Ислам діні феминизмді қолдай ма? 1326

Ислам діні феминизмді қолдай ма?

22 ақпан 2022 78 Оқу 1 минут

Феминизмнің басты мақсаты– қоғамның бүкіл саласында әйелдерге еркектермен тең мүмкіншілік орнату. Алайда адам баласы ер және әйел болып екі жынысқа бөлінетінін ескерсек, олар биологиялық және психологиялық тұрғыдан, сондай-ақ басқа белгілермен бір-бірінен ажыралып тұратынын түсінеміз.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ерлі-зайыптылық қатынасты: «Шынында әйелдер – еркектердің жан жолдасы, өмірлік серігі», – деп түсіндірген (Әбу Дәуіт, Термизи). Ислам діні ер мен әйелдің қарым-қатынасын теңдік, әділдік және ихсан ретінде қарастырған. Мұндағы әділдік пен ихсан дәрежелері теңдік санатынан жоғары тұрады. Әйткенмен Ислам діні төмендегі жағдайларда ер мен әйелдің құқығын теңестірген:

Адам тұрғысынан теңдік. Алла Тағала Құранда: «Уа, адамдар! Бәріңді бір жаннан (бір кісіден) жаратқан һәм одан (болмыс бітімі өзіне ұқсайтын) жұбын жаратып, ол екеуінен көптеген ерлер мен әйелдерді өрбітіп, жер бетіне таратқан Раббыларыңа қарсы келуден сақтаныңдар», – деп баяндаған («Ниса» сүресі, 1-аят).

Діни міндеттегі теңдік. Құран Кәрімде: «Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер – бір-біріне шын жанашыр дос. Олар елге ізгілікті, жақсылық жасауды бұйырып, жамандық атаулыдан тыяды. Намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқиды, зекетті толық береді және Аллаға, пайғамбарына әрдайым бағынады», – делінген («Тәубе» сүресі, 71-аят).

Дүниеде және ақыретте сауап мен күнәдағы теңдік. Алла Тағала: «Мейлі ер болсын, әйел болсын, кімде-кім мүмін ретінде сауапты да игілікті істер атқарса, Біз оған міндетті түрде пәк әрі жақсы өмір сыйлаймыз. Сондай-ақ оларды дүниеде істеген ең игі, ең жақсы істерін ескере отырып, сый-сияпатқа бөлейміз», сондай-ақ «Мейлі ер, мейлі әйел болсын, ұрлық жасағандарға келсек, өз қолымен істеген қылмысы үшін Алла тарапынан белгіленген һәм өзге адамдарға сабақ болатын жаза ретінде қолын шабыңдар» – деп бұйырған («Нахыл» сүресі, 97-аят).

Мал-мүліктік қатынастағы теңдік. Алла Тағала Құранда: «Ата-ана мен ет жақын туыстардан қалған мұрадан мирасқор ер адамдардың алар үлесі болғаны сияқты, ата-ана мен ет жақын туыстардан қалған мұра мейлі аз болсын, яки көп болсын, одан мирасқор әйелдердің де алар үлесі бар», – деген («Ниса» сүресі, 7-аят).

Отбасылық, тұрмыстық және мәдени-рухани құқықтар мен міндеттердегі теңдік. Бұл туралы Құранда: «Әйелдердің күйеулерінің алдында міндеттері болғанындай, ер азаматтардың да әйелдерінің алдында заңды міндеттері бар», – делінген («Бақара» сүресі, 228-аят).

Ислам дінінің мына орнатқан үкімдері мен ұстанымдары әділдік ретінде қабылданады. Олар – әйелдерді кейбір міндеттен (соғысқа, жамағат намазына қатысу) босатып, кейбір міндеттерді жүктеу (басына орамал тартып, әурет жерін жабу), ер адамның мирастағы үлесін әйел кісінің үлесінен екі есе көп етіп бекіту, екі әйелдің куәлігін бір ер адамның куәлігіне теңестіру, отағасы (үй басшылығы) қызметін ер адамға жүктеу және т.б.Сонымен қатар мамандар жыныстарды теңестіру адамзаттың табиғатына қайшы, бүкіл қоғам үшін аса зиянды, әсіресе әйелдерге өте қауіпті деп есептейді.

 

Дайындаған Хасан АМАНҚҰЛ