ӨМІР – МЕШІТТІҢ ІШІНДЕ, МЕШІТ – ӨМІРДІҢ ІШІНДЕ 2609

ӨМІР – МЕШІТТІҢ ІШІНДЕ, МЕШІТ – ӨМІРДІҢ ІШІНДЕ

03 наурыз 2023 62 Оқу 1 минут

Мешіт араб тілінде «мәсжид», яғни «сәжде жасайтын орын» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғатта Аллаға құлшылық етіп, намаз оқу үшін салынған құлшылық орны деген мағынаға саяды.

Мешіттер жер бетіндегі Алла Тағаланың үйі болып саналғандықтан, қасиетті мекен болып есептеледі. Құранның «Жын» сүресінің 18-аятында: «...Мешіттер – Алланікісондықтан Аллаға қоса ешкімге де жалбарынбаңдар!» – делінген. Әмір ибн Маймуннан (оған Алла разы болсын) келген риуаятта: «Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Мешіттер – Алланың үйлеріОны зиярат етушілерге құрмет көрсету – Алланың хақы», – делінген.

Мешіттің қоғамға тигізетін пайдасы өте зор. Сондықтан Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдина қаласына қоныс аударғанда ең бірінші Құба мешітін салуды қолға алған. Мешіт – Исламда ізгі жандарды жетілдіріп, ғалым мен батырларды шығаратын, Отанын сүйетін ұрпақ тәрбиелейтін алғашқы мектеп ретінде қалыптасты. Алла Тағала Құранның «Тәуба» сүресінің 108-аятында: «Сөзсіз (намаз оқуға) тұруыңа алғашқы күннен бастап тақуалыққа негізделген мешіт (Құба мешіті) лайықтыОнда (Құба мешітінде) (күнәдан) тазалануды жақсы көретін ерлер барҺәм Алла тазаланушыларды жақсы көреді», – деген.

Мұсылманның намаз оқуы үшін киімі, денесі, намаз оқитын орны таза әрі дәретті болуы талап етіледі. Бұл аятта сыртқы тазалық қана айтылып тұрған жоқ. Адамның жан-дүниесі тәкаппарлықтан, көреалмаушылықтан, менмендіктен, басқа да жаман мінездерден тазалануы мақсат етілген. Демек мешіт – адамды имандылыққа, мейірім мен адамгершілікке үндеп, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятын үлкен тәрбие мектебі.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уақытында мешіт құлшылық ету орны ғана емес, кеңес беретін, үкім шығаратын, мәселелерді шешетін, ғылыми мәжілістер өткізетін орын болған. Адамдар ғибадат үйіне келіп, Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) діни және дүниелік істерінде пәтуа сұрайтын. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кездесуге келген елшілерді, қонақтарды мешітте қабылдайтын. Жауынгерлерді жорыққа шығарып салатын.

Сондай-ақ мешітте ер мен әйелдің некесі қиылады. Отбасы дұрыс болса, қоғам түзеледі. Үйдің іргетасы мықты қаланса, оны дауыл шайқай алмайтыны сияқты, отбасы мықты болса, қоғам да соншалықты мығым болмақ. Айшадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Некені жария қылыңдарОны мешітте қиыңдар және дабыл (дуфқағыңдар», – деген.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманынан бүгінгі күнімізге дейін мешіттер өзінің рухани, тәлім беру, қоғамдық міндеттерін атқарып келеді. Адам дүниеге келген күннен бастап, өмірден өткеніне дейінгі діни рәсімдер құлшылық үйінде өткізіледі. Мысалы, балаға азан шақырып ат қою, неке қидыру, мәйітті соңғы сапарына дайындап, жаназасын оқу сияқты діни рәсімдер мешітте атқарылады.

Мұсылмандар жұма сайын уағыздардан рухани қуаттанып, дәрістерге қатысып, білмеген мәселелерін сұрау арқылы діни білімін жетілдіреді. Сонымен қатар мешітте мұқтаж жандарға көмек көрсетіліп, мұсылмандар бірге құлшылық ету арқасында бір-біріне деген бауырмалықты арттырады. Бір мәселеде дауласып қалған тараптар мешітте бір-бірімен татуласып, келісімге келеді. Осы себептерге байланысты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешіт салуға қызықтырып: «Кімде-кім Алланың разылығы үшін мешіт салсаАлла Тағала оған жәннаттан бір үй тұрғызады», – деген. Мұны Алаш арысы Міржақып Дулатұлы былайша жырға қосады.

Ортаға жарар еді мешіт салсаң,

Намазды қаза қылмай барып тұрсаң.

Бір ғалым фазыл заттан иман сайлап,

Байларың жәрдем беріп уақыф қылсаң.

Бір ғұлама «Өмір – мешіттің ішінде, мешіт – өмірдің ішінде» деген екен. Яғни мешіт пен өмір – егіз ұғым. Себебі жоғарыда мысалға келтіргеніміздей, бүкіл өмірі мұсылманның өмірі мешіттің ішінде өтеді. Жаңа туған сәбидің құлағына азан шақырылады. Отбасын құрған ұл мен қыздың некесі мешітте қиылады. Бұл рәсімді міндетті түрде мешіт имамы атқарады. Отбасында түрлі келіспеушіліктер, келеңсіздіктер болған кезде де мешіт имамынан кеңес алып, насихат тыңдайтындар бар. Бұл жағынан да мешіт имамдары отбасыларды жарастырып, араларына сүйіспеншілік пен мейірімділікті жайып жүрген жайы бар. Көмекке мұқтаж жандарға да мешіт қызметкерлері барынша қол ұшын созып келеді. Демек мешіт – қайырымдылық мекені. Мешіттің қазіргі қоғамдағы орны үлкен. Түйіндей айтқанда, мешіттеріміз қоғамды қияметке дейін имандылыққа иіріп, адалдыққа шақырып, әділділікке жетелейтін руханият ордасы болып қала бергей!

 

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ,

РАНТ мүшесі.

«Иман» журналы, №1, 2023 жыл