СЪЕЗД ДІНИ САЛАҒА СЕРПІН БЕРДІ 2131

СЪЕЗД ДІНИ САЛАҒА СЕРПІН БЕРДІ

27 қыркүйек 2022 62 Оқу 1 минут

14-15 қыркүйек күндері елордамызда Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің кезекті VII съезі өтті. Елімізде әр үш жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп кеде жатқан халықаралық жиынның осы жолғы тақырыбы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөліне арналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, «бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес. Себебі қазақ жері ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Осында, яғни Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық – олардың бәріне ортақ сипат. Съездің өткізілуі – еліміз бен бүкіл әлемде диалог пен ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін Қазақстан саясатының маңызды бағыты. Бұған дейінгі форумдарда қабылданған декларацияларда қандай идеялардың атын жамылғанына қарамастан радикализм, зорлық-зомбылық пен қақтығыстар әрдайым сынға алынды. Қазіргі күрделі жағдайда діни көшбасшылардың бір үстел басына отырып, кез келген қайшылықты еңсеретін ізгі амалдың үлгісін күллі әлемге көрсетуі аса маңызды».

Шын мәнінде, әлемді жайлаған пандемиялық ахуал сіз бен біздің бір үстел басында сұхбаттасуымызға, аман-саулық сұрасуымызға кедергі келтірді. Алайда ортақ мақсат барша дәстүрлі дін өкілдерін тағы да Қазақ еліне топтастырды. Әлемдік пандемия көптеген ортақ игі іс-шараларымызға тосқауыл болғанымен, бұл сынақ адамзат баласын, дін өкілдерін рухани тұрғыдан біріктіре түсті. Біз әлемнің дін көшбасшыларына «Біз – біргеміз, тілегіміз – ортақ» деген игі ниетпен Үндеу жолдап, бір мезетте дұға жасауға шақырдық. Үндеуге әлемнің бірқатар мұсылман елдері қолдау білдіріп, онлайн режимде дұға жасау рәсіміне қатысты. Бұл бастама дін қайраткерлерін бір мақсатқа жұмылдырды. Расында, жер бетіне жайылған жұқпалы дерт әлемнің әр бұрышын мекендеген Адам ата мен Хауа ана ұрпақтарына өмірдің мәнін ұқтырды, адамзат баласы бұл сынақтан әлі күнге дейін сабақ алып келеді. Қазақ халқында «Бір күн ұрыс болған үйден қырық күн береке кетеді» деген мақал бар. Ешқандай адам өз отбасында ұрыс-керіс, қантөгіс болғанын қаламайды. Ендеше, әрбір мемлекет ортақ Отанымыз болған жер ғаламшарының бір бөлшегі емес пе?!   

Жер шары – бәріміздің ортақ мекеніміз. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенсе, көршісіне жақсылық жасасын, ренжітпесін» деген өсиеті бар. Ислам ғұламасы Жәлеледдин Руми: «Шоқ қай жерге түссе де мені күйдіреді» деген болатын. Шынында, шоқ жер шарының қай тарапына түссе де, бәрімізге өз зиянын тигізбей қоймайды.

Жер бетіне бейбіт өмір орнату – күллі адамзаттың қажеттілігі. Бұл – ортақ келісім мен өзара түсінік аясында орындалатын іс. Кез-келген келіспеушілік жағдай келісіммен, даналыққа негізделген диалог негізінде шешілуі ләзім. Жер бетіндегі ұлттар мен ұлыстар бір мақсатқа ұйысқанда әлемде береке орнайды. Бұл ретте Ислам дінінің жауласқанды жарастыру, дауласқанды достастыру, таласқанды татуластыру бағытындағы рөлі өте жоғары.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Маида» сүресінің 2-аятында:«Ізгі істерге, тақуалыққа көмектесіңдер. Күнә жасауға, жаулыққа жәрдемші болмаңдар. Құдайдан қорқыңдар, оның қаһары, тегінде, тым қатал» дейді. Мейірімділік пен кешірімділік – барша қауымға ортақ қасиет. Жер бетінде осындай адамгершілік құндылықтардың салтанат құруын қалаған адам ең әуелі ізгілікті өзінен бастауы ләзім. Ендеше, айналамызға мейірім көзімен қарасақ...

