СҮННЕТ БОЙЫНША ЕМДЕЛУ ЖОЛДАРЫ 3043

СҮННЕТ БОЙЫНША ЕМДЕЛУ ЖОЛДАРЫ

01 қазан 2023 50 Оқу 1 минут

Ислам медицинасы адамның тәнін дертке ұшырау қаупінен сақтайды. Имам аш-Шафиғи былай деген: «Қоғамға екі түрлі санаттағы адамдар қажет: ғалымдар – дінді сақтау үшін, дәрігерлер – олардың тәнін (денсаулық) сақтау үшін». Сондай-ақ: «Мен халал (рұқсат етілген) мен харам (тыйым салынған) және медицина білімінен басқа ғылымды білмеймін».

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бен оның қадірлі жанұясы, әйелдері және сахабалар ауырып қалса, емделген. Олар сол уақыттағы атақты, құрамы пайдалы саналған нәрсені емделу әдісіне қолдануды кеңес еткен, ақырында ғалымдар оны құптады.

Бал. Алла Тағаланың емделу үшін жаратқан дәрісінің бірі – бал. Құранда былай айтылады: «(Мұхаммед Ғ.С.) Раббың, араға: «Таулардан, ағаштардан және лапастардан ұялар жасап ал!», – деп нұсқады. (Жаратылыс қабілет берді.) «Сонсоң әртүрлі өсімдіктен же де Раббыңның қолайластырған жолына түс!». Араның қарынынан түрлі-түсті бал шығады. Онда адам баласы үшін шипа бар. Шынында мұнда да ойлайтын қауым үшін әлбетте ғибрат бар» («Нахл» сүресі, 68-69-аяттар). Бал – қан тамырлары жүйесін, ас қорыту, демікпе, асқазанның ойық жарасы сияқты ауруларға ем болып, иммунитетті көтереді. 

Қара зере. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ем қабылдаған кезде қара зере дәнегін қолдануға шақырған. 1959 жылы әлемде 200-ден астам зерттеу жұмыстары жүргізілді. Осылайша, ғылым толығымен қара зеренің біздің өмірімізге маңызды екенін дәлелдеді. Алайда, оны 1400 жыл бұрын Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қара зеремен емделіңдер, ол өлімнен басқа барлық дерттің шипасы!», – деп айтып кеткен болатын (Бұхари мен Мүслим жеткізген)

Зәйтүн майы. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөзін жеткізуші Саид әл-Ансари былай деген: «Зәйтүн майын жеңдер, оны денеге жағыңдар, ол – қасиетті ағаш» (ат-Тирмизи мен ибн Мәжа риуаят еткен). Зәйтүн майы жүрек-қан тамырларының ауруын алдын ала емдеп, қанның қоюлануына жол бермей, қан тамырларының жүруін тездетіп, сонымен қатар, қан қысымы көтерілген кезде оны түсіруге септігін тигізіп, семірудің алдын алады. Зәйтүн майы ағзадағы бос радикалдардың санын азайтып, рак ауруына жол бермеуде басты рөл атқарады.

Сарымсақ. Бір күні Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әли ибн Әбу Талибке: «Сарымсақты же, мен періштелермен араласпағанда жейтін едім», – деген. Сарымсақтың шипалы екенінде еш талас жоқ. Сарымсақты жеген соң өзіне тән қолайсыз иіс сияқты кемшілігі болса да, ол бактерияға қарсы, діңгене ауруына шипа, сондай-ақ қылтамырларды нығайтудағы өте тиімді табиғи әдіс, әрі ағзаны өте жақсы бейімдейді.

Балық. Алла Тағала біздің назарымызды осы ғұмырдың игілігіне аударады: «Сендер жас етпен қоректенсін деп, Ол – теңізді сендерге бағындырды». Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) : «Жәннаттың ең бірінші тағамы киттің бауырының ең жақсы бөлігі», – деп айтқан. Балық майының пайдасы туралы бұрын американдық және еуропалық ғалымдар дәлелдеді. Сонымен қатар, ғалымдар балық майында жартылай қанықпаған майлы Омега-3 қышқылының жүрек пен қан тамырларының ауруларына пайдалы екенін айтады.

Құрма. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) : «Кім таңертең жоғарғы сұрыпты жеті құрма жесе, ол күні оған у да, дуалаушылық та зиян келтіре алмайды», – деген. Ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, құрма азықтың таңдаулы түрі ғана емес, бірқатар аурулардың шипасы саналады.


Піштен (Сенна). Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендерге піштенді қолданған жөн, өйткені ол удан басқа барлық дертке шипа», – дегенде: «Ол қандай у?», – деп сұралады. Сонда Алла Елшісі: «Өлім», – деп жауап қатты (Ибн Мәжаның жинағы).

Алоэ
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алоэны емдеу үшін қолдануды бұйырып, әсіресе, көз ауруына да шипалы екенін айтты. Алоэдан жасалған дәрі-дәрмекті іш аурулары – гастрит, асқазан ойық жарасы және ұлтабар, іш қату кезінде пайдаланады. Алоэ шырынын жазылмайтын жара, ойық жара, күйік, терінің сәуледен зақымдануы сияқты тері ауруларын емдеу үшін де қолдануға болады.

Зімбір
Зімбір – пайдалы заттардың қайнар көзі. Зімбірдің құрамында феландрин, цинеол (эвкалиптол), эфир майлары, цитрал, борнеол, гингерол (зімбірдің тамырында болады), камфин секілді ағзаға пайдалы компоненттермен қоса, маңызды аминқышқылдар: лейзин, фениланин, метионин бар.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) медицинасы немесе Ислам медицинасы – сүннет амалымен емделу, яғни Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен Құран аяттары немесе пайғамбарлық хадистеріне сүйенеді.

 

Асқар ӘБІТАЙҰЛЫ,

Абай облысының бас имамы