ҚҰРАН ЖӘНЕ ТАУЛАР 2872

ҚҰРАН ЖӘНЕ ТАУЛАР

21 тамыз 2023 96 Оқу 1 минут

Діндерде, мәдениеттерде және өркениеттерде қасиетті саналатын орындар бар. Қасиетті орындардың көпшілігі таулармен байланысты. Мысалы, бүкіл әлемді басқан топан судан кейін Нұх (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың кемесі Түркиядағы Джуди тау жотасының шыңына тоқтаған деседі. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар Раббымызбен Синай тауында сөйлессе, Иса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар да Израильдегі Галилея жерінде орналасқан төбеде өзінің «таудағы уағызын» айтқан.

Алғашқы Құран аяттары ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Нұр тауындағы Хира үңгірінде уахи етілген.

Қасиетті Құранда таулар жайында былай деп айтылады: «Расында, біз аманатты (яғни өз еркімен Аллаға лайықты құл болу сынды үлкен жауапкершілікті) жеті қат көкке, жерге және тауларға (мойындарыңа алыңдар деп) ұсындық. Алайда олар оны мойнына алудан қашты, оның ауыр жауапкершілігінен қорықты. Сөйтіп оны адам баласы өз мойнына алды» («Ахзаб» сүресі, 72-аят). Имам Хазиннің тәпсірінде бұл аяттағы «аманат» сөзі намаз, ораза, қажылық, зекет, шыншылдық, қарызды өтеу және әр нәрседе әділдік таныту сияқты Алла Тағала тарапынан берілген барлық міндеттерді және тыйым салынған нәрселерден барлық дене мүшелерін: көзді, құлақты және жыныс мүшелерін қорғауды қамтиды деп жазылған. Сондай-ақ уәдені орындау және шарттарға берік болу да осыған жатады. Алла Тағала аспанға, жерге және тауларға осы жауапкершілікті өз мойнына алуды ұсынды. Бірақ олар марапат алғысы келгеніне қарамастан, оларды қандай жаза күтіп тұрғанын түсініп, былай дейді: «Уа, Раббымыз! Біз сенің әміріңе мойынсұндық, бірақ марапатты да, жазаны да қаламаймыз!».

Бұл ұсыныс Адам атамызға (оған Алланың сәлемі болсын) айтылған кезде, ол оны қабылдайды. Осыған ұқсас ойды біз мына бір аяттан да байқаймыз: «Егер Біз осынау (қасиетті де айбатты) Құранды тауға түсіргенімізде, оның (алыптығына қарамастан) Аллаға деген ерекше құрметі мен қорқынышынан үрейленіп, күл-паршасы шыққанын көрер едің. Біз адамдар жүйелі түрде ойланып, ғибрат алсын деп осындай мысалдар келтіреміз» («Хашр» сүресі, 21-аят). Осыны негізге ала отырып «Құран аяттары тауға түскен кезде, ол өзіне жүктелген жауапкершілікке шыдай алмас еді. Тәпсір ғалымдары: Бұл аяттың айтқысы келгені: Адам баласының жүрегінің қаттылығын айыптауда және тауға түскенде тау қорқыныштан, құрметтен бөлшектеніп кететін Құраннан адамның еш әсерленбеуін айтып жазғыруда. Ендеше адам баласы Алланы зікір еткен кезінде ерекше күй кешпесе, онда біздің жүрегімізде қандай тау тұрғызылған?» деген сұрақты әрқайсымыз өз-өзімізге жиі қоюымыз керек.

Алла Тағала баршамызға Құран аяттарынан ғибрат алып, Өзінің мейірімін сезінуді нәсіп етсін!

 

Мадияр ТАҒАЙБАЙҰЛЫ,

Алматы облысының бас имамы

«Иман» журналы, №7, 2023 жыл