ИМАН КЕЛТІРУ – БЕС ПАРЫЗДЫҢ БІРІ 3599

ИМАН КЕЛТІРУ – БЕС ПАРЫЗДЫҢ БІРІ

05 қыркүйек 2024 12 Оқу 1 минут

Иман сөзі «сену, растау» деген мағынаны білдіреді. Ал діндегі терминдік мағынасы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағала тарапынан жеткізген дініміздегі иман шарттарын жүрекпен растап, сенуді білдіреді. Хәкім Абай он үшінші қарасөзінде: «Иман деген – Алла табарака уа тағаланың шәриксиз, ғайыпсыз бірлігіне, барлығына уа әр түрлі бізге пайғамбарымыз саллалаһу ғалайһи уәссәлләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инанмақ», – деген. Демек иман дегеніміз – хадисте баяндалғандай, Аллаға, Оның періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне, ақырет күніне және тағдырға, оның жақсылығына мен жамандығына сенуді қамтиды. Ханафи мәзһабының ғалымдары осыған жетінші шарты «өлгеннен кейін қайта тірілуге» сенуді де қосады. Осы иман шарттарының әрқайсысына жеке-жеке қысқаша тоқталып өтсек.

Алла Тағалаға иман келтіру. Иман шартының біріншісі – Алла Тағалаға сену. Алла Тағалаға иман келтіру Оның барлығына, жалғыздығына, Оның бүкіл кемел есім-сипаттарына иман келтіруді әрі Оның еш нәрсеге мұқтаж еместігіне, Оны барлық кемшілік сипаттан ада әрі пәк екеніне иман келтіруді қамтиды. Шынайы Аллаға иман келтіру арқылы адам тек қана Алла Тағалаға құлшылық етіп, жәрдемді Алладан ғана сұрайды. Алла Тағала Құранда: «(Уа, Пайғамбар!) Былай деп айт: Ол – Алла – Жалғыз (серігі жоқ). Алла Мұқтажсыз (керісінше, бәрі Оған мұқтаж). Ол (ешкімді) тумаған һәм (Өзі де) туылмаған. Әрі Оған теңдес ешкім де болмаған», – деді.

Періштелерге иман келтіру. Иманның екінші шарты – періштелерге сену. Періштелер – әртүрлі жақсы бейнеге енуге құдіретті Алла Тағаланың нұрдан жаратқан жаратылыстарының бірі. Періштелер әрдайым ғибадат етеді әрі күнәдан қорғалған. Ұйықтау, шаршау, тамақ ішу, ұмыту дегенді білмейді. Еркек не ұрғашы деп жынысқа бөлінбейді. Алла Тағаланың әмірін мүлтіксіз орындайды. Әр періштенің өзіне жүктелген қызметі бар. Алла Тағала Құранда: «Сондай ғаршыны көтерген және оның айналасындағы періштелер, Раббыңды мақтап, тәсбих айтады, Оған (кәміл) иман келтіреді және иман келтіргендер үшін: «Раббымыз! Сен рақымыңмен, біліміңмен барлық нәрсені қамтығансың. Сондықтан тәубе етіп, жолыңа түскендерді жарылқа! Әрі оларды тозақ азабынан сақтай көр!» – деп тілейді», – деген.

Періштелердің санының қанша екенін Алла Тағала ғана біледі. Олардың ішінде төрт үлкен періште Жәбірейіл, Мекайыл, Исрафил және Әзірейіл
(оларға Алланың сәлемі болсын) бар. Жәбірейіл – пайғамбарларға уахи жеткізуші періште. Мекайыл – табиғи құбылыстарға жауапты періште. Исрафил – сүрдің үрленуіне жауапты періште. Әзірейіл – ажалы жеткендердің рухын алуға жауапты періште. Бұдан басқа да періштелер өте көп. Осыған орай әр мұсылман адам періштелердің бар екеніне иман келтіруі міндетті.

