ҚАЖЫЛЫҚ – ЖҮРЕК ТӘРБИЕСІ МЕ? 3735

ҚАЖЫЛЫҚ – ЖҮРЕК ТӘРБИЕСІ МЕ?

24 қыркүйек 2024 44 Оқу 1 минут

Қажылық – Ислам дiнiнің бес негiзiнiң соңғысы. Қажылық жасау – мұсылманның бес парызының бірі. Шариғат бойынша, кәмелетке толған, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жақсы, дәулеті жетерлік, өзгеге қарызы жоқ мұсылман қажылық парызын өтей алады.

Оның парыз екені қасиеттi Құранда: «Алла үшiн Қағбаны адамдарға қажылық ету – парыз», – деп («Әли Имран» сүресi, 97-аят) ұқтырылса, хадис шарифте: «Ислам бес негiзге құрылған: Алла Таға­ла­дан басқа тәңiр жоқ және Мұхаммед оның елшiсi деп куәлiк ету. Намаз оқу. Зе­кет беру. Рамазан айын­да толық ораза ұс­тау. Байтуллаға қа­жылыққа бару», – делiнген.

Қажылық ғибадатына назар салған адам жүгірістен, сапарға шығудан, кей жерде орынға таласудан, дауыс көтеру, айқай-шудан басқа нәрсеге ұқсамауы мүмкін. Қай жерге қарасақ та, дауысын жо­ғарылатып «ләббәйкә» айтқан қажы­лар, бір-бірін жоғалтқан қажылар, іс-әрекеттен ғана тұратын амалдар көзге бір­ден түсері анық. Жүрек пәктігі, ықы­лас, рух тазалығы, ахлақтың өзгеріп жат­қаны сияқты амалдарды табу қиын. Бұл қате-кемшіліктердің барлығы да сол қа­жы­лықтың тек сыртқы көріністерімен әуре болып, оның ішкі мән-мағынасына үңіле бермеуіміздің сыры болса керек.

Қажылық – сыртқы іс-әрекеттер мен адам­ның рухани өмірінде үлкен өзгеріске алып келер ұлы ғибадат. Мұны жақсы бай­қау үшін көп кітап оқып, белгілі оқу орын бітірудің қажеті жоқ. Алла Тағаланың қасиетті аяттары мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің мағынасын дұрыс тү­сінсек те жеткілікті.

Алла Тағала Құранда: «Қажылық – белгілі айларда өтелетін құлшылық. Кім белгілі айларда қажылық парызын өтеуге ниет етіп, бел буса, онда қажылық кезінде жұбайлардың төсек қатынасына түсуіне, шариғат шеңберінен шығуға, дауласуға және шекісуге жол жоқ. (Қажылық кезін­де) қандай жақсылық істесеңдер, Алла оны біледі. (Қажылық кезінде) азық­тарың­ды қамдап алыңдар. Негізінде азық­тың қайрылысы – тақуалық. Уа, ақыл иелері, менен қорқыңдар», – деген («Ба­қара» сүресі, 197-аят). Міне, кімде-кім Алла Тағала үшін қажылық жасауға ниет етіп, өзін күнәден, жаман сөзден тыйса, аят­та айтып тұрғандай, жаман қылық­тар­дан бойын аулақ ұстаса, қажылықтан көз­деген негізгі тақуалық пен күнәдан то­лық арылуға қол жеткізе алады. Жо­ға­рыда атап айтқандай, сыртқы бейнеде ғана қажылық болып жатқаны – Алланың аяттарының мағынасын түсінбеуімізде. Зул-хижжа айының алғашқы күндері – мұсылман жұртшылығы үшін өте маңыз­ды әрі мереке күндері. Бұл күндері қуа­ныш­пен қатар қажылықтағы адамдардың ғиба­дат барысында әдептен озбай, әрбір іс-әрекетін «Раббым көріп тұр» деп орын­дауы үлкен сынақтан өтіп жатқаны бола­ды. Аятта айтылғандай «шариғат шең­бе­рі­нен шығуға, дауласуға және шекісуге жол жоқ». Мұндай әрекеттер негізгі мақ­сат­тан ауытқу болмақ. Қажылық кезінде ше­кісуге, талас-тартысқа, ұрыс-керіске жол берілмеуі керек. Сапар болған соң түр­лі сынақтар туындайтыны анық: жол­дағы кептелістер, азық-түлік пен күн­де­лік­ті қажеттіліктер кезінде түрлі қолай­сыз­дықтарға кезігуі мүмкін. Сондай кездерде ұрыс-керістен аулақ болып, мұндай әрекеттердің өрескел қателік екенін естен шығармауымыз қажет.

Қажылық амалдарын өз тәртібімен орындау, әрбір іс-әрекет кезінде аса ұқып­тылық таныту – нағыз тақуалықтың бел­гісі. Ахлақ, әдеп, жүректің пәктігі – қа­жы­лықтың қабыл боуының негізгі себеп­тері. Адамдар арасында «Кімде кім қа­жы­лық парызын өтесе, анадан жаңа туғандай күнәдан пәк болады» деген сөз кең та­рал­ған. Алайда осы сөздің өзі Пайғам­бары­мыз­дың (оған Алланың салауаты мен сә­ле­мі болсын): «Кім Алла үшін ұятсыз амал­дар жасамай, күнәдан сақтанып, түрлі қателіктерге бой алдырмай, өз қа­жы­лығын өтесе, анадан жаңа туғандай кү­нәдан пәк болады», – деген хадистен алынған. Біздің осы кезде ұмытып жататынымыз – тағы да әдепсіздік пен қателіктерге бой беруі­міз. Қажылықтың ихрамын киіп, пары­зын, уәжібін, сүннетін орындау арқылы сыртқы факторларға ғана мән беріп, Раббымыздың назары түскен жүрегіміздің тазалығын сақтамау, түрлі жүрек кеселде­рі­не мән бермеуіміз үлкен қателік болмақ.

Қажылық сапарына аттанар алдында ұлы сапарға дайындық жасаумен қоса ішкі жан-дүниеміздің өзгеруіне де аса мән беруіміз керек. Қажылықтан көздеген не­гізгі мақсатымыз да сол емес пе? Әйт­песе қажылыққа барып келіп, дінімізге кір келтіріп жүрген қажыларды көргенде ерек­ше қынжыламыз. Ойланып қарайық­шы, бір кісі қажылықтан қайтқан соң ерек­ше өзгерсе, сөзінде, ісінде, күнделікті тұр­мысында көркем мәмілелі болса, кімнің болса да бұл парыз амалға қызығып қарауы анық. 

Сонымен бірге қажылық – адамның әулиелік дәрежеге көтерілуіне себепші бо­ла­тын амал. Басқа діндер сияқты Ис­лам­да тау-тасқа шығу, көпшіліктен  бө­ліну, ерекшелену секілді амалдары жоқ. Дейтұрғанмен қажылыққа аттанған әрбір азамат ұлы сапар алдында өзінің жақын­дарымен қоштасып, ризашылығын алып жатады. Себебі бұл сапар оңай іс емес, өзіне тән машаққаттарға жолығып, ауру-сырқауға душар болуы мүмкін. Пенденің Раббысымен жалғыз қалып, ұзақ уақыт дұға-мінәжат жасайтын уақыты. Осы кезде адам баласы күйбең тіршіліктен ары­лып, ерекше сезімге бөленеді. Раббы­сы­ның махаббатына малынып, көпшілік қол жеткізе бермейтін Алланың досына ай­налуы әбден мүмкін.

Қажылықтың тағы бір ерекшелігі, бұл – іс-әрекет, руханият әрі мал-дүние­мен жасалатын ғибадат. Қажылық – адамның бойындағы әр тарапты қамтыған ұлы ғибадат. Алланың парызын орындай­тын кісі амалы, ғибадаты, мал дүниесін сарп етуі кезінде ықыласпен орындауы ке­рек. Яғни қажылық – әрбір амалды ат­қарар алдында Жаратушының ризалығына кенелу үшін бар күшін салатын ғибадат. Сол себепті қажылыққа аттанатын адам­дар бірнеше әдепті біліп алуы аса маңыз­ды.

Біріншісі, қажылыққа баратын адам Жа­ратушымыздың тәубелерді қабыл ету­ші екенін еске түсіріп, өмірбойы жасаған қателіктерін көз алдынан өткізіп, шынайы түрде тәубеге келуі керек. Шынайы тәу­бе­нің белгісі –жасаған қателіктерін бола­шақ­та қайталамау. Бұл – амалдағы батылдықтың бір түрі.

Екіншісі, тәубе жасау барысында бас­қа кісілерден алған ақысы, мал-дүниесі бол­са, оны қайтаруы шарт немесе риза етуі керек. Ренжіткен адамы болса, одан ке­­­­шірім сұрауы қажет. Басқалармен қа­рым-қатынасы кезінде жіберген қате­лік­те­рін реттеу де тәубе етуге жатады. Бұл – дініміздің көркемдігі. Себебі бұл әрекет адам­гершлік қарым-қатынастың маңыз­дылығын білдіріп тұр.

Үшіншісі, адал ақшамен сапарға ат­тануымыз керек. Ұрлық жасау немесе біреудің есебінен, екінші бір кісіні рен­жі­тіп сапарға аттануға болмайды. Алла Таға­ла – таза, пәк. Ол тек пәк нәрселерді ғана қа­был етеді.

Төртіншісі, ниет Алланың ризалығы үшін ғана болуы керек. Қажы боламын, адам­дар мені құрметтесін, көршімнен қал­­­майын, ағайыннан қалмайын деген се­кілді теріс ниетте болмауымыз керек. Рия­дан, яғни басқалар көрсін деген пікір­ден алыс болуымыз шарт.

Міне, жоғарыда айтылған осы шарт-тар – қажылығымыздың қабыл болуына себеп болатын амалдар. Қорыта айтар болсақ, қажылық жасап келген кісінің са­пардан қайтқаннан кейін жүріс-тұрысы мен сөзінде үлкен өзгеріс болып жатса, бұл – ғибадатының қабыл болғанының бел­гісі. Демек мұсылманның қажылық ғи­бадаты ғана емес, мінезі мен әдебі де жақ­сы жағына өзгеріп, құлшылықтан кейін­гі өмірі көрінер көзге сүйкімді әрі ұна­мды болуы керек.

Алла Тағала жасаған амалдарымызды қабыл еткей!

 

Кенжеәлі қажы ҚОҢЫРАТБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасының орынбасары,

наиб мүфти