ДІННІҢ ҚОҒАМҒА ІЗГІ ӘСЕРІ МЕН ТӘРБИЕСІ 2447

ДІННІҢ ҚОҒАМҒА ІЗГІ ӘСЕРІ МЕН ТӘРБИЕСІ

03 ақпан 2023 95 Оқу 1 минут

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын! 

Ислам – қоғамдық негізге құрылған дін. Дін жекелеген жанға иман байлығы мен жақсы қасиеттер дарытумен қатар күллі адамзат өмір сүретін қоғамға өркениетті жол көрсетіп, ғылым-білімге, ізгілікке, адамгершілік пен тақуалыққа шақырады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хұжұрат» сүресі, 13-аятында:

يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَٰكُم مِّن ذَكَرٍۢ وَأُنثَىٰ وَجَعَلْنَٰكُمْ شُعُوبًا وَقَبَآئِلَ لِتَعَارَفُوٓاْ ۚ إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِندَ ٱللَّهِ أَتْقَىٰكُمْ ۚ إِنَّ ٱللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ

«Уа, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді түрлі ұлттар мен руларға бөлдік. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», – деп айтқан.

Қасиетті Құранда Алла Тағаланың бұйрықтары көбіне жеке адамға емес, көпшілікке бұйырылған. Мысалы,

وَأَقِيمُوا الصَّلَاةَ وَآتُوا الزَّكَاةَ

«Намаз оқыңдар және зекет беріңдер», – деп көпше түрде айтылған. Өйткені көпшілікпен, қоғаммен бірге атқарылған істің сауабы да, берекесі де мол болмақ. Халқымызда: «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан», «Көппен көрген ұлы той» деген нақыл сөздер осы мағынада айтылса керек.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

اَلْمُؤْمِنُ اَلَّذِي يُخَالِطُ اَلنَّاسَ وَيَصْبِرُ عَلَى أَذَاهُمْ خَيْرٌ مِنْ اَلَّذِي لَا يُخَالِطُ اَلنَّاسَ وَلَا يَصْبِرُ عَلَى أَذَاهُمْ

«Адамдармен араласып, олардың көрсеткен жәбірлеріне сабыр еткен мүмин, адамдармен араласпайтын, олардың көрсеткен жәбірлеріне сабыр сақтамайтын мүминге қарағанда қайырлы», – деп, қандай жағдай болмасын біздерді көпшілік жамағатпен бірге болуға шақырған.

Кез келген қоғамның өзіне тән өмір сүру дағдысы мен сан ғасырдан бері қалыптасқан дәстүрі болады. Адамның тіршілік ету мәдениеті өзі өмір сүріп отырған қоғамдық құндылықтарға бейімделеді. Қалыптасқан құндылыққа «бағынбаған» пенде өзін де, өзгені де игілікке кенелте алмасы анық. Осы ретте ізгі қоғам құруға негіз болатын дінімізде мынадай құндылықтар айтылған:

 

БіріншіИслам қоғамға сауаттылықтың дәнін екті

Соңғы елші Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келуімен қараңғылықтың бұлты сейілді. Адамзатқа бақыт әкелетін ислам дінін жеткізу үшін Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті Құран аяттары түсірілді. Ең алғашқы түскен аят:

اقْرَأْ بِاسْمِ رَبِّكَ الَّذِي خَلَقَ . خَلَقَ الْإِنْسَانَ مِنْ عَلَقٍ . اقْرَأْ وَرَبُّكَ الْأَكْرَمُ . الَّذِي عَلَّمَ بِالْقَلَمِ . عَلَّمَ الْإِنْسَانَ مَا لَمْ يَعْلَمْ .

«Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді білдірді», – деп, оқуға, білімге бұйырған («Ғалақ» сүресі, 1-5-аят).

Міне осыдан бастап, ислам ғылым-білім діні екенін дәлелдеді. Ал ғылым адамдардың санасын оятып, тапталған құқықтарының қорғалуына, өркениетке қол жеткізуге септігін тигізді.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінің әрбір сәтінде сахабаларын оқып-білуге, білгенін іске асырып, өзгелерді де үйретуге шақырған. Мысалы, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандардың сауатын арттыру үшін Бәдір соғысында қолға түскен меккелік тұтқындардың оқу-жазу білетіндеріне 10 мұсылманға оқу-жазу үйрету шартымен азаттық берген. Пайғамбар мешітінің жанынан қоныс аударып келген жағдайы жоқ сахабаларға арнайы жай әзірлеп, мешітке жинап, іліммен шұғылдануға жұмылдырған. Хадис шәріпте:

طَلَبُ العِلْمِ فَرِيْضَةٌ عَلَىْ كُلِّ مُسْلِمٍ

«Білімді талап ету – әрбір мұсылманға парыз», – деп, білім алудың әрбір ер және әйел мұсылманға міндет екенін айтқан (имам Ибн Мәжа).

Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осындай тәлімін көрген саңлақ сахабалар білімнің маңызын ерекше бағалап, оны бәрінен артық қоя білді.

Бір күні атақты сахаба Ибн Аббасқа (Алла оған разы болсын) Басра қаласынан арнайы келген бір жолаушы: «Дүние артық па, әлде білім артық па?» – деп сұрайды. Сонда Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Білім артық», – деп жауап береді. Әлгі адам: «Оны қалай дәлелдейсің?», – дегенде, Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Дүние – перғауындардың мирасы, ал білім – Пайғамбарлардың мирасы. Дүниені Алла Тағала кез келген құлына береді, білімді тек сүйген құлына ғана береді. Дүниені жұмсасаң, таусылып қалады. Ал білімді қанша жұмсасаң да таусылмайды, керісінше арта түседі. Дүние жиған адам қияметте қайдан алып, қалай жұмсағаны жайлы сұралады. Бірақ білімді адам қияметте білім алғаны үшін де, оны жұмсағаны үшін де мол сауапқа кенеледі», – деп жауап берген екен.

Ата-бабаларымыз да мақал-мәтелдерде: «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні ғәріп», «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл», «Білегі күшті бірді жығады, білімі күшті мыңды жығады», – деп білім алудың артықшылықтары жөнінде өте көп өсиет айтқан.

 

Екінші: Ислам қоғамда жалқаулықпен күресуге шақырады

Жалқаулық – қандайда бір жұмысты істеуге еріну, жайбасарлық қылу, баяу қозғалу, кертартпалық етумен айқындалатын адам бойындағы жағымсыз сипат. Қасиетті Құранда жалқаулық екіжүзділердің негізгі сипаттарының бірі ретінде сипатталады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 142-аятында:

وَإِذَا قَامُواْ إِلَى الصَّلاَةِ قَامُواْ كُسَالَى يُرَآؤُونَ النَّاسَ وَلاَ يَذْكُرُونَ اللّهَ إِلاَّ قَلِيلاً

«Қашан олар намазға тұрса, жалқауланып тұрады. Адамдарға көрсету үшін оқып, олар Алланы өте аз еске алады», – деп айтқан.

Жалқаулық дертіне тап болған адам қандай да бір істі атқару қажет болғанда ерініп, сылтау іздеп, ертеңге қалдыруға тырысады. Сондықтан да ондай адам еш уақыт өзінің көздеген мақсатына жете алмайды. Махмұд Қашқари бабамыз: «Еріншекке есік те асу көрінер, жалқауға бұлт та жүк көрінер», – деуі осыдан. Хакім Абай:

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ,

Бес дұшпаның білсеңіз, – деп, еріншектікті бес дұшпанның біріне жатқызған. Ақын қара сөздерінде мұның мән-мағынасын ашып: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады», – деген.

Адам баласы бақытсыздығына, көбіне оның жалқаулығы себеп болады. Сол себепті де асыл дініміз Ислам жалқаулықтан аулақ болуға үндеп, ізгілік істер атқаруда, еңбек етуде белсенді болуға шақырады. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

اللَّهُمَّ إنِّي أَعُوذ بِكَ مِنَ الْعَجْزِ وَالْكَسَلِ

«Уа, Аллам! Расында, мен Өзіңе әлсіздіктен және жалқаулықтан (сақта деп) сыйынамын», – деп дұға ететін болған.

 

Қисса

Бір күні Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Маған көмектесіңізші, үйде тіске басар ештеңем жоқ», – деп өтініш айтады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірнеше мәрте көмек қолын созады. Бірақ, әлгі кісі көмек сұрауын тоқтатпайды. Бір күні Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) одан: «Үйіңде не бар?» – деп сұрайды. Ол кісі: «Бір ыдысым және төсенішім бар», – дейді. Алла Елшісі оған сол заттарды алып келуін бұйырады. Кейін ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ыдыс пен төсенішті қолына ұстап, сахабаларына: «Мынаны кім алады?» – деп сұрайды. Бір сахаба «Мен бір дирхамға аламын», – дейді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Одан көбірек берем дейтіндер бар ма?» – дейді. Бір адам: «Мен екі дирһам беремін», – дейді. Алла Елшісі сол кісіге әлгі заттарды сатады. Екі дирхамды әлгі адамға беріп:  «Мынаның біреуіне үй ішіңе тамақ ал, ал екіншісіне балтаның басын сатып алып кел», – дейді. Әлгі кісі балтаның басын алып келгенде, Алланың Елшісі оның сабын өз қолымен жасап, саптап береді. Кейін: «Енді бұл балтаны алып, отын шауып, оны сат. Он бес күннен кейін кел», – дейді. Осыдан кейін ол кісінің жағдайы жақсарып, отбасын қамтамасыз етіп, өзі де әдемі киіммен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдына келеді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Адамдардан сұрап, қиямет күні қара бет болып келгенше саған осы нәрсе жақсырақ емес пе?» – деп өмірлік сабақ береді.

 

Үшінші: Ислам қоғамда аманатқа қиянат жасамауға бұйырады

Мына өмір және оның ішіндегі барлық нәрсе – аманат. Отбасымыз, кәсібіміз, дініміз, тіліміз бен діліміз, еліміз бен жеріміз, бәрі-бәрі бізге аманат. Ал аманатқа қиянат жасалған қоғамда ізгілік өрге баспайды. Әр адам өз деңгейіндегі аманатты барынша сезінсе және соған сай әрекет етсе – өзін де, өзгені де бақытқа бөлейді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 58-аятында:

إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُكُمْ أَن تُؤَدُّوا الْأَمَانَاتِ إِلَىٰ أَهْلِهَا وَإِذَا حَكَمْتُم بَيْنَ النَّاسِ أَن تَحْكُمُوا بِالْعَدْلِ ۚ إِنَّ اللَّهَ نِعِمَّا يَعِظُكُم بِهِ ۗ إِنَّ اللَّهَ كَانَ سَمِيعًا بَصِيرًا

«Шын мәнінде, Алла Тағала сендерге аманаттарды өз иелеріне тапсыруларыңды және адамдардың арасына үкім етер болсаңдар, әділдікпен үкім етулеріңді әмір етеді. Расында, Алла сендерге нендей керемет насихат айтуда. Шүбәсіз Алла, толық естуші, бәрін көруші», – деп айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

أدِّ الْأمَانَةَ اِلَى مَنْ اِئْتَمَنَكَ و لاَ تَخُنْ مَنْ خَانَك

«Саған сенім білдіргеннің аманатын тапсыр. Біреу саған қиянат істеген болса, сен оған қиянат істеме», – деген (имам Әбу Дәуд, Тирмизи).

Иман сөзі мен аманат сөзі араб тілінде «әмәна» деген бір түбірден тарайды. Яғни мүминнің бойындағы аманатшылдық қасиеті сол иманының жемісі десек болады.

Мұсылманның бойындағы әрбір ізгі қасиет иманынан тарайды. Жаратушы Алла Тағаланың «Әл-Мумин» деген көркем есім-сипаты бар. Мағынасы: «Өзіне иланған пенделерін панасына алушы, түрлі қасіреттен сақтаушы» деген сөз. Аманат сөзі осы сөзбен түбірлес. Сондықтан аманатшыл адам Құдай Тағаланың осы сипатына сыйынып, қамқорлығына алғандарға пана болады, қиын-қыстау сәтте қасынан табылып жанашырлық танытады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

كُلُّكُمْ رَاعٍ، وَكُلُّكُمْ مَسْؤُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، الإِمَامُ رَاعٍ وَهُوَ مَسْؤُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، وَالرَّجُلُ رَاعٍ فِي أَهْلِهِ، وَالْمَرْأَةُ رَاعِيَةٌ فِي بَيْتِ زَوْجِهَا، وَالْخَادِمُ فِي مَالِ سَيِّدِهِ

«Барлықтарың бақташысыңдар және барлықтарың қол астыларыңдағы кісілерге жауап бересіңдер. Басшы қол астындағыларға жауапты, ер кісі отбасына жауапты, әйелі күйеуінің үйіне жауапты, қызметші қожайынның малына жауапты», – деген (имам Бұхари).

 

Қисса

Мүминдердің әмірі Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын) халифалығы кезінде түн жамылып, халықтың жай-күйімен танысып жүреді. Бір кезде сүтке су қосқан анасына сөйлеп жатқан қыздың дауысын естиді: «Уа, анашым! Мұсылмандарды алдап, берген сертті бұзып, мүминдердің әміріне өтірік сөйлеп жатсың ба? Халифа Омар бұлай жасауға тыйым салған жоқ па?» – дейді.

Анасы оған: «Мүминдердің әмірі мені көріп тұрған жоқ қой!» – деп сұрайды. Қызы: «Бізді мүминдердің әмірі көрмесе де, әлемдердің Раббысы көріп тұрған жоқ па?» – деп жауап береді.

Халифа Омар (Алла оған разы болсын) әлгі сүт сатушының қызын осындай аманатқа беріктігі үшін өзіне келін етіп алған болатын.

 

Төртінші: Ислам қоғамда біртұтас бауырмалдықты, жанашыр болуды үгіттейді

Қандай да бір қоғамда адами құндылықтардың жоғалуының басты себептерінің бірі – адамдардың бір-бірінің қадірін бағаламау екені анық. Ағайынның, достың, әріптестің, тіпті мұсылман бауырдың сыртынан ғайбат айтып, күндеу, көреалмау, қызғану секілді жағымсыз әрекеттер қоғам тыныштығын бұзатыны сөзсіз. Қоғам дұрыс болу үшін әрбір мұсылман тілімен де, қолымен де ешкімге зиян тигізбеуі керек. Дініміз ислам мұсылмандардың бір-біріне бауыр екендігін жадына салып, өзара сүйіспеншілікті терең нығайтуға шақырады. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресінің 103-аятында:

وَاذْكُرُوا نِعْمَتَ اللَّهِ عَلَيْكُمْ إِذْ كُنْتُمْ أَعْدَاءً فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِكُمْ فَأَصْبَحْتُمْ بِنِعْمَتِهِ إِخْوَانًا

«Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен бауырға айналдыңдар», – деп айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) насихатының алғашқы кезеңінен бастап, мұсылмандардың өзара бауыр әрі туыс екендіктерін жариялаған. Бұл біздердің өзара бірлікте болып, бауырмал болуымыздың қаншалықты үлкен маңызға ие екендігінің көрінісі. Хадис шәріпте:

مَثَلُ الْمًؤْمِنِينَ فِي تَوَادّهِمْ  وَ تَرَاحُمِهِمْ وَ تَعَاطُفِهِمْ مَثَلُ الْجَسَدِ إِذَا اِشْتَكَى مِنْهُ عُضوٌ تَدَاعَى لَهُ سَائِرَ الْجَسَدِ بِالسَّهْرِ وَالْحُمَّى

«Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады», – делінген.

Демек нағыз мұсылман қоғамшыл, көпшіл, жанашыр болады. Яғни адам баласы тілі мен қолы арқылы адам құқығын таптамай, оған құрмет көрсету арқылы қоғамның бейбітшілігі мен тыныштығын сақтайды деген сөз.

Абай атамыз:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.

Осы үш сүю болады имани гүл,

Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл, – деп айтқан.

 

Қадірменді жамағат!

Қазіргі күні ислам дінін ұстанып жүрген мұсылмандардың қатары артып келеді. Десе де, дін ұстанған кей мұсылманның діни білімі жетпей айтқан сөздерінен, әдепке жатпайтын ұнамсыз қылықтарынан исламға деген жеккөрушілік, дін арқылы қоғамға үрей-қорқыныш қалыптасу сынды үрдістер, жағымсыз насихаттар етек алып тұрғаны шындық. Біз мынаны білуіміз керек! Пенденің бойындағы қателіктерге қарап, оны діннің қателігі деп айта алмаймыз. Негізгі кемшілік таза дінді дұрыс жеткізбей әрі дін қалағандай қағидаттарды ұстана алмаудан туып отырған жағдай. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

الْمُسْلِمُ مَنْ سَلِمَ الْمُسْلِمُونَ مِنْ لِسَانِهِ وَيَدِهِ

«Мұсылман басқа бір мұсылманға, тілімен, қолымен зиян келтірмей аман болған адам», – деген (имам Муслим).

«Дін ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген қанатты сөздің астары осы болса керек. Демек діннің талабына сай ұстайтын болсақ, көптеген қасиеттерге қол жеткіземіз.

Алла Тағала біздерге қоғамға ізгілік әкелуші пенделерінен болуымызды нәсіп етіп, қасиетті жұма күнімізді мүбәрак еткей!