ҚАЙДАСЫҢДАР, ҚАЙЫРЫМДЫ МҰСЫЛМАНДАР? 2484

ҚАЙДАСЫҢДАР, ҚАЙЫРЫМДЫ МҰСЫЛМАНДАР?

14 ақпан 2023 59 Оқу 1 минут

Қазір әлем халқының назары мұсылмандар мекені – Түркия мен Сирия жеріндегі табиғи апатқа ауып отыр. Ресми деректер 30 мыңнан астам адамның өмірі қиылды десе, ақпарат құралдары осы жер сілкінісінің ХХІ ғасырдағы ең ірі жеті табиғи апат қатарына кіргенін хабарлады.

Дәл осындай қайғылы жағдайлар бұл дүниеде адамның ғұмырынан асыл, тіршілігінен қымбат құндылық жоқ екенін еске салып, әлем халқын наным-сеніміне қарамастан біріктіріп жіберетіні хақ. Ғимараттардың қирағаны емес, күнәсіз сәбилердің үйінді астында қалып, ата-анасының баласын жоқтап, жетім қалған балалардың ардақтыларын іздеп шарқ ұруы кім-кімнің болсын жанына аяздай батты...

Денесі табылғанша күдер үзбей, тірі екеніне соңғы сәтке шейін үміт еткен жандардың жүрегі езілгенін көз көрді. Бірнеше күн үйінді астында әлдебіреудің балаларды тамақтандырғаны, оқыс оқиға кезінде анасы босанып жатып көз жұмса да, сәбиінің аман-есен өмірге келуі үшін шыбын жанын қиғаны секілді ғибратты әрі таңғажайып жайттарды да оқыдық. Өкінішке қарай, Түркия жерінде жүрген қара көздеріміздің де бақилық болғанын, жер сілкінісі сезілген қалаларда білім алып жатқан отандастырымыздың көпқабатты үйде қалуға қорқып, бала-шағасымен мешітте бірнеше күн түнегенін де естіп-білдік. Дұшпаныңа да тілемейтін қиын жағдай...

Түбіміз бен тілегіміз бір деп біздің де мемлекетіміз қолдан келгенше түрік бауырларға да, дініміз бір деп Сирия жеріндегі мұсылмандарға да көмектесуде. Жер беті бәріміздің уақытша болса да ортақ үйіміз екені рас. Қазаны бөлек болса да қайғысы бір түрік ағайынға да, сириялық тұрғындарға да Жаратқаннан пана тілейміз.

Қиын кезде бауырының қасынан табылу, бір жыртығына жамау болу әркез мұсылманның асыл сипаты саналады. «Берген бес-он тиынымыз не болады?» деп ойласақ, қателесеміз. Бастысы, жанашыр ниет, шынайы ықылас. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет және қайырымдылық» қоры «Түркияға шұғыл көмек» акциясын бастағаны сол-ақ екен, айналдырған аптаға да жетпейтін уақытта 80 миллион теңгеден аса қаражат жиналған. Оны еліміздің 80 миллионері емес, бәлкім миллионға жуық қарапайым тұрғыны жіберген болуы керек. Өйткені тамшының да тама-тама тасты жарғаны секілді, ынтымақпен жиналған тиындар миллионға айналды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы апат болған сәтте бірден Түркия Дін істері басқармасының төрағасы Әли Ербашпен телефон арқылы сөйлесіп, бауырлас елде болған қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтып, ізгі ниетін жеткізді. Бас мүфти кеше ғана Түркия Республикасының еліміздегі елшілігіне арнайы барып, бауырлас мемлекетте болған жер сілкінісіне байланысты тағы да көңіл айтты. ҚМДБ Төрағасы көңіл айту кітабына жазба қалдырып: «Түркия  – түбі бір туысқан ел. Біз байырғы баба-батыр түркінің кіндігінен тараған ұрпақпыз. Тіліміз жақын, тілегіміз бір. Бауырлас елдің басына келген қайғы – біздің де қайғымыз. Қазақ халқы жүрегімен сіздермен бірге. Алла Тағала табиғи апаттан қаза тапқан жандардың дәрежесін арттырып, жәннатын нәсіп еткей. Жарақат алған азаматтардың тезірек сауығып кетуін тілеймін» деді. Наурызбай қажы Тағанұлы осыдан кейін қаза тапқандардың рухына арнайы Құран бағыштап, қиналып жатқан тұрғындарға Алла Тағаладан жеңілдік сұрады. Өткен жұма күні еліміз бойынша барлық мешітте арнайы дұға жасалды.  

Алла Тағала Құран Кәрімнің «Муминун» сүресінде мұсылман адамның бес сипатын айрықша атап өтеді. Соның бірі – өзгеге қайырымдылық жасау. Бұл жөніндегі аятта «Олар – шын пейілімен зекет беріп, (мал-мүліктері мен жүректерін тазарту үшін) барын салатындар» делінген. Ал ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Нағыз мұсылман – маңайына пайдасы тиген адам» дейді.

Соңғы жаңалықтарға көз салсақ, әлемдік деңгейдегі спортшылар да қиналғанға қолдау білдіріп, қомақты қаражатын аударып жатыр. Олардың бәрі Ислам дінін ұстанбайды, бірақ мұсылмандардың өзі айтқанға оңай, іске келгенде қиналып қалатын сауапты амалды жасады.

Түркия мен Сирия жеріндегі тұрғындар табиғи апатпен сыналып жатса, өзге мұсылмандардың ниеті мен қайырымды амалы сыналу үстінде. Аспан да, жер де ортақ болғандай, қиындықты да бірге еңсеруге тиіспіз. Интернет әлемінде тараған бейнероликтердің бірінде жер сілкінісінен жапа шеккен сириялық тұрғынның жанайқайы өзін мұсылман санаған әрбір саналы адамның жүрегін елжіретпей қоймасы анық.

«Қайдасыңдар, қайырымды мұсылмандар?» деп жанұшыра көмек сұраған сириялық азаматтың үндеуі Алланы бір, дінін Ислам деп таныған әрбір мұсылманға дабыл болып естілуі тиіс. «Садақа бәлені қайтарады» деп хадистерде келгендей, мұндай нәубеттің біздің басымызға келуіне берген садақамыз, жасаған қайырымдылығымыз тосқауыл боларына сенеміз. Өйткені Алла Тағала қасиетті Құранның «Нахыл» сүресінің 97-аятында: «Ер немесе әйел болсын, кімде-кім иман келтірген бойда (Алланың разылығына бөлейтін) сауапты да ізгі амал істесе, Біз оған міндетті түрде жақсы өмір сыйлаймыз (ізгі тіршілікте жасатамыз). Әрі оларға дүниеде істеген игі істерінен де жақсырақ сыйлық береміз» деп уәде берген. Ал Құдай Тағаланың уәдесі – ең ұлы сөз. Оған ешкім де, ештеңе де кедергі бола алмайды.

Жаратқан Жаббар Иеміз еліміз бен жерімізге тыныштық, халқымызға бейбіт өмір, жер бетіндегі барша адамзат баласына, барлық тіршілік иесіне есендік бергей! Әмин!

  

Естай АЙТУҒАНҰЛЫ,

Қарағанды облысының бас имамы