"Ел үлесі пәтерге" жобасы аясында 253-ші үй берілді

28 тамыз 2020 163 Оқу 1 минут

Кеше Шалқар ауданы, Бозой ауылында «Ел үлесі пәтерге» акциясы аясында Республика бойынша 253-ші баспана берілді деп хабарлайды «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі. Бұл ауыл имамы Ықылас Оразымбетовтың ұйытқы болуымен жергілікті жамағаттың қолдауымен жүзеге асты. Аталмыш шараға Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби Оспан мен «Нұр Ғасыр» мешітінің молдасы Бақыткерей Балкенов және аудан имамы Бақыт Тойшыбаев қатысып, найб имам болып жаңадан қызметке келген «Астана» медресесінің түлегі Қалиолла Қанатқали Айтқалиұлына қызметтік баспана табыс етілді.

Ауыл жамағаты бұл баспананы алу үшін 2 000 000 теңге қаражат жинаса, аудандық мешіттің Бас имамы Б.Тойшыбаев демеушілердің көмегімен 500 000 теңге көлемінде қаражат қосқан. Нәтижесінде, ауылға келген жас діни маман тұратын қызметтік баспана мәселесі шешімін тапты.

«Ауыл имамы Ықылас Асанұлы Ақтөбе имамдарының ақсақалы. Атына заты сай, әр ісін ықыласпен орындайды. Міне, бүгін тағы да соған куә болып отырмыз. Сізге Алла разы болсын! Ауылда 3000 нан астам адам тұрады. Сондықтан діни рәсімдер мен діни дәріс беруге деген қажеттілік бар. Жас имам Қанатқали Айтқалиұлы жастардың діни сауаттылығын арттыруға үлес қосады деп сенеміз. Қоныс құтты болсын!», – деді Бас имам Төлеби қажы Дәділұлы.  

Естеріңізге сала кетейік, бұл «Ел үлесі пәтерге» акция аясында Ақтөбе облысында табысталған 11-ші баспана. Нақтырақ айтқанда, Ақтөбе қаласында – 1 үй, Темір ауданында – 4 үй, Мұғалжар ауданында – 2 үй, Хромтау ауданында – 1 үй, Байғанин ауданында – 1 үй және Шалқар ауданында – 2 үй табысталды. Берілген 11 баспананың төртеуі діни қызметкерлерге берілсе, қалған жетеуі мұқтаж отбасыларға бұйырды. Атсалысқан барша азаматтарға Алла жар болып, кәсіптеріне береке берсін деп тілейміз!

Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің

Баспасөз қызметі