Тендерге қатысуға болады ма? 768

Тендерге қатысуға болады ма?

29 тамыз 2021 254 Оқу 1 минут

Тендер (байғул-мүзаяда) – қызметтерді ұсынуға, жұмыстарды орындауға немесе тауарларды жеткізуге үміткерлерді конкурс түрінде іріктеу. Тапсырыс беруші белгілі бір шарттар қояды, ал қатысушылар сол талаптарға сәйкес ұсыныстар жасайды. Тендерге заңды және жеке тұлғалар қатыса алады.

Тендердің дұрыс екендігіне мына хадистың мазмұны дәлел: «Ансар сахабалардың бірі Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдына келіп, қаржылай немесе азық-түлік көмегін беруді сұрайды. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) одан: «Үйіңде бірдеңе бар ма?» – деп білгісі келеді. Ол: «Иә, бір төсеме бар. Кейде үстімізге киіп, кейде астымызға төсейміз және су ішетін ыдысымыз да бар», – дейді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екеуін де маған әкел», – дейді. Әлгі сахаба бар мүлкін алып келеді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны алып аукционға қояды, яғни: «Мына затты кім алады?» – деп адамдарды шақыра бастайды. Бір кісі келіп: «Бір дирхамға берсеңіз, мен алайын», – дейді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім бір дирхамнан артық (екі-үш дирхам) береді?» – деп сұрайды. Бір кісі келіп: «Мен екі дирхамға аламын», – дейді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сол кісіге әлгі затты екі дирхамға береді. Сосын Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екі дирхамды алып ансар сахабаның қолына ұстатады да: «Бір дирхамға үйіңе тамақ сатып ал. Мына бір дирхамға балта сатып ал да, онымен отын кесіп, кәсіп қыл», – деп үйретеді. Содан әлгі сахаба он бес күн жоқ болып кетеді. Сол уақыт ішінде отын кесіп, ақша табады. Бірнеше күннен кейін келіп, Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) он бес дирхамды ұсынады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мына ақшаның жартысына отбасыңмен тамақ алып жеңдер, жартысына киім алып киіңдер», – дейді. Осыдан кейін Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мына ісің біреуден сұрап, бетің бозарып ұялғаныңнан әлдеқайда жақсырақ. Қайыр сұрау аса кедей, белшеңнен қарызға батқан және өлімге жақын қалған адамдарға ғана рұқсат берілген», – дейді» (Ибн Мәжа).

Бірақ тендер белгілі шарттар негізінде жүзеге асырылуы керек.

Сауда тауары халал, шариғатта қолдану рұқсат етілген зат болуы тиіс.

Мүлік қатынасы шариғатта рұқсат етілген жолдармен жүзеге асуы шарт. Құмар, несие арқылы сауда жасау дұрыс емес.

Конкурс ашық түрде әділ өткізілуі керек. Қатысушыларды шектеу, пара алу, алдау сынды шариғатқа қайшы іс-әрекеттерге тыйым салынады.

Тендер өткізудегі мақсат басқаларға зиян тигізу емес, халал сауда-саттықты жүзеге асыру болу керек.

Дайындаған Хасан АМАНҚҰЛ

«Мұнара» газеті, №10, 2021 жыл