезде ер азады,

Көшершілік кезде түйе азады,

Ермен бірге ел азады,

Көктемде бие азады,

Тағындағы хан азады, - депті де, ен жайлауды екі елге қақ бөліп беріп елдің бәрін риза етіпті. Бұл оқиғадан түйеріміз араз болған екі ел арасындағы алауыздық бір ауыз тоқтам айтқан Қазыбек атамыздың сөзіне бағыну арқылы тоқтады.Демек, қандай да болмасын ортада басшыға бағыну түрлі бүліктен аман қалдыратын амал болмақ. Осы орайда, Ибн Аббастан жеткен хадисте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Кім өзінің басшысынан өзіне ұнамсыз бір нәрсе көрсе, оған сабырлықпен қарасын. Өйткені, көпшіліктен бір елге болса да бөлініп өлген адам, өлімді надандықпен тапқан болады,»-деген хадисі бізге көп дүниені ұқтырмақ. Сондай-ақ, Әнас ибн Мәлик: «Біздерге үлкендеріміз Алла елшісінің (с.ғ.с) сахабалары: Басшыларыңды сөкпеңдер, оларға опасыздық жасамаңдар, Алладан қорқыңдар сабыр етіңдер» дейтін»,-деген ұлағаты сол замандағы сахабалардан бұрын қазіргі бізге мейлінше естен шығармау қажет керемет өсиет деп ойлаймын.

Ендеше, бүгінгі қолдағы бейбіт уақыттың қадірін біліп, барынша алтыннан артық бақытымызды сақтап қалуға күш салайық. Әрі осы жолда тынбай еңбек етіп, ел басқарып отырған басшыларымызға жақсылықьа жәрдем етіп және әр істе көркем бағынушылықпен әрекет ету арқылы ел болашығын жарқын етпекпіз.

Алла тағала еліміздің бағын баянды етіп, келешегін кемел еткей! Ел басшыларына тауфиқ беріп, жұртымыз үшін атқарып жатқан істерін берекелі етсін деп тілейміз!

Нұрлыбек Шакизада

Ақтөбе қаласының Бас имамы