ЕҢБЕК – ЫРЫС ҚАЗЫҒЫ 2111

ЕҢБЕК – ЫРЫС ҚАЗЫҒЫ

16 қыркүйек 2022 213 Оқу 1 минут

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Дініміз Ислам әр мұсылманға адал кәсіппен шұғылданып, адал табыспен күн көруге шақырады.

Алла Тағала қасиетті Құранда:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِذَا نُودِيَ لِلصَّلاَةِ مِن يَوْمِ الْجُمُعَةِ فَاسْعَوْا إِلَى ذِكْرِ اللهِ وَذَرُوا الْبَيْعَ ذَلِكُمْ خَيْرٌ لَّكُمْ إِن كُنْتُمْ تَعْلَمُونَ.  فَإِذَا قُضِيَتِ الصَّلاَةُ فَانْتَشِرُوا فِي الأَرْضِ وَابْتَغُوا مِنْ فَضْلِ اللهِ وَاذْكُرُوا اللهَ كَثِيرًا لَّعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ

«Уа, иман келтіргендер! Жұма күні азан айтылып, намазға шақырылған кезде, дереу Алланы еске алуға асығыңдар, шаруаларың мен сауда-саттықты доғара тұрыңдар. Біле білсеңдер, бұл сендер үшін әлдеқайда жақсы. Намаз өтелген соң, жер жүзіне таралыңдар да Алланың рақымынан ризық-несібелеріңді іздеңдер. Бұған қоса Алланы көп зікір етіңдер (еске алыңдар). Сонда құтылып, мұрат-мақсаттарыңа жетерсіңдер», – деп айтқан («Жұма» сүресі, 9-10-аяттар). Бұл аяттарға назар салатын болсақ, мүмин адам жұма намазына дейін еңбек етіп, жұмаға азан шақырылумен Алла Тағаланың парызын өтеуге барады. Жұма намазы аяқталысымен қайтадан Алла Тағаланың несібесін іздеп, еңбек еуге кірісіп кетеді.

Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына еңбек етуді, адал жолмен табыс табуды әрдайым насихаттайтын болған. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осындай еңбек етуге шақырған хадистерінің бірінде:

لَأَنْ يَأْخُذَ أَحَدُكُمْ أَحْبُلَهُ ثُمَّ يَأْتِيَ الْجَبَلَ فَيَأْتِيَ بِحُزْمَةٍ مِنْ حَطَبٍ عَلَى ظَهْرِهِ فَيَبِيعَهَا  فَيَكُفَّ اللَّهُ بِهَا وَجْهَه   خَيْرٌ لَهُ مِنْ أَنْ يَسْأَلَ النَّاسَ أَعْطَوْهُ أَوْ مَنَعُوهُ

«Анығында сендердің біреулеріңнің арқан алып, тауға барып иығында отын көтеріп келіп, базарда сатып, сол арқылы Алла Тағала оны мұқтаж қылмағаны, оған кейде беріп, кейде бермейтін адамдардан сұрағанынан әлде қайда қайырлы», – деген (имам Бұхари).

Халқымыздың мақал-мәтелдерінде: «Еңбек қылмай ер оңбас, бірлік қылмай ел оңбас», «Еңбексіз өнбек жоқ», «Еңбегіне қарай – құрмет, жасына қарай – ізет»,  «Еңбек етсең – еленерсің», – делінген көптеген нақыл сөздерді кездестіруімізге болады. Бұл нақыл сөздер ата-бабаларымыз үшін еңбек ету, ешкімге масыл болмай, өз маңдай терімен мал табудың қаншалықты үлкен маңызға ие болғандығын көрсетеді.

Бұрынғы дана-ғұламаларымыздан да осы мағынадағы насихаттар көптеп жеткен. Мысалы, Лұқман Хәкім ұлына: «Балам, адал жолмен еңбек ет. Кедейшілікке салынып, өзгеге қол жаюдан сақтан. Өйткені кедей адам мына үш жағдайға ұшырайды: Діні әлсірейді, ақылы әлсірейді, көркем мінезі жоғалады. Бұл үшеуінен де ауыры көпшілік оны келеке ететін болады», – деп айтқан.

Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) бір сөзінде: «Кейбір адамды көргенімде ол маған ұнап қалады. Кейін ол адам жайында сұрғанымда, оның жұмыссыз екендігін біліп, оған деген құрметім бірден жоғалып кетеді», – деген. Әюб ибн Тәмим әс-Сәхтияни (Алла оны мейіріміне бөлесін): «Еңбек етіп, адалдан тапқан табыс аз болса да, тіленіп көп тапқан табыстан жақсы», – деген екен. Абай Хәкім еңбек етудің бес асыл істің қатарында атап:

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой

Бес асыл іс, көнсеңіз – деген.

