ӘЙЕЛДЕРДІҢ МЕШІТТЕ НАМАЗ ОҚУЫ ДҰРЫС ПА? 3090

ӘЙЕЛДЕРДІҢ МЕШІТТЕ НАМАЗ ОҚУЫ ДҰРЫС ПА?

03 қараша 2023 300 Оқу 1 минут

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылман әйелдеріне парыз намаздарды мешітке барып, жамағатпен бірге оқуға рұқсат берген. Бірақ шариғатта оған белгілі талаптар қойылады. Атап айтқанда, әйел кісі мешітке барғанда ер адамдармен араласпауы, хош иіс қолданбауы тиіс.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланың құлы – әйелдерді Алланың мешіттерінен тоспаңдар. Бірақ олар мешітке барғанда, хош иіс қолданбасын», – деген (Әбу Дәуіт). Бұл хадисте әйелдерді жамағат намазына барудан тоспауды бұйырып, оларды бөгде еркектердің назарын аударатын барлық іс-әрекеттерден тию керектігі айтылуда.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден өткеннен соң, хазіреті Омардың (Алла оған разы болсын) дәуірінде әйелдерге мешітке баруға тыйым салынды. Сол кезде өмір сүрген үлкен сахабалардың біреуі де хазіреті Омардың бұл шешіміне қарсы келмеді. Кейбір әйелдер Айша (оған Алла разы болсын) анамызға барып: «Пайғамбарымыздың кезінде тыйым салынбаған нәрсеге бүгін тыйым салынып жатыр», – деген мағынада шағым айтқанда, Айша анамыз былай деп жауап берген: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біз сияқты бүгінгі әйелдердің жағдайын көргенде, (өз заманында) Бану Исраил әйелдері (мешітке барудан) қайтарылғанындай, оларды да, әлбетте, мешіттен қайтарар еді» (Бұхари, Мүслим).

Бану Исраил әйелдеріне бір кезеңде ғибадатханаға баруға рұқсат беріліп, кейіннен мешітте еркектермен араласу секілді шариғатқа қайшы істер пайда болғанда, оларға ғибадатханаға баруға тыйым салынған.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әйелдің ауласындағы намазынан үй ішінде оқыған намазы абзал. Оның үйіндегі намазынан өзінің жеке бөлмесінде оқыған намазы артық», – деген (Әбу Дәуіт, Бәззар). Демек әйел намазын қаншалықты біреудің көзі түспейтін жерде оқыса, сонша оның жақсы іс екені айтылуда. Себебі әйелдер адамдарға көрінетін жерде намаз оқыса, оған намахрам адамдардың көзі түседі, нәтижесінде шариғатқа қайшы істерге жол ашылады.

Мулла Али қари (Алла оны рақым етсін) бұл мәселені жан-жақты зерттеп, былай тұжырымдады: «Барлық намазды оқу үшін жас қыздарға ғана емес, кемпірлерге де мешітке келуге тыйым салынады деген үкім таңдалды» (Фатху баб әл-ғиная, 1/413). Демек Ханафи мәзһабында әйелдердің жасы да, қарты да жамағат намаздарына ашық түрде қатысуы, сондай-ақ жұма және айт намаздарына баруы құпталмайды.

Алайда қажылық және ұмра сапарына барғанда әйелдер өз махрамдарымен бірге сол жерде жамағат намаздарына қатыса алады. Бұл шешім қасиетті екі мекеннің өзіне тән артықшылығына байланысты. Сонымен қатар, басқа елдерден немесе өңірлерден келіп, намаз оқуға мешіттен басқа ыңғайлы жәй табылмағанда, сондай-ақ сол қалада тұрып, үйіне барса намаз уақыты өтіп кететін жағдайда әйелдер мешітке кіріп, ер адамдарға араласпаған хәлде намазын оқи алады. Қалған кездерде әйелдер намазын үйінде оқығаны абзал.

 

Хасан АМАНҚҰЛ

«Мұнара» газеті, №5, 2023 жыл