Аборт жасату күнә ма? 468

Аборт жасату күнә ма?

22 қаңтар 2021 2985 Оқу 1 минут

Шариғатымызда құрсақтағы баланы себепсіз түсіруге, аборт жасауға тыйым салынған. Өйткені бұл ұрпаққа тас ату әрі жер бетінде бүлік тарату болып саналады. Ғұламалар ешбір себепсіз жасанды түсік жасатуды жәһилет (исламнан бұрынғы уақыт) дәуіріндегі адамдардың қыздарын тірідей көмген ісіне теңеген. Баланы түсіруге әрі алдыруға себеп болған ерлі-зайыптылар да дәрігерлер де күнәкар болады. Алайда сенімді әрі әділ бірнеше дәрігердің қорытындысы бойынша құрсақтағы бала ананың өміріне қауіп төндіретін болса, ананың өмірін сақтау мақсатында жасанды түсік жасатуға рұқсат етіледі [1].   

Дінімізде құрсақтағы баланы себепсіз түсірген адам күнә арқалауымен қоса оның құнын да төлейді.  Имам, мулла Нұруддин Әли ибн Сұлтан, имам Ұбайдулла ибн Масғұдтың ән-Нуқая атты еңбегіне жазған Фатху-Бәбил-Ғиная атты шархында былай дейді: «Кім әйелдің ішін ұрып баланы өлік күйінде түсірсе, онда (қылмыскердің) туыстары[2]  ғурра[3] төлейді. Яғни бес жүз дирһамды өтейді... Әбу Һурайрадан жеткен хабарда ол былай дейді: «Расында Пайғамбарымыз (оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) Бәни Лихяндық әйелдің құрсағындағы (ұрып өлтірілген) баласының құнын ғурра, яғни құл немесе күңді өтеуді міндеттеді»[4]. Құнын бес жүз дирһам деп мөлшерлегенімізге мына нақты дәлел болады. Ибн Әбу Шайба «Мусаннаф» атты кітабында Исмайыл бин Айиаштың Зайд бин Асләмнан жеткізген хабарында: «Расында Омар (р.а.) жатырдағы баланың құнын елу динарға, әрбір динарды он дирһамға бағалады» деп келтірген» [5].

Сондай-ақ, осы кітапта құрсақтағы баланың кейбір жаратылысы анық болса онда ол толық баланың үкімінде саналады да құны бір жыл ішінде төленеді делінген. 

«Әл-Маусуғату әл-Фиқһия» [6] атты кітапта былай келген: «Фақиһ ғалымдар құрсақтағы баланың тырнағы, шашы тәрізді кейбір жаратылыстары анық болса оған жаза қолданылатынына бірауыздан келіскен. Өйткені ол толық жаратылыс үкімінде болады. Оған ешкімнің дауы жоқ. Ал ол Ибн Абидин айтқандай 120 күннен кейін болады. Мәлики мәзһаб иелері құрсақтағы баланың ешқандай жаратылысы анық болмаса да, тіпті ұйыған қан болып түссе де, ғурра (құнын) төлейді деді. Шафиғи мәзһабы бойынша адамның бейнесіне ұқсас ет күйінде түссе құнын беру тиіс делінген. Ханбали мәзһабы бойынша егер кесек ет болса әрі сенімді акушер әйелдер бұл адам жаратылысының бастамасы деп тұжырымдаса, онда ол жөнінде екі көзқарас бар. Дұрысы оған еш нәрсе міндеттелмейді. Оны Шафиғи мәзһабының тұлғалары да егер онда адам жаратылысының ешбір бейнесі болмаса төлем берілмейді деп құптады. Алайда мұндай жағдайда Ханафи мәзһабында әділ кісінің шешімі бойынша төлем береді. Себебі Ибн Абидин әш-Шумуннидің: «Расында сенімді акушер әйелдер адам жаратылысының бастапқы уақыты дейтіндей кесек еттен ешнәрсе айқындалмайды. Сондықтан оның шешімін әділ кісі шығарады» деген сөзін жеткізген» [7]. 

Қорыта айтқанда ешбір себепсіз жасанды түсік жасату күнә болып саналады. Жатырдағы баланың шашы, тырнағы тәрізді кейбір жаратылысы айқындалып, оған себепсіз аборт жасағандарға 500 дирһам  (1475 гр күміс) немесе 50 динар (231 гр алтын) құнын беру тиіс болады. Бұл ақшаны құрсақтағы баланың мирасқорлары әрқайсысы өзіне тиесілі үлестерін алады. Бірақ оның өліміне себеп болғандары алмайды. Егер баланың уәлиі кешірім етсе құнын өтемейді. 

 

[1] http://fatua.kz/kz/post/view?id=786

[2] Егер күйеуі әйелінің ішінен ұрып баланы түсірсе, онда оның туыстары құнын береді де ол өзі сол баланың мирасынан құр қалады. Ал әйел күйеуінің рұқсатынсыз қасақана (дәрі ішіп, ауыр жүк көтеріп) түсік жасатса, онда әйелдің туыстары ғурраны қамтамасыз етеді де ол әйел одан мирас ала алмайды. Егер күйеуінің рұқсатымен істеген болса құнын өтемейді. Бірақ одан мирасын да алмайды.

[3] Құрсақтағы баланың есесіне берілетін құн атауы «ғурра» деп аталады. Ол – кішкентай құл немесе күң.

[4] Бұхари, Мүслім риуаяттары.

[5] Фәтху-Бәбил-Ғиная, 3 том, 362-363 бет.

[6] «әл-Маусуғату әл-Фиқһия», 2/61.

[7] Ибн Абидин, 5/379. Хашияту әд-Дусуқи, 4/268-269. Аснә әл-Мәтолиб, 4/89. Әл-Муғни, 7/802. 

 

fatua.kz