Ақтөбе: Қарағандыдағы қайғылы жағдайға байланысты дұға жасалды
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен еліміздің мешіттерінде оның ішінде ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде Қарағанды облысындағы қайғылы жағдайға байланысты Құран Хатым дұғасы жасалды.
Ақтөбе облысының имамдары барлық мешіттерде намаздан соң шахтада қаза тапқан жандарға Құран бағыштап, апат салдарынан ауыр хәлде жатқандардың амандығын тілеуде.
Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан қажы Еншібайұлы Қасиетті Құран аяттарынан болған сауапты марқұмдардың рухына бағыштап, жарылыстан зардап шеккен Қарағандылықтарға сабыр мен шыдам, жеңілдік сұрап бата қайырды.
Айта кетейік, Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада болған апат салдарынан адамдардың қаза табуына байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен бүгін елімізде 29 қазан – Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәлімдеуінше, қаза тапқандар саны 37-ге жетті. Қалған кеншілерді іздеу жұмыстары жалғасуда.
Қаза болғандардың жақындарына қайғыра көңіл айтамыз…
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі