МҰСЫЛМАНДЫҚ НЕКЕ – ОЙЫНШЫҚ ЕМЕС! 469

МҰСЫЛМАНДЫҚ НЕКЕ – ОЙЫНШЫҚ ЕМЕС!

12 сәуір 2023 335 Оқу 1 минут

Қасиетті Құранда: 

«Біз әр нәрсені жұп қылып жараттық» (Зарият сүресі, 49-аят), — деген аят бар. Жалғыздық тек Аллаға ғана жарасқандығын ескерсек, жасы жеткен әр адамның өз сыңарын тауып, некелескені абзал іс саналады.

Құран Кәрім некелесуді әмір етеді. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде: «Некелесіңдер, көбейіңдер! Қиямет күні мен сендердің көп екендіктеріңмен мақтанамын» және «Неке қию — менің сүннетім. Сүннетімді тәрк еткен адам менен емес» делінеді.

Шариғатта үйлену мен неке қиюдың бірнеше шарты қаралған. Неке қияр кезде, үйленгеннен кейін де еркек пен әйелдің хақысы турасында толық мағлұмат бар.

Алайда соңғы кездері қоғамда шариғаттың шарттарын ойыншық қылып, жас қыздарды алдап, өз нәпсісінің қалауын орындау үшін білгенін істеп жүрген жігіттер көбейіп кетті. Мешітке кеңес сұрап, жылап келетін қыздардың қарасы жиіледі. Үлбіреген қыздарының «діндар» жігіттердің айтқанына жүріп, айдағанына көніп, ақыры тұнығы лайланып, мөлдірі ластанып, ешкімге керек болмай қалғаны үшін бармақ тістеген ата-аналарға, он екіде бір гүлі ашылмай жатып, «орамалды жезөкше» деңгейіне түскен қаракөздерге, «пейіштің кілті» қолдарында жүргендей жалғанды жалпағынан басам деп, ауыр күнә арқалаған, атпалдай азамат деп сенетін жігіттерге титтей де болса пайдасы тиер деген үмітпен сөз қозғауды жөн көрдік. 

Неке — исламдағы шариғат жолы. Яғни, екі адамның отбасын құрып, дүниеге ұрпақ әкеліп, оны тәрбиелеп жетілдірудегі шариғаттың шарты. Некесіз үйленуге болмайды, некесіз үйленген адамдардың одағы харам болып есептеледі. Шариғат бойынша екі жас шаңырақ көтерер кезде неке қиылуы тиіс. Некенің бірнеше шарты бар:

Бірінші шарты: ерлі-зайыптының осы некеге, бір-біріне ризашылығын білдіруі. Яғни, ер-азамат пен әйел адам «Маған тұрмысқа шығасың ба?», «Саған тұрмысқа шығуға келісемін» сынды сөздер айтып, өзара бұл некеге ризашылығын білдіруі тиіс.

Екінші шарты: неке қиылу кезінде кемінде екі куәгер болуы тиіс. Ол екі адамның екеуі де мұсылман ер адам немесе бір ер адам, екі әйел адам болуы тиіс.

Үшінші шарты: қызға сұраған сыйлығын беру. Шариғатта ол мәһір деп аталады. Осы шарт кейінгі кезде ұмытылып кетті, алайда оны қайтадан қалпына келтіру маңызды. Осы үш шарт міндетті түрде орындалуы тиіс.

Қоғамның талабына сай, төртінші шартты енгізіп жатырмыз: қыз балалар тұрмысқа шыққанда ата-ана міндетті түрде осы неке туралы білуі, осы некеге ризашылығын білдіруі, яғни, неке қиыларда сол жерде ата-ананың да болуы немесе келіскендігі туралы кепілдігі, ол болмаған жағдайда өзінің ризашылығын білдіретін өкіл кісіні жіберуін талап етеміз. Бұл шарт шариғаттан негізін алып отыр.

Бірінші шарты түсінікті: яғни, екі адам бір-бірімен шаңырақ көтеруге жүрек қалауымен өз келісімдерін беруі керек. Ол дегеніміз — екі жастың бір-бірін ұнатуы, қандай жағдайда да бір-біріне сүйеу болатындығын, бір шаңырақтың астында тұра алатындығын түсінуі. Неке шарасыздықтан, мәжбүрлі түрде жасалған амал болмауға тиіс. Жүрек қалауы болмаса да, күнім өтсе болды, бұл дүниедегі қиындықтардан шығып кетсем болды деген ниетпен қиылған неке харам болады. Бүгінде осындай некелер көбейіп кетті.

Мәселен, қазіргі уақытта ажырасу өте көп. Бұл жесір әйелдер саны да көп дегенді білдіреді. Дүниесі көбірек, өзінше шариғат бойынша жүремін дейтін ер-азаматтар көбіне осындай жесір қалған, үй-күйі жоқ жас келіншектерді екінші әйел етіп алады. Әйел ол жігітті ұнатпаса да, жүрек қалауы болмаса да, күні үшін шарасыздықтан көнуі мүмкін. Тіпті кейбір жас қыздар ата-анасын, отбасын жоқшылықтан құтқару үшін амалсыздан ауқатты жігіттерге екінші, үшінші әйел болып тиіп алады. Бұл дұрыс емес. Бұл мәжбүрлі неке болып саналады.

Екіншіден, неке қиылар кезде кем дегенде екі куәгердің болуы тиіс. Бұл мәселеде Пайғамбардың (с.а.с.) айтқан сөзі бар: «Неке тек уәлидің болуымен және келісімімен және кем дегенде екі әділ куәгердің болуымен орындалады». Куәгер шынында да бұл екеуі отбасы құра алатындықтарына, ары қарай сол шаңырақты құлатпай тұра алатындықтарына кепілдік беретін адам болуы тиіс. Қазір бұл шарт та орындалмай жатыр. Өзінше шариғат жолымен жүреміз дейтін жас жігіттер мен қыздар өз үйлерінде, болмаса жалдамалы пәтерлерде, біреулердің баспаналарында куәлікке тұрмайтын кез келген біреуді алып келіп, некелерін қия береді. Болмаса «біздің некемізге періштенің өзі куә болады» деп, дұрыс емес іске барып жатады. Кейін ер адам әйелін талақ еткенде жалған куәгерлер ештеңе білмей қалады.

Сондай-ақ, әйел талақ етілген кезде де куәгер болу керек. Себебі, ол адамдар: «Біз осы некенің қиылғанына, осы екі адамның ерлі-зайыпты екеніне куәміз» дегеніндей, екеуінің ажырасқанына, ерлі-зайыпты еместігіне де куәлік етуі керек.

Бейресми деректер бойынша, шариғат жолында жүрміз дейтін бір бойжеткеннің бір жылда 11 рет, тіпті одан да көп тұрмысқа шыққаны туралы ақпарат бар. Мешітке сондай жігіттерге алданып қалған қаракөздер көп келеді. «Мен намазханмын» деген соң ол жігітке сендім. Тұрмысқа шықтым. Үшінші әйел етіп алды. Алғаннан кейін арада бір-екі ай өтпей, маған талақ қойып тастады. Содан соң ол жігіттің досы келді: «Мұсылман әйелдің бұлай жүргені шариғатқа қайшы. Маған тұрмысқа шық», — деген соң, соған әйел болып тидім. Арада ай өтпей ол мені тағы да талақ қылды», — деп келді бір қыз. Міне, осылайша, жігіттер жалған куәгерлер тауып алып, шариғатты білмейтін, ислам туралы білімі аз қыздарға: «Шариғат бойынша сен маған тисең, менің айтқаныммен жүрсең, пейішке кіресің», — деп, өзінің қолында пейіштің кілті тұрғандай немесе Алланың куәлік кепілхаты бардай, өтірік айтып, оларды өз мақсаттарына пайдаланып кетіп жатыр. Басына түскен осындай жағдайларды айтып, жылап келіп жатқан қыздар көп. Біреуі 4 рет, біреуі 7-8 рет тұрмысқа шыққан. Жаңа тағы да бір қыз келіп кетті: «Мені телефон арқылы талақ қылды», — деп жылады. «Некеңді қайда қидың? Кім қиды? Куәгерлер кім болды?» деген сұрақтың бірде-біреуіне нақты жауап бере алмайды. Жалдамалы пәтерде белгісіз біреулердің куәлік етуімен белгісіз біреу қиыпты некесін. Иә, ата-анасы қарсы болмаса, екі тарап бір-бірін жақсы білсе, үйде некесін қидыруға болады. Алайда олай болмайды екен, жоғарыдағыдай жағдайлар тыйылмайды екен, мұсылмандық шарттары бойынша некені мешітте қиған дұрыс деп есептейміз.

