ДОСТЫҚ ТУРАЛЫ ДАСТАН 438

ДОСТЫҚ ТУРАЛЫ ДАСТАН

28 желтоқсан 2020 4999 Оқу 1 минут

Ахмед еңбекқор жігіт еді. Елінен кеткеніне көп болмаса да, бойын бір түрлі сағыныш білеп алды. Күндердің күні, Құдайдың қалауымен, Халид есімді азаматпен танысты. Сұраса келе, екеуінің туған қаласы бір екенін білді. Танысқандарына көп болмаса да, бірін-бірі бала күннен бері білетін адамдарша сөздері жараса кетті. Күнде кешке бірге дастарқан басында отырып әңгіме-дүкен құруды әдетке айналдырды. Ақыры бірін-бірі көрмесе тұра алмайтын ажырамас дос болды.

«Айтулы достың малы бір, кемедегінің жаны бір» дегендей, бірлесе кәсіп істеуге де бел буды. Шағын кәсіптері өрге домалап көптеп табыс таба бастады. Істің көзін білетін екі жігіт санаулы жылдың ішінде бірнеше дүкен ашып үлгерді. Халидті ата-анасы үйлендірмек боп жүр екен. Жақсы кісінің қызын сырттай көріп, баласы ұнатса құда түспекші бопты. Суретін де беріп жіберіпті. Суретті көрген бойда досы Ахмед қыздың сұлулығына таңданып ғашық боп қалды. Мұны сезген Халид: «Қыз мен жайлы әлі білмейді. Сен әке-шешеңе айтып құда түс», - деді төтесінен. Ахмед бір түрлі қысылып, түсіне алмады. Халид айтқаным-айтқан деп көндірді. Ахмед бойдақтықпен қоштасып, қолына құсын қондырды. Арада жыл өткенде, Ахмедті ата-анасы шақырған соң елге оралатын боп шешті. Екі дос ортақ кәсібін теңдей бөліп, қайырласты.

Елге келген соң Ахмед шаруасын баяғыша дөңгелетіп алып кетті. Алайда, Халидтің жұмысы жүре қоймады. Кәсібі тоқтап, туған қаласына қайтуға мәжбүр болды. Қалаға келген бойда жан досын іздеуге кірісті. Бірақ, Құдай жарылқап, екеуі көшеде кездесіп қалды. Досы танымайтын сыңай көрсетіп, «Жаманмен жолдас болсаң - қаларсың ұятқа» дегендей қылды. Құшақ жая қарсы алады деп ойлаған Халидтің көңілі су сепкендей басылды. Досының бұл қылығы жығылғанға жұдырып боп тиіп, жанына қатты батты.

Бірер күннен кейін шайханада түстеніп отырған Халид бір ақсақалмен танысты. Жүзі жылы кісі екен. Бірер уақыт әңгімелескен соң ақсақал: «Сен бала маған ұнап тұрсың, маған сен сияқты сенімді серік керек» деп жұмыс ұсынды. Халид қуана-қуана келісе кетті. Адал жұмыс істеп, еңбекқорлығын көрсетті. Ақсақалдың да Халидке деген пейілі ерекше. Кешегі жанының жарасы тартылып, жазылып та қалды. Өзі ақсақалдың туған баласындай боп кетті. Қария да қаражатты толығымен Халидке сеніп тапсырған. Осылайша, екі жыл зымырап өте шықты. Дәм-тұзы таусылған қария төсек тартып жатып, кәсібінің басым бөлігінің үлескері етіп Ахмедті жаздырды.

Бұған қоса, Халидке қызын алып, күйеу бала болуын өтінді. Халид те текті әулеттің қызын алғанына қатты қуанды. Үйлену тойына ескі досын шақырмақ болды. Дүние үшін дос боп, сатқындық жасағанын бетіне баспақ болды. Той басталар шақта Ахмед те кіріп келді. Сонда Халид ескі досына қарап тұрып: «Халқымыз «Дос болсаң берік бол, досыңа серік бол» демей ме? Жырақта, дос боп демеп едім, елге оралғанда танымай кеткенің не? Өмірдің ащысы мен тәттісін теңдей бөліскен досым емес пе едің?» - деп опасыздығын бетіне басты. Ахмед досының сөзін үнсіз тыңдап тұрды да, жүзіне күлімсіреп қарап: «Иә, сөзің рас. Елге оралған соң сені қатты сағындым. Жұмысың жүрмей, елге қайтып келе жатқаныңды да естідім. Өзіне қалаған жақсылығын менен аямаған досым саған барымды беріп, көмектескім келді. Бірақ, сен ешбір қарыздар сезінбейтіндей етіп қалай көмек берсем екен деп ойладым. Ақыры, әкемді жібердім. Әкем сені баласындай көрді. Менен қарағанда сенімен көп уақыт өткізді. Анам саған күнде дастарқанын жайып жылысы мен жұмсағын ұсынды. Ақыры, ата-анама саған қарындасымды беріп, бала етуін өтіндім», - деп досына адалдығы мен өзінің әрекетінің сырын паш еткен екен.

Міне, бұл достық туралы дастан. Ата-бабамыздың «жақсымен жолдас болсаң – жетерсің мұратқа» деген даналығы осы шығар. Кезінде, Дәуід пайғамбар баласы Сүлейменге (ғ.с.): «Балам! Бір досты азсынба, мың досты көпсінбе. Саған адал ескі досты сыналмаған жаңа досқа айырбастама», - деген екен.

Расында, дос табу қиын. Сонымен бірге, шынайы дос бола білу де оңай емес. Бірақ, адал достықтың есесі Алла Тағала ризашылығы мен жәннат. Екі дүние сұлтаны (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала қиямет күні: Менің жолымда бір-бірімен дос болғандар қайда, бүгін ешбір сая жоқ күні оларға Менің (аршымның) көлеңкесі сая болады», - деп айтады[1]», - деген екен.

Мұса ЕРБАТЫР,

  арнайы nurgasyr.kz үшін