Кітаптарға иман келтіру. Иман шарттарының үшіншісі – Алла Тағаладан елшілеріне түсірілген кітаптарға иман келтіру. Біз Алла Тағала тарапынан Дәуіт (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбарға түсірілген Забурға, Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбарға түсірілген Тәуратқа, Иса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбарға түсірілген Інжілге, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түсірілген Құранға иман келтіреміз. Осы кітаптардың ең соңғысы әрі Қиямет күніне дейін жалғасатыны – Құран Кәрім. Алла Тағала Құранда: «Ақиқатында, Зікірді (Құранды) Біз түсірдік әрі Біз оны (өзгерту, бұрмалаудан) сөзсіз, сақтаушымыз», – деген. Құран Кәрімнің түсуімен алдыңғы үш кітаптың үкімі жойылған. Сондай-ақ кейбір пайғамбарларға түсірілген парақтарға да иман келтіреміз.

Елшілерге иман келтіру. Алла Тағала тарапынан жіберілген елшілерге иман ету. Пайғамбарлар да – адам баласы. Олар жәннатпен сүйіншілеуші, тозақ оты жайлы ескертуші және тура жолға бастаушы етіп жіберілген. Жер бетіне хақ дінді жеткізу үшін жіберілген пайғамбарлардың нақты саны белгісіз. Құранда тек 25 пайғамбардың есімі аталады. Сондықтан біз Адам атадан (оған Алланың сәлемі болсын) бастап, Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарға дейін келіпкеткен барлық пайғамбарға иман келтіреміз. Алла Тағала пайғамбарларын мұғжизамен қуаттаған. Пайғамбарлардың бәрі шыншыл, аманатқа берік, Алланың әмірлері мен тыйымдарын толық жеткізуші, өте зерек және күнә жасамайды. Осы айтылған пайғамбарларға міндетті болған сипаттарды әрқайсымыз білуіміз керек.

Ақырет күніне иман келтіру. Иманның бесінші шарты – ақырет күніне иман келтіру. Ақырет күніне иман келтіру – қайту тірілуді, жәннат пен тозақты, есеп беруді, т.с.с. арғы дүниеде орын алатын жайттарды қамтиды. Алла Тағала Құранда: «(Сол кезде) әрбір жан нені істегенін және нені қалдырғанын (істемегенін) біледі», – деген.

Тағдырға иман келтіру. Иманның алтыншы шарты – тағдырға сену. Дүниеде болып жатқан жақсы не жаман жайттардың барлығы – Алланың тағдырынан», – деп сену. Алла Тағала Құранда: «Қайда болсаңдар да, тіпті биік тұрғызылған мұнараларда болсаңдар да, (уақыты келсе) өлім жетеді. Егер оларға (мұнафықтарға) бір жақсылық жетсе: «Бұл Алла тарапынан», – дейді. Ал егер оларға бір жамандық жетсе: «Бұл сенің тарапыңнан», – дейді. (Уа, Пайғамбар!) «Бәрі де – Алладан», – деп айт. Сөзді түсіне алмайтындай бұл қауымға не болған?», – деген.

Өлгеннен кейін қайта тірілуге иман ету. Иманның жетінші шарты – өлгеннен кейін қайта тірілуге сену. Алла Тағаланың әмірімен Исрафил (оған Алланың сәлемі болсын) екінші сүрді үрлегеннен кейін барлық жаратылыстар, соның ішінде адамдар да қайта тіріледі. Олардың рухтары денелеріне қайтарылады және олар қабірлерінен тұрып, махшарға жиналып, есепке алынады. Адамның дүниеден өтуімен ақырет басталады. Алла Тағала Құранда: «Одан (жерден) сендерді жараттық, оған қайтарамыз және (Қиямет күні) одан (қабірден) тағы да шығарамыз», – деген. Иманның жетінші шарты – Алла Тағала Қиямет күні барша тіршілік иесін қайта тірілтетініне нық сену.

Осыған орай қандай да бір адам иман келтірген мұсылмандардың қатарынан болуы үшін осы иман шарттарына жүрекпен иман келтіруі әрі тілмен айтуы міндет болады. Бұл иман шарттарының бірін қабылдамау бәрін жоққа шығарумен тең. Сонымен қатар пенде Алла Тағаланың разылығына жетуі үшін иман келтірумен қатар Аллаға шынайы түрде құлшылық етуі әрі көркем мінез иесі де болуы маңызды. Алла Тағала баршамыздың иманымызды кәміл, құлшылыққа берік, көркем мінез иесі болуымызды нәсіп етсін!

 

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ

«Иман» журналы, №8, 2024 жыл