Бұл жайттардың барлығы жігіттердің шариғат шарттарын дұрыс білмегендігінен көбейіп кетіп отырған жоқ. Олар барлығын жақсы біледі. Егер білмесе, білетіндерден, мешіттегі имамдардан келіп сұрар еді. Біле тұра солай жасайды. Тілі мен жағына сүйенген жігіттер Құдайдан қорықпайды, жақсы ұрпақ сүйейін, өнегелі отбасы болайын демейді, исламның шарттарын жамыла отырып, нәпсінің қалауымен, қыздарымызды қорлауды әдетке айналдырған. Олар бір-біріне: «Мен пәленшені талақ еттім, сен соны алып ал», — деп бір-біріне хабарласып тұрады екен. Ондай жігіттерге бірнеше рет үйлену, ажырасу әншейін нәрсе болып қалған. Шариғатты осылай ойыншыққа айналдырып алған. Бір сорақысы, осылайша от басып, мешітке жылап келетін қыздардың қатары тым көбейіп бара жатыр. Мен осының барлығын қауіп еткеннен айтып отырмын.

Кейде ажырасқан қыздар екінші, үшінші рет тұрмысқа шыққанда жүкті болып шығуы мүмкін. Алайда бұл жерде мәселе шариғаттың шарттарын білмей, бір жылдың ішінде 5-6 рет тұрмысқа шыққан қыздардың көбейіп кеткендігінде. Бұл дұрыс емес. Әйел адам ажырасқаннан кейін екінші рет тұрмысқа шыққанша төрт хайыз уақытын, яғни, шамамен төрт ай күтуі тиіс. Соны білмегендіктен, қыздар бір жылда бірнеше рет тұрмыс құрып жатыр. Бұл жаман жолға түскенмен бірдей. Бұл зина болып есептеледі. Ондай қыздардың әйелдік қасиеті жоғалады, олардың көшедегі жезөкшелерден еш айырмашылығы болмай қалады. Әрине, қыздарымыздың орамал тағып жүргені дұрыс, алайда дін дегеніміз — тек қана орамал емес.

Осы орайда мәһір мәселесін де қозғай кеткеніміз жөн болады. Оның некенің берік болуында маңызды рөлі бар. Мәһір — қызға берілетін сыйақы. Ханафи мәзһабы бойынша қызға берілетін мәһірдің құны ең аз дегенде 10 дирһам күміс ақша мөлшерінде болуы тиіс. Себебі, Алла-Тағала Құран Кәрімде: «…Бұлардан өзгелерді нәпсі әуестік жолмен емес, мал беріп алуларыңа рұқсат...», — деп мәһір беруді бұйырып тұр. Ал мәһірдің ең аз мөлшерін Пайғамбарымыз «...он дирһамнан кем мәһір жоқ» деген сөзімен бекіткен.

Қазір біз мәһір мәселесін де ойыншыққа айналдырып алдық. Кейбір жігіттер қалыңдығына: «Жүрегімді арнадым» деген сияқты сөздер айтады немесе арзымас алқа, жүзік сияқты нәрселермен алдай салады. Бұл да некенің бұзылуына әкеліп соқтырады. Сондықтан оған немқұрайды қарауға болмайды.