Жер бетіне бейбіт өмір сыйлау – адамзаттың өз қолында. Қазақ елінің бастамасымен өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алқалы жиыны адамзатты бірлік пен ынтымаққа шақыратын берекелі алаң болып келе жатқаны – соның айғағы.

Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің VII съезінің «Әйелдің қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуына қосқан үлесі және әйелдің әлеуметтік мәртебесін қолдаудағы діни ұйымдардың рөлі» тақырыбында өткен төртінші секция жұмысын жүргіздім. Секция отырысын ашып, дініміз бен дәстүрімізде қалыптасқан әйел мәртебесіне айрықша тоқталдым.

Қазақ халқында «Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген нақыл сөз бар. Мұның астарында әйел адамның кез келген ауқымды істерге араласа алатынын, үлкен нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндігі мол екенін аңғартатын мағына жатыр. Өйткені қоғамның, тіпті әлемнің дамуы мен оның түрлі салаларындағы жетістіктерде әйелдердің мол үлесі бар екені ақиқат.

Ислам дінінде әйелге айрықша мәртебе берілген. Имандылық жолын ұстанған халқымыз қыз-келіншекті құрметтеудің ерекше үлгісін көрсеткен. Нәзік жанды құрметтеуге келгенде оны тіпті төрге шығарған, ал тәрбиесіне келгенде қызды қырық үйден тыйған. Осы тыйымның бәрі әйелдің иманы мен құрметін, ары мен ұятын қорғайды.

Жаратушы Иеміз «Ниса» сүресінің 19-аятында: «Әйелдеріңмен жақсы тұрып, жақсы қарым-қатынаста болыңдар», – деп бұйырған. Ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иман тұрғысынан мүміндердің ең кәмілі – мінез-құлқы ең жақсы болғандар.Сендердің ең ардақтыларың − жарлары мен балаларына жақсы қарағандарың. Араларыңда жанұясына ең жақсы қарайтын менмін»,  – деп сөзімен де, ісімен де үлгі-өнеге көрсеткен. Өкінішке қарай бүгінде әлемде әйелді тауар ретінде көру немесе тауарды сату үшін пайдалану, оларға зорлық-зомбылық жасау, үйдің қызметшісі ретінде күшпен ұстау, түсік тастауға мәжбүрлеу немесе бала табу бақытынан айыру сынды мәселелер белең алды. Халықаралық «Отбасы денсаулығы» журналының мәліметінше, осындай қасаң көзқарастардың нәтижесінде әлемде жыл сайын 75 миллионнан астам әйел өз еріктерінен тыс жүкті болып қалады немесе жүкті болған 175 миллион әйелдің 45 миллионы түсік тастайды.

Жыл сайын әлем бойынша 585 мыңнан астам келіншек жүктілікке байланысты түйткілдер кесірінен жан тапсырады. 300 мыңнан астам әйел бала көтермейтін дәрілерді дұрыс қолданбау салдарынан ажал құшады. Ал білім алу құқығынан айырылып, сауатсыздық күй кешіп отырған қыздар саны 600 миллионнан асады. Мұндай жаншошырлық статистика бұл жағдайға халықаралық деңгейде назар аударуымызды талап етеді.

Амр ибн әл-Ахуас әл-Жушами (оған Алла разы болсын) былай деген екен: «Пайғамбарымыз қоштасу қажылығында Алла Тағалаға мақтау айтып, шүкіршілік білдірген соң жамағатқа былай деп насихат айтқанын естідім: «Әйелдеріңе жақсы қараңдар, өйткені сендер шын мәнінде оларға жауаптысыңдар. Анық арсыздық жасамайынша (күйеуіне опасыздық жасамайынша немесе бойсұнудан бас тартпайынша), олармен тек жақсы қарым-қатынаста болуға тиіссіңдер. Сендер үшін бұдан басқа жол жоқ...».

Алла Тағала бізге аманат етіп берілген әйел қауымының мәртебесін, ары мен намысын биік еткей. Жаратушы Жаббар Иеміз жер бетін түрлі бүліктен, қантөгістен аман еткей. Еліміз аман, жеріміз тыныш, халқымыздың бірлігі бекем, тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әмин!

Наурызбай қажы Тағанұлы

ҚМДБ төраағасы, Бас мүфти