Намаз оқып жатып әуреті ашылып қалса, намаз дұрыс болады ма? 2315

Намаз оқып жатып әуреті ашылып қалса, намаз дұрыс болады ма?

11 желтоқсан 2022 1299 Оқу 1 минут

Намаз – діннің тірегі, құлшылықтың ең абзалы. Исламның негізгі бес парызының бірі. 

Намаз – өзін мұсылман санайтын кісіні Жаратушысына мойынсұндырып, қанағат пен өзге де қайырлы қадамдарға бастайтын ғибраты мол ғибадат. Сондай-ақ ол – жат әдеттер мен арсыздықтан тыятын, азғындықтан сақтайтын құлшылық һәм рухани азық. Сондықтан намазды дұрыс орындау – мұсылмандар үшін ең маңызды міндет. Ақиқатында, намаз – иманның басы, діннің тірегі, жұмақтың кілті, Исламның сөзі әрі мүміндердің миғражы. 

Жалпы намаз оқығанда имамдыққа шығушы да, жеке оқушы да әуретінің жабық болуы керек. Себебі, әуреттің жабық болуы – намаздың сыртқы парызы болып табылады. Ал әуреттің мөлшеріне келсек, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ер адамның әуретін: «Еркектің әурет жері – кіндігі мен тізесінің арасы», «Кіндіктің асты – тізеден түскенге дейінгі жерлер», – деп, ал әйелдің әуретін Әсмаға (р.а): «Әсма! Әйел балиғат жасына жеткен кезде оның мына мүшелерінен басқа жерлерінің көрінуі дұрыс болмайды. Алла Елшісі осы сөздерді айтқан кезде қолдары мен жүзіне ишарат еткен еді», – деп нақты көрсетіп берген. 

Ашылып қалған әурет жері бір рукүн бойы, яғни үш таспих уақыт бойы жабылмаған болса, намазы бұзылады, онда ол адамның намазы дұрыс болып есептелмейді.

Ыбырай Алтынсарин бабамыз өзінің «Мұсылманшылықтың тұтқасы (Шариат-ул-Ислам)» еңбегінде әурет туралы былай деп жазған:

... ұят жерлерді ашық қоймай, жауып оқымақ, еркек болса, тізесі мен кіндігінің екі арасын, әйел болса беті мен екі қолы, екі аяғынан басқасының бәрін жабу керек. Осы ғаурат деп, яғни жасырылатын жер деп, аталған денелердің төрттен бірі жабылмаса да намаз дұрыс болмайды. 

Егер намаз оқушының ашылып қалған әурет жері бір рукүнға жетпесе, яғни бір таспихтан кейін дереу жабылған болса, намазы бұзылмайды.