Шын мәнінде, мәһір қыздың құрметін жоғарылатып, құнын көтереді. Ер-азамат қалыңдығына неғұрлым қымбат сый жасаса, некеге соғұрлым жауаптырақ болады. Исламда әйелді қатты құрметтеген. Хазіреті Омар халифаның тұсында өмір сүрген сахаба Абдуррахман Ибн Ауф екінші, әлде үшінші әйеліне үйленер кезде қалыңмалына бір зембіл алтын апара жатады. Оны көрген Омар халифа: «Бұл не деген сұмдық? Енді кембағалдар үйлене алмайтын болды ғой» деп, мешітке барып: «Әй, әйелдер, қалыңмалды көбейтпеңдер», — дейді. Сонда бір әйел тұрып: «Әйелдеріңе сұрағандарын беріңдер деп Құранда айтылған», — деп уәж айтады. Сонда халифа: «Мен қателестім. Бір зембіл алтынды сұраған қызға беріңдер», — депті. Яғни, әйелдің қадірі болуы үшін оның құны болуы тиіс. Арзан нәрсенің құны болмайды. Бір рет қолындағы барын шашып, үйленген адам әйелін талақ етіп, үйленерде дәл солай шашылатынын ойлауы керек, нағыз мұсылман адам отбасын ойрандауды емес, ең алдымен шаңырағының биік болуын ойлайды. Сондықтан мәһір дейміз, қызға берілетін сыйақы дейміз, қазіргі ұғымға салсақ, қалыңмал мәселесін ұмытпауымыз керек. Әрине, екі жақтың ата-аналары, ерлі-зайыптылар өзара келісімге келсе, оның жөні бөлек.

Бізге жылап келетін қыздар ғана емес, ата-аналар да баршылық. Жақында бір ана келді. Ұлы намазхан қызды әйелдікке алады. Кейін ол қыздың теріс ағымда жүргені анықталып, жігіт істі болып кетеді. Жалғыз ұлдан қызық көремін деп армандаған ата-ана осылайша зар жылап қалды. Қыздардың аналары да келіп жатады. Шариғат жолымен жүремін деген жігіттер жас қыздарды ата-анасының разылығынсыз әйелдікке алып, талақ қылып жатады. Егер екі жақтың ата-аналары бір-бірімен сөйлесіп, білісіп, ризалығын берсе, мұндай жағдай аз болар еді.

Діндар жігітке тұрмысқа шыққысы келетін кейбір қыздар ата-анасының разылығын ала алмаса, тыңдамай кетіп қалады… Бұл дінге қайшы. Мұсылман дінін алғашқы болып қабылдаушылардың бірі — Әсма бинт Әбубәкір бірде Пайғамбарымызға келіп: «Менің үйіме ата-анам келіп отыр. Олар пұтқа табынатын еді. Оларды үйге кіргізуіме бола ма?» — деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз оған: «Әке-шешеңнен қолыңнан келген жақсылығыңды аяма», — деген екен. Яғни, оған: «Діні бөлек анаңды үйіңе кіргізбе», — деген жоқ: «Қолыңнан келген жақсылығыңды аяма», — деді. Яғни, Исламда әкенің, ананың орны үлкен. Алланың ризашылығы — ата-ананың ризашылығында. Сондықтан қандай жігітке тұрмысқа шықсаң да, ата-ананың ризашылығын, ақ батасын алу керек. Кейбір қыздар біреуге екінші, үшінші әйел болып тиетіндіктен, мұндайды анасынан жасырады. Себебі, екінші, үшінші әйел болып тиюге заң да рұқсат етпейді.

Неке туралы Заңға көп әйел алу туралы өзгеріс енгізілгенін құптаймын. Осындай өзгеріс енгізілсе, жақсырақ болар еді. Себебі, қазір жігіттер бірнеше әйел алады. Ал әлгі жігіт аяқ астынан о дүниелік бола қалса, не ажырасатындай жағдай болса, оның артында қалған мирас тек бірінші әйелі мен соның балалары арасында ғана бөлінеді. Бұл шариғатқа қайшы. Дін алдында ер адамның некелескен барлық әйелдері мен сол әйелдерден туған балаларының құқы бірдей болуы тиіс. Олай болмаған жағдайда, ер-азамат қияметте жауап береді, ондай адам қияметте жарты адам есебінде болады делінген. Сондықтан екінші, үшінші әйелдердің шариғат алдында да, заң алдында да құқықтары бірдей болғаны жөн.


РАНТ мүшесі, ұстаз Әбдімүтәлі Дәуренбеков

«Ақтөбе» медресе-колледжінің директоры