Ақтөбе қалалық орталық мешіті
Мешіт ұжымы
Мешіт туралы
Ақтөбенің ең көрікті ғимараттарының бірі – Ақтөбе қалалық орталық мешіті. Ақтөбе қаласының шығыс бөлігінде орналасқан бұл ғибадатхана мәдени-тарихи ескерткіштердің бірі болып табылады. Тарихы 1901 жылы қалада 200 орындық мешіттің іргетасы қаланған кезден бастау алады. 1903 жылдың 27 маусымында пайдалануға берілген мешітте алғашқы намаз 1904 жылы оқылды. Кешеннің негізгі ғимаратымен қатар, имамдардың үйлері, мұсылмандарға арналған қонақ үй, медресе болды.
Аталмыш діни мекеме түрлі тарихи оқиғаларды басынан өткерді. Мәселен, 1929 жылы мешіт жабылып, имамдар қуғын-сүргінге ұшырады. Бұдан кейін 1934 жылы ғибадатхана алдымен баспаханаға, содан соң драма театрының қоймасына айналды. 1941-1945 ж.ж. Отан соғысы кезінде мешіт кешеніне кіретін ғимараттар құрылыс қажеттіліктеріне өткізілді. Мешіттің іргелес ғимараттары рентген аппараттары мен ауылшаруашылық техникаларын шығаратын зауыттар салу үшін бөлшектелді.
Дегенмен, 1991 жылы Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін, жергілікті биліктің бастамасымен және қала тұрғындарының өтінішімен ғимаратқа Ақтөбе қалалық мешіті дәрежесі қайтарылып, мешіт қайта ашылды. Ал 2012 жылы тарихи ғимаратты мұражай ретінде сақтау туралы шешім шығарылды. Сонымен қатар мешітті қайта жаңғыртып, қосымша нысандар салу жоспарланды. Екі жылға созылған құрылыс жұмыстарынан кейін, 2014 жылдың жазында жаңарған қалалық орталық мешіт жергілікті жамағатқа есігін айқара ашып, пайдалануға берілді. Құрылысқа қажетті қаражат Ақтөбе ұйымдары мен қала тұрғындарының садақасынан жиналып, барлығы 700 млн. теңге жұмсалды. Жоба авторы – Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің құрылысына қатысқан Татарстан сәулетшісі Айвар Саттаров. Қалалық орталық мешіттің салтанатты ашылуына Қазақстанның Бас мүфтиі Ержан Маямеров пен Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаров қатысты.
Бүгінгі таңда ғимараттың ішкі-сыртқы келбеті бұрынғы тарихи мешіттен мүлдем бөлек. Қазіргі заман талабына сай салынған ғибадат үйі әсем де көрікті ғимаратқа айналды. Мешіттің алтын жалатқан екі күмбезі мен екі биік мұнарасы алыстан «мен мұндалап», өткен-кеткен адамдарды өзіне шақырып тұрады. Мешіт кешеніне ерлер мен әйелдердің намазханалары, дәрісхана бөлмелері және асхана кіреді. Бұл мешітте бір мезгілде 5 000 адам қатар тұрып, намаз оқи алады. Ер адамдар мен әйелдер бөлек намаз оқиды. Ерлер мен әйелдердің сауат ашу курстарына арналған бөлмелер қажетті құрал-жабдықтармен, парталармен қамтамасыз етілген. Мешіттің төменгі бөлігінде асхана, таһарат бөлмелері орналасқан.
Қазіргі уақыттаАқтөбе қалалық орталық мешіті халыққа лайықты діни қызмет көрсетіп, жергілікті мұсылмандардың рухани орталығына айналып отыр. Алла Тағалаға құлшылық қылып, мұсылмандық парызын өтегісі келетін ақтөбеліктер мен қала қонақтарына мешіт есігі әрқашан ашық!