Жоқтау айтуға болады ма? 1039

Жоқтау айтуға болады ма?

30 қазан 2021 591 Оқу 1 минут

Кейде марқұмның жақындарына көңіл айтуға келген кісі қайғырып, қан жұтып отырған отбасыға басу айтудың орнына онымен бірге өкіріп жылап, «Құдай-ау, не жаздым саған? Оны алғанша мені алмадың ба?» деп шариғатта тыйым салынған сөздерді айтқызуға итермелеп жатады. Бұл тағдырға қарсы шығып, Алланың маңдайға жазғанына разы болмау іс-әрекетін туындатады.

— Сахаба Анас ибн Маликтен (р.а.) жеткізілген хадисте бір күні Пайғамбар (с.ғ.с.) ұлы Ибраһимді сүйіп, оны қатты иіскейді екен. Кейін Ибраһим шетінейтін уақытта Алла елшісінің (с.ғ.с.) көзінен жас сорғалап тұрады. Сонда сахаба Абдуррахман ибн Ауф одан: «Уа, Алла елшісі (с.ғ.с.)! Сен де жылайсың ба?» деп таңғала сұрағанда, ол (с.ғ.с.): «Ей, Ауф, бұл мейірімнің жасы ғой» деп одан сайын қатты жылап жібереді екен. Сөзін жалғастырған Пайғамбар (с.ғ.с.): «Көздер жылайды, жүректер қайғырады. Алайда, Алланың рұқсат еткенінен асып тағдырға қарсы сөз айта алмаймыз» деген екен.

Басқа бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қайтқан марқұмның артынан өкіріп жылап отырған жақындарына: «Тыңдаңыздар, Алла кісіні көзге жас алғаны үшін немесе жүректегі мұңы үшін жазаламайды. Алайда мынау үшін жазалайды не кешіреді», - деп тілін көрсетіп, артық сөз айтпау керектігін ескерткен.

Жоғарыда келтірілген хадистерге сүйене отырып, біз айқайлап, балағат сөз айтпай және Құдайға тіл тигізбей тек шариғат белгілеген шарттар бойынша жоқтау айтуымыз керек екенін түсінгеніміз дұрыс.Алайда, мүлде жылауға болмайды дегенді айтудан аулақпыз. Сондай-ақ өлік шыққан үйдегілерге көңіл айту, солардың қайғысына ортақтасып, бірге жоқтап жылау — әр адамның міндеті.


Сұраққа жауап берген:

Нұрбол СМАҒҰЛОВ

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы