Электр тогын пайдаланып балық аулауға болады ма? 304

Электр тогын пайдаланып балық аулауға болады ма?

30 қазан 2020 185 Оқу 1 минут

Сұрақ: Әссәләму әлейкум!

Электр тогын пайдаланып балық аулауға рұқсат етіледі ме? Рұқсат етілу немесе тыйым салыну себептерін кеңірек айтсаңыз.

Жауап: Уа алейкум ассалам!

Суда тіршілік ететін балық және басқа да тіршілік иелерін электр тогын пайдалану арқылы аулауға шариғи тұрғыдан тыйым салынады. Бұл жерде қолданылатын электр тогының қуатты немесе әлсіз болуы маңызды емес. Себебі мұндай әдіс шариғаттың малды бауыздауға қатысты негізгі шартына қайшы. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Егер өлтіретін болсаңдар, жақсы түрде өлтіріңдер. Малды бауыздайтын болсаңдар, жақсы бауыздаңдар. Сендер пышақтың жүзін өткірлеп, бауыздалатын малды жеңіл етіңдер[1]», - деген болатын.

Бірде бір кісі Пайғамбарға келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Мен қойды бауыздағанда оған мейірімділік етемін», - дегенде, Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Қойға мейірімді болсаң, Алла Тағала саған мейірімді болады[2]», - деп жауап қайырған екен.

Демек, құтырған ит немесе зиянды тышқан сияқты жануарларды өлтіруде де, сойылатын малды бауыздау кезінде де оларды қинауға қатаң тыйым салынады. Сондай-ақ, балық аулауда электр тогын пайдаланудың салдары өзен-көлдегі тіршілік атаулыға зиянын тигізіп, олардың бүгіні мен келешегіне қатер төндіреді, ондағы балықтың қорын азайтады.

Сұраққа жауап берген: nurgasyr.kz


[1] Мүслім

[2] Ахмад