Сол себепті де мұсылман адам өзгеге қол жаймай, адал жолмен өз несібесін табуды өзінің өмірлік басты ұстанымына айналдыруы керек. Адамның еңбек етіп, адал кәсіп жасауы үшін мынадай амалдардың артықшылығы турасында білгені жөн:

 

Бірінші: Жалқаулықты жеңу

Пенде атаулыны құлшылықтан, еңбектенуден тосып, дүние және ақыреттік бақытқа қол жеткізуіне кедергі келтіретін рухани дерттердің бірі – жалқаулық. Жалқаулық деп – қандайда бір жұмысты істеуге еріну, жайбасарлық қылу, баяу қозғалу, кертартпалық етумен айқындалатын адам бойындағы жағымсыз сипатты айтамыз. Бұндай кеселге тап болған адам қандай да бір істі атқару қажет болғанда ерініп, сылтау іздеп, ертеңге қалдыруға тырысады. Сондықтан да ондай адам еш уақыт өзінің көздеген мақсатына жете алмайды.

Махмұд Қашқари бабамыз: «Еріншекке есік те асу көрінер, жалқауға бұлт та жүк көрінер», – деген екен. Әдетте жалқау адам тіршілік істеп еңбек етуге де, тіпті Жаратушысының алдындағы міндетін орындап, құлшылық етуге де ерінеді. Сол себепті де қасиетті Құранда Алла Тағала жалқаулықты екіжүзділердің сипаттарының бірі ретінде атаған. Ол туралы қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 142-аятында:

وَإِذَا قَامُواْ إِلَى الصَّلاَةِ قَامُواْ كُسَالَى يُرَآؤُونَ النَّاسَ وَلاَ يَذْكُرُونَ اللّهَ إِلاَّ قَلِيلاً

«Қашан олар намазға тұрса, жалқауланып тұрады. Олар (құлшылықтарын) адамдарға көрсету үшін оқып, Алланы өте аз еске алады», – деп айтылған.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бабамыз былай дейді: «Кедейлік үш ағайынды болады: үлкені – кежірлік, ортаншысы – еріншектік,  кенжесі – ұйқы».  Асыл бабамыз осыны айтып келіп, бұлардан құтылудың жолын түсіндіріп: «Кежірліктің тамыры желкеде болады. Кежір кісінің желкесінен тартып, қаңтарып қойған қырық қаңтаруы болады. Бірі жіберсе де, бірі жібермей, ішетұғын астан, алатұғын олжадан құр қалдырады. Жалқаулықтың тамыры жерге отырарлық дүнбенің алақан аясындай айналасында болады. Орнынан қозғалып тұрғысы келмейді, шайқалап отыра береді. Ұйқының тамыры шынтақта болады. Ұйқышы болатұғын қу шынтағын жерге тіреп жата береді. Тілалғыш, елгезек болып үйрен, кежірліктен құтыласың. Тіпті, дәнеме қылмасаң да, жаяу аяңдап, олай-былай жүріп, үйрен, жалқаулықтан құтыласың! Дүние-ақыреттің бірі болмаса, бірінің уайымын ойлап: «Қалай қыламын, қайтып есебін табамын?!» – деген ойға түс, ұйқышылдықтан құтыласың. Бұл үшеуінен құтылсаң, әр нәрсеге жетеді», – деп айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біздерге үйреткен дұғаларының ішінде Жаратушыдан жалқаулық дертінен сақтауын сұрап, тілек тілеу. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз дұғасында:

اللَّهُمَّ إنِّي أَعُوذ بِكَ مِنَ الْعَجْزِ وَالْكَسَلِ

«Уа, Аллам! Расында, мен Өзіңе әлсіздіктен және жалқаулықтан (сақта деп) сыйынамын», – деп дұға ететін болған (имам Бұхари, Мүслим). Бұл дұғаның өзі жалқаулық дертінен мұсылман адамның қаншалықты сақтанып жүру керектігін көрсуде.

Ата-бабаларымыздың: «Жалқаудың жаны тәтті, еңбектің дәмі тәтті», – деп айтқанындай, адамның еңбектенбей тапқан дүниесінен, оған өз маңдай тері, адал еңбегімен келген дүниенің берекесі әлде қайда артық болмақ.

 

Қисса

Кезінде бір патша әбден ерке өскен баласының болашағына алаңдап: «Ертең менің көзім кеткен соң бұл бала қалай өмір сүріп, қалай табыс табатын болады» деген ойға шомылады. Баласын жанына шақырып алып: «Балам, бүгіннен бастап саған бір тиын бермеуге бел байладым. Маған өз маңдай теріңмен тапқан табысыңды алып келетін бол. Әйтпегенде, шара қолданамын», – деп тапсырма береді. Ақ саусақ бала ары жүріп, бері жүріп мардымды жұмыс таба алмай анасына келеді. Анасының аяушылық сезімі оянып, әкесінен тығып азын-аулақ қаражат береді. Бала қуанып, әкесіне келеді де, ақшаны ұсынады. Әкесі қабағын шытып: «Сен мұны өз еңбегіңмен тапқан жоқсың!» – дейді де, ақшаны жанып тұрған отқа тастай салады. Бала шіміркпестен жөніне кете барады. Келесі жолы баласының көңіліне қараған анасы тағы да жанашырлық танытып ақша береді. Әкесі оны да бүлк етпестен отқа тастай салады. Бала бұл жолы да теріс бұрылып кетіп қалады. Арада біраз уақыт өтеді, енді баланың кеудесіндегі намысы оянып, ақшаны өз еңбегімен табуға тырысады. Ақыры қара жұмыс болса да істеуге бел буып, бірнеше күннен кейін алғашқы табысын алып, кеудесіне қуанышы сыймай әкесіне келеді. Әкесі бұл жолы да ақшаны отқа тастай салғаны сол еді, бала шыдай алмай оттағы ақшаны өз қолымен суырып алады. Сонда әкесі жымиып: «Иә, балам! Міне, бұл ақшаны бүгін сен өзіңнің адал еңбегіңмен тауыпсың!» – деп баласының басынан сипап, оған ризашылығын білдірген екен.

 

Екінші: Кәсіп үйрену

Адамның дұрыс еңбек етуі үшін алдымен кәсіп жасаудың көзін тауып, оны үйренуі қажет. Кәсіп үйренуге арнайы бір мамандықты оқу немесе кәсіп иесінің қасында жүріп, бірге еңбек етіп үйрену, білмегенін сұрау сияқты істер жатады. Алла Тағала Құранның «Нахыл» сүресі, 43-аятында:

فَاسْأَلُوا أَهْلَ الذِّكْرِ إِن كُنْتُم لاَ تَعْلَمُونَ

«Егер (өздерің) білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар», – деп айтқан. Оқып, көріп, сұрап, үйреніп, кәсіп жасаудың жолын табу – адамның екі дүниеде жүзінің жарық болуына, оның ешкімге қол жаймай, өмір бойы адал еңбегімен мал табуына себепші болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَا أَكَلَ أَحَدٌ طَعَامًا قَطُّ خَيْرًا مِنْ أَنْ يَأْكُلَ مِنْ عَمَلِ يَدِهِ وَإِنَّ نَبِيَّ اللَّهِ دَاوُدَ عَلَيْهِ السَّلَام كَانَ يَأْكُلُ مِنْ عَمَلِ يَدِهِ

«Ешбір адам өзінің маңдай тері мен қол еңбегінен тапқанынан қайырлы ризық жемеген. Тіпті Алла Тағаланың пайғамбары Дәуіт те (оған Алланың сәлемі болсын) жейтін тамаған өз қолымен еңбек етіп табатын еді», – деп айтқан (имам Бұхари).

Абай Хәкім қара сөзінде: «Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол», – деген.

Иса Пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) көп құлшылық жасайтын бір кісіден: «Сенің күнделікті ішіп-жеміңді кім тауып беруде?» – деп сұрайды. Әлгі кісі: «Бауырым», – деп жауап береді. Сонда хазіреті Иса (оған Алланың сәлемі болсын): «Олай болса бауырың сенен артық құлшылық жасайды екен», – деген екен.

Сол себепті де адал кәсіп жасауды үйренудің мұсылман адам үшін маңызы өте үлкен. Хәкім Абай мал табуды қалаған, алайда еңбек етуді білмейтіндерді тағы сол қара сөзінде сынап: «Мал үшін қам жейді екен, бірақ ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малдыларды алдап алмақ яки мақтап алмақ екен, бермесе оныменен жауласпақ екен. Малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен. Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып жүріп, мал тапса, жазалы демесек керек екен», – дейді.

Шәкәрім Құдайбердіұлы өлең жолдарында:

Егін сал, не сауда қыл, малыңды бақ,

Білім білген әр істе шебер болмақ.

Қол өнерден пайда қыл үйреніп ап,

Кетпес дәулет осы ғой әмбеге хақ, – деген.

«Балық бергенше, балықты қалай ұстаудың жолын көрсет» демекші Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз заманында тіленшілік жасап, өзгеге қол созуды әдет еткендерді еңбек етуге баулып, қалай кәсіп жасау керектігін үйрететін болған. Сол арқылы адамдарды жалқаулықпен күресуге үйретіп, бос жүрістен сақтандырған.

 

Қисса

Бір күні бір кісі ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Маған көмектесіңізші, үйде тіске басар ештеңем жоқ», – деп өтініш айтады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ол адамға бірнеше мәрте көмек қолын созады. Бірақ, әлгі кісі көмек сұрауын тоқтатпайды. Бір күні әлгі адам ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы қол жайып келеді. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) одан: «Үйіңде не бар?» – деп сұрайды. Ол кісі: «Бір ыдысым және төсенішім бар», – дейді. Алла Елшісі оған сол заттарды алып келуін бұйырады. Кейін ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ыдыс пен төсенішті қолына ұстап, сахабаларына: «Мынаны кім алады?» – деп сұрайды. Бір сахаба «Мен бір дирхамға аламын», – дейді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Одан көбірек берем дейтіндер бар ма?» – дейді. Бір адам: «Мен екі дирһам беремін», – дейді. Алла Елшісі сол кісіге әлгі заттарды сатады. Екі дирхамды әлгі адамға беріп: «Мынаның біреуіне үй ішіңе тамақ ал, ал екіншісіне балтаның басын сатып алып кел», – дейді. Әлгі кісі балтаның басын алып келгенде, Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның сабын өз қолымен жасап, саптап береді. Кейін: «Енді бұл балтаны алып, отын шауып, оны сат. Он бес күннен кейін кел», – дейді. Осыдан кейін ол кісінің жағдайы жақсарып, отбасын қамтамасыз етіп, өзі де әдемі киіммен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдына келеді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Адамдардан сұрап, қиямет күні қап-қара жүзбен келгенше саған осы нәрсе жақсырақ емес пе?» – деп өмірлік сабақ береді.

 

Үшінші:  Адал еңбек ету

Асыл дінімізде адамның отбасын асыруы үшін және өзгелерге пайда тигізу мақсатында адал ниетпен атқырылған еңбек құлшылық деп танылады. Ал осындай ниетте сапарға шыққан адам Алла жолына шыққан болып есептеледі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер адам қартайған, жасы келген ата-анасының қызметі үшін жұмыс істеуге шыққан болса, ол – Алла жолында. Ал егер ол басқа біреуге қол жаймау үшін жолға шыққан болса, ол да Алланың жолында. Ал егер ол адам жұртқа мақтану үшін, өзін көрсету үшін шыққан болса онда ол шайтанның жолында дейді», – деп айтқан (имам Табарани).

Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тәрбиесін көрген саңлақ сахабалар үшін еңбек етудің мән-мағынасы өте үлкен еді. Олардың әрқайсысы қолынан келетін кәсібін жасап, сол арқылы мал-жанымен Алла жолында ақиқат пайғамбарына жәрдемші бола білді. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) да: «Сіздердің біреулеріңіз көктен алтын және күміс жаумағанын көре тұра: «Уа, Алла, мені ризықтандыр!» – деп ризығын іздеместен отырмасын», – деп еңбек етудің маңыздылығын, құр қол қусырып отырмау қажеттілігін айтып кеткен.

Адам еңбектенуімен қатар, сол еңбектеніп жасайтын кәсібінің адал кәсіп болуына үлкен мән беруі қажет. Халқымызда «Адал кісі арымас, арам кісі жарымас» немесе «Арамнан алған түйеден, адалдан алған ешкі жақсы» деп айтылған тәмсіл бар. Сондықтан арам жолмен табылған мал-дүниеде еш уақытта береке болмайды. Адам баласы теріс жолмен табыс тауып, отбасын онымен асырауына болмайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لَنْ يَدْخُلَ الْجَنَّةَ لَحْمٌ نَبَتَ مِنْ سُحْتٍ

«Харам пайдадан өскен ет (яғни, адам) жәннатқа кірмейді», – деп айтқан (имам Тирмизи).

Сондықтан да адам баласының өз шаңырағына әкелетін, бала-шағасын асырайтын нәпақасы адал жолмен келген болуы қажет. Ахмед Йүгінеки бабамыз: «Мал адал болса – есепке кіреді, арам болса – азапқа кетеді» десе, Хәкім Абай: «Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі», – дейді.

 

Қадірменді жамағат!

Адам еңбек ету арқылы ешкімге жалынышты болмай, мұқтаж болып қол жаймай жеке тұлғаға айналады, қоғамға пайдасы тиіп, айналасына сыйлы кісіге айналады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

طَلَبُ كَسْبِ الْحَلاَلِ فَرِيضَةٌ بَعْدَ الْفَرِيضَةِ

«Адал пайда табуға талпыну – парыздан кейінгі парыз», – деген (имам Бәйһақи).

Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек – осы төртеуі кімнің бойында болса – сол шын адам болады», – деген.

Алла Тағала біздерге адал кәсіп, берекелі ғұмыр нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!