Ақтөбе: Дін жанашыры 25 отбасыға 500 000 теңге көлемінде зекет берді
Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты, дін жанашыры, кәсіпкер Ардақ Садақбайұлы отбасымен бірге облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітіне арнайы келіп, отбасы атынан 25 отбасыға 500 000 теңге зекетін қаржылай тапсырды. Сауапты іс ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының өңірдегі жауапты өкілі Алмат Әлидің мұрындық болуымен жүзеге асты.
Қайырымдылық шарасын ашқан Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы жиналған қауымға Рамазан айының қадір-қасиетімен бірге, оразада жасалған қайырымдылық пен жақсылықтың сауабы мол болатынын айтты.
«Он екі айдың сұлтаны Рамазанда берілген садақаның сауабы еселеп артады. Сондықтан жағдайы бар адамдар ораза кезінде Зекет беруге асыққаны абзал. Рамазанда Ардақ Садақбайұлының 500 000 теңгені зекет ретінде таратуы – Алла Тағаланың бұйрығына бағынуы деп бағалаймыз. Біз басқа да кәсіпкер азаматтарды өз Зекетін мұқтаж отбасылармен бөлісіп, осындай сауапты іске атсалысуға шақырамыз», - деді Серікжан Еншібайұлы.
Қаржылай жәрдем әр түрлі санаттағы ақтөбеліктерге берілді. Зекет көмегін алған отбасылар ұйымдастырушылар мен демеушілерге ризашылықтарын білдірді.
Айта кетсек, Ардақ Садақбайұлы бірнеше жылдан бері зекет беріп келеді. Алла Тағала сауаптан жазсын, отбасына амандық, кәсібіне береке тілейміз